Шымкент қаласында «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 мектеп-интернат» бар. Біз осы мектеп-интернат директоры Айгүл Жамалбековамен әңгімелескен кезде ол осы білім мекемесіндегі жөндеу жұмыстарына тоқталды.
— Бұл ғимаратта 56 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілген бе, әлде енді ғана қолға алып жатырсыздар ма?
— Мен 2022 жылы осы мектепке келгеніме дейін де ішінара күрделі жөндеулер болған. Мен туралы «Қазақстан халқына» қоры ашылып, қайырымдылық жұмыстарын қолға алған кезде келген екенмін. Дәл сол жылы мектеп-интернатымыздың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға қаржы қарастырды. Бір жыл бойы құжаттар ретке келтірілді. 2023 жылы бір жыл бойы күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. 2024 жылы кіріп, қайтадан жайғастық. Аллаға шүкір, барлығын заманауи үлгіде әдемілеп жасап берді. Төрт қабырғасынан басқасының барлығын жаңадан алып, жабдықтап берді. 1969 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимаратымыз жап-жаңа көйлек кигендей жарқырап сала берді.
Жергілікті бюджеттен бір миллиард екі жүз миллион теңгедей қаржы бөлінді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша тендерді астаналық фирма «Қазеврострой» ЖШС ұтты.
– Мектеп бір жыл бойы жөндеуден өтіп жатқанда оқушылардың сабағы қалай өтті?
– Ол кезде балалар қашықтықтан онлайн оқыды. Себебі біздің балалар ерекше балалар болғандықтан, оларды жалпы мектепке апарып орналастыру да үлкен қиындық туғызды. Дәл интернатымыздағы жағдайды жасай алатындай мекеме табылмады.
– Сіздерде нешінші сынып аралығындағы балалар оқиды?
– Бала мектеп-интернатқа қабылданғаннан кейін психологиялық-медициналық педагогикалық қорытындысы бойынша жеке түзету, дамыту бойынша мектеп-интернатының дефектолог, психологы жұмыс істейді. Балада дыбыстардың айтылуын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту пәнінде сурдопедагогтар әр баламен индивидуалды жұмыс істейді. Сонымен қатар, дефектолог-педагогтар, яғни пән мұғалімдері әр баланың есту қабілетінің дамуына және өзін толыққанды қоғамның мүшесі ретінде қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды. 10 сыныпқа дейін осында білім алады. Күннің екінші жартысында оқушыларымыз 12 түрлі үйірмеге қатысып (жүзу, шахмат, шашка, күрес, жеңіл атлетика, футбол, стол теннисі, көркем сурет, қолөнер, т.б ) шыңдалады. 10 сыныпты бітірген оқушылар Шымкент қаласындағы №4-ші және №5 арнайы кәсіптік колледждеріне оқуға түсіп ,ары қарай кәсіптік білім алып, программист, тігінші, т.б мамандық алып шығады.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент