Жас қазақ:Айдос Әміроллаұлы, Жер комиссиясының соңғы отырысында Ақмола облысындағы неміс кәсіпкері Роберт Шумахердің 67 шақырым жерді қазып тастағаны туралы ой қозғадыңыз. Түсінуімізше, бұл мәселемен қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрілігі айналысып жатыр. Осы аптада сол неміс кәсіпкерінің бір топ өкілі баспасөз мәслихатын өткізіп, не үшін ор қазғанын түсіндіріпті. Олардың айтуынша, жергілікті барымташылардан қорғану үшін осындай шара қолданыпты. Бұған қатысты Сіз не айтасыз?
Айдос Сарым:Біріншіден, бұл қазақ жері. Екіншіден, біздің бабамызда қазып тастау деген дәстүр болмаған. Жан-жақтан ор қаза беру экологияға да зиян. Өйткені жел тұрып, жауын жауса жер құнарлығы шайылып кетеді. Осы әрекетінен-ақ оның жерге деген қарым-қатынасын көріп отырмыз. Шын мәнінде жаны ашитын адам олай істемейді. Ертеңгі жағдайды ойлап отырған жоқ. Бүгінгі нәпақасын тауып қалса болды. Ұрпағымызға не қалады? Жердің өнімділігі сақтала ма деген сияқты мәселені ойлайтын адамға ұқсамайды.
Жас қазақ: Жергілікті тұрғынды барымташылар деп айыптап отыр.
Айдос Сарым: Жұртпен келісімге келіп жұмыс істеуге болады. Алматы облысында талай қалталы азаматты білеміз. Ор қазбай-ақ, керісінше жағдайын жасап, тіршілігін жүргізіп отыр. Елімізде қанша адамның жері бар. Олардың бәрі қазып тастаса, несі қалады. Шетелдік азамат осынша жерді қалай иеленді? Оның кезінде азғантай ғана жерге иелік еткен. Кейін бәрінің акциясын сатып алған деседі. Қорғалжын қорығының қасында екен. Ол жерде қызыл кітапқа енген түрлі құстар бар.Бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, прокурордың бас көмекшісімен сөйлестім. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Прокуратура 19 тамыз күні тергеу нәтижесін айтады. Мен хабарласып біліп, сіздерге де жауабын айтамын.
Жас қазақ: Роберт Шумахердің нақты қанша жері бар? Немен айналысатынын зерттедіңіздер ме?
Айдос Сарым: 28 мың гектар жері бар.Әкімдіктен құжатын алдырдық. Суреттері де бар. Құжатқа қарасаң, айналыспайтын шаруасы жоқ. Негізі шетелден инвестор келсе, тың идеямен, соңғы үлгідегі техникасымен келедідеді. Ал Шумахердің әдісі — ортағасырлық технология. Кезінде феодалдар жерін қоршап жататын. Бірақ Англия
сияқты алпауыт елдер мұндай әдістің қайда апаратыны кезінде бастан кешкен. Шумахер болашағын ойлау керек. Бала-шағасының, ұрпағының. Қараш-қараш оқиғасы қайталануы мүмкін. Ашыққан, зардап шеккен адам кез-келген қадамға баруы ықтимал. Комисси құрамында болған азаматтармен сөйлескенімізде олар да басында қиындық болғанын айтады. Шөбін отап, қорасын өртеп кетіп жатыпты. Бірақ кейін жергілікті тұрғындар нәпақасын бірлесіп жұмыс істегенде табатынын түсінген. Осылай ымыраға келіп, Шумахер де жұмыс істесе, ешкім оның шаруа қожалығына тиісе қоймас. Қазақтың киелі жеріне келіп, нәпақа тауып жүріп, неге халықты жау санайды? Неге ор қазады? Неге шынайы әріптестік жұмысқа кіріспейді? Жолын жөндеп берсін. Мектеп құрылысына атсалыссын. Қазіргідей көзқараспен алысқа бармайды. Кейбір жерлерде ор қазғанда зираттың үстінен өткен дейді. Бұл да жергілікті халықтың ызасын тудырады. Осыдан кейін жергілікті тұрғын оны жау санайды.
Жас қазақ: Комиссияның жұмысы аяқталды. Көңіл толды ма?
Айдос Сарым: Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан «Агрокешенсаясаты» деген комиссия құрылған болатын. Менің білуімше заңнаманы даярлауға қатысты жұмысты сол комиссия атқарады.Алайда басқа да кешенді жұмыстар бар еді. Соның барлығы Жер комиссиясымен келісіп отырып жасау керек еді. Оны шенеуніктерге тапсырып отыр. Осы жерде қателік жіберген сияқты. Негізі, жұмысымызға көңіліміз толды.
Жас қазақ: Кейбіреулер ұлтшылдардың үкіметпен бірлесе жұмыс істеуін сатқындыққа балап отыр. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
Айдос Сарым: Бүгінгі күнге дейін шенеуніктерде менмендік басым болды. «Біз жақсы білеміз, түсінеміз» деген сарында әңгіме айтатын. Осы комиссияның отырысы көп мәселенің бетін ашты. Бұл жерде ешкім ұтылған жоқ. Керісінше бірқатар ұсыныс айтылып, талай мәселенің түйіні шешілді. Ақмола облысының өзінен жерге қатысты қандай проблемалар көтерілді. Осындай жұмысты басқа да салада жүргізуге болатынына көзіміз жетті. Қоғаммен, үкіметпен жұмыс істеудің еш айыбы жоқ. Ал сатқындық мәселесіне келетін болсақ, әр адамның өз ойы, қиялы болады. Ұлтшылдардың арасында да әсіреоппозицияшылар бар. «Үкіметпен ешқашан, еш уақытта мәмілеге келуге болмайды. Бірігіп жұмыс істеу, мәмілеге келу қылмыс. Бұл үкіметті тек қирату керек. Сол кезде ғана мақсат орындалады»,- деп жүрген азаматтарға
мәселенің шешілген қажет емес. Шынына келгенде халықтың, қоғамның мәселесін шешу бәріміздің түпкілікті мақсатымыз. Комиссия жұмысы соның дәлелі. Бірлесіп жұмыс істегеніміздің арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Шетелдегі көптеген азаматтың қиялы орындалмады. «Берекесі қашады, әлсірейді» деп отырғандарға нақты жауап берілген сияқты. Қазақ ерекше ұлт екенін, қиын қыстау кезде бірігіп мәселе шеше алатынын дәлелдеді. Бірақ тағы бір апта жұмыс істеп, 50 бөлімнен тұратын құжат әзірлеп соған қол қойып кету керек еді. Ертең заңнама дайындағанда шикілік болмасы үшін. Менің ойымша шекарадан 50-60 шақырымға дейін жер жалға мүлдем берілмеу керек. Ертең үкімет 10-20 шақырым деп бекітсе, тағы әңгіме шығуы мүмкін. Осындай мәселе көп. Егер де соның бәрін бірден реттеп алса, алдағы уақытта мәселе туындамайды.
Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы
Фото: Time.kz