Шымкент қаласында құлағының мүкісі бар немесе мүлде естімейтін балаларға арналған интернат бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мұнда балалардың жан-жақты білім алып шығуына, сондай-ақ белгілі бір салада жетістікке жетуіне барлық жағдай жасалған. Осы мектеп-интернаттың директоры Айгүл Жамалбекова биік белестерді бағындырып жүрген оқушылары туралы мақтанышпен айтып берді.
— Сіздің кабинетіңізде оқушыларыңыздың түрлі медаль, кубок, марапаттарын көріп отырмын. Олар байқауларға жиі қатыса ма?
– Мектебіміздегі үйірмелердің де нәтижесі болып жатыр. Мысалы біздің оқушыларымыз Қазақстан бойынша шағын футболдан бірінші орында. Одан кейін балаларымыздың құлағы естімегенімен, жеңіл атлетикадан мықты. Қырғызстанға дейін жарысқа қатысып қайтты. Құдай бір жағынан қысқанмен, басқа жағынан нығметті үйіп-төгіп берген. Жүзу үйірмесінен де біздің шәкірттеріміз республика бойынша жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сосын біздің балалардың арасында сөйлей алмағанымен, ым-ишара әнін керемет орындайтындар бар. Нотаға эмоциясын қосып, қолымен айтып, бет әлпетінің эмоциясымен жеткізетін өнердің бір түрі. BI Group компаниясы 20 жылдан бері түрлі бағыттағы ерекше балаларға арналған «Жұлдызай» байқауын ұйымдастырып келеді. Біздің мектеп жалпы мектептер сияқты олимпиадаларға қатыса алмайды. Біздің олимпиадамыз – сол «Жұлдызай». Бұл байқауға шәкірттеріміз ерекше дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен қатысады. Қалалық, облыстық «Жұлдызай» байқауынан іріктелгендер Астананың үлкен сахнасында жұлдыздармен бірге ән айтады. Біздің балалар үшін емтихан – сол.
10 Ә сынып оқушысы Ғани Ташкенбай – «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивтік ойындарында шахматтан ІІ орын иегері. 9 А сынып оқушысы Арысланбек Нарзуллаев – «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивтік шағын фотбол ойындарының жеңімпазы. Қалбибі Усканова – «Жұлдызай-2025» Ұлттық инклюзивтік жеңіл атлетикадан ІІ орын иегері.
Бішкек қаласында өтетін Ұлттық Дельфий ойындары –халықаралық деңгейдегі конкурс. Бұл додада да біздің оқушыларымыз бағын сынауда. Бішкек қаласында өткен Ұлттық Дельфий комитетінің халықаралық мәдени жобасы «Арнайы хореография» номинациясы бойынша ІІІ орын Мафтуна Халназарованың қанжығасында. Жетекшісі – Райхан Сеңгірбаева. Павлодар қаласында өткен спорттың жүзу номинациясы бойынша 5 алтын медалін жеңіп алған «Жыл үздігі -2025» төсбелгі иегері 6 Б сынып оқушысы Самандар Кахраманов. Бұл шәкірттеріміз – біздің мақтаныштарымыз!
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент