Айдар Сейдәзім: «Салалық журналистика ізденісті қажет етеді»

11 тамыз 2023, 14:43

 

Отандық журналистиканың өрістеуіне еліміздің әр аймағындағы  телеарналардың да қосар үлесі зор. 2018 жылы  жеке облыс болып құрылған Түркістан облысының тыныс-тіршілігін жергілікті  «Түркістан» телеарнасының ұжымы жан-жақты  жария етіп келеді.  Салалық журналистиканың өрісі кеңуіне де облыстық телеарнаның тигізіп келе жатқан септігі, демеуі орасан. «Түркістан» телеарнасында салалық журналистиканың дамуына серпін беретін бірнеше бағыттағы арнайы бағдарламалар көрерменнің  сұранысына ие. Соның бірі – «Агромекен» бағдарламасы. Аграрлық саланы қамтитын арнайы бағдарламаның редакторы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы  Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдәзіммен  сұхбатымыз салалық журналистканың  дамуы үдерісі жайында өрбіді.

– «Агромекен» бағдарламасын ашудағы мақсат қандай болды?

– Түркістан облысы — аграрлық аймақ.  Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені жалпы өңірлік өнімнің 20 пайызын құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері саналады. Облыста мал шаруашылығының дамуы республикада жетекші орында. Еліміз  бойынша ірі қара мал санының 13,  ұсақ малдың 24,  жылқының 11, түйенің 15 пайызы  және өндірілген еттің 12,  сүттің 12 пайызы біздің өңірдің үлесінде. Егін шаруашылығында да жетістіктер аз емес. Биылдың өзінде 900 мың гектарға жуық жерге түрлі дақылдар егілді. Соның ішінде 200 гектарға жуық жерге мақта егілсе, бақша дақылдары 4 мың гектарды құрайды. Бұл аз көрсеткіш емес. Түркістан облысы республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде алдынғы қатарда,  өндірілген мақтаның — 100, жүзімнің — 76, бақшаның –  64, жеміс-жидектің — 40,  мақсарының — 29, жүгерінің — 26, көкөністің – 25 пайызы біздің  облыстың үлесінде. Біз «Түркістан» телеарнасының басшылығы  облысымыздың осындай жетістіктерін  халыққа кеңінен насихаттауды мақсат еттік. Осы мақсатта осыдан екі жыл бұрын «Агромекен» хабарын ашуды жөн көрдік. Аптасына екі рет көрерменге жол таратын хабардың продюсері де, жүргізушісі де өзім. Кез келген ауданға үш күннен  жолсапарға шығып, сол өңірлердің агро саладағы жетістіктерін түсіруге тырысамыз, шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігін, проблемаларын, жетістіктерін қамтуға тырысамыз. Біздің облыста әр ауданның өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандары мақта өсіреді, Түлкібас алмасымен аты шыққан өңір, Төле би ауданы бидай, баубақша, Қазығұртта егін шаруашылығы дамыған. Хабарға берілген 20-30 минуттың ішінде осы аудандардың барлық әлеуетін қамтып, кәсіп иелерін халыққа танытуға, көрермендердың кәсіп ашуына ықпал етіп,  ой салуға  тырысамыз.

– Аграрлық сала еліміздің экономикалық әлеуетінің күретамыры. Осы тұрғыдан алғанда сіздердің бағдарлама  Түркістан облысының аграрлық саласын лайықты насихаттай алып жүр ме?

– Мейлінше лайықты насихаттап жүр деп айта аламыз. Тіпті біздің хабарымызға хабарласып, жаңа кәсіп ашуға ниетті адамдар, кейіпкерлеріміздің байланыс телефондарын сұрап жатады. Мәселен, Отырар ауданындағы түйеқұс шаруашылығы туралы хабарымызды көрген көрермендерден қызығушылық көп болды. Дәл осындай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Биогумус өндіретін, лимон, банан, гүл өсіріп жатқан шаруа қожалықтары туралы хабарларымыз да көрерменнің қызығушылығын арттыра түседі. Биыл біз «Ауыл — ел аманаты» пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысын да негізгі бағыт ретінде алып отырмыз. Жобаның халыққа тиімді тұстарын мейлінше ашық әрі түсінікті, ұғынықты түсіндірудеміз. Көптеген аудандарда қазірдің өзінде бір бірден хабар түсіріп, нсеиеге қол жеткізген шаруаларды насихаттап, өзгелерге үлгі, бағдар етіп жүрміз.

– Ауыл шаруашылығы саласына бейімделгісі келетін, осы тақырыпта қалам тартуға құштар жастардың қатары көп пе?

– Соңғы жылдары агро саласында кадр тапшылығы орын алуда. Оны жасыруға болмайды. Осы салада тер төгіп жүргендердің басым бөлігі — егде жастағы адамдар. Аудан, ауылдарда қарапайым механизатор, агроном, мал дәрігері секілді мамандар  жоқтың қасы.  Заманауи агртехникаларды  айдайтын ауыл жастары тым аз. Сол сияқты біздің журналистика салысында да агро салаға қызығушылық білдіретін жастар көп емес. Көбінде олар дикторлық пен жаңалық редакторы болуға ұмтылады. Жеңіл әрі оңай салаларға бейім келеді.  Ал агро хабарларды жүргізуге қызықпайды, тақырыпты ашуға ұмтылмайды.

– Бағдарлама редакторы өзіңіз болғандықтан сұрайын, ұжымдағы тілшілер осы өңірдің еңбекқор диқандарының бейнетін қалай насихаттап жүр? Өзекті  мәселелерді де көтере алып жүр ме?

– Біз түсіріп келген кез келген кейіпкер міндетті түрде алдымен жаңалыққа шығады. Одан СММ бөлімі бөліседі. Сюжет әлеуметтік желіге салынады. Кейін барып, «Агромекен» хабарында толық нұсқасы жарық көреді, яғни кез келген кейіпкер жан-жақты насихатталады. Тек мақтау ғана емес, шаруаның жанайқайы, проблемасы, түйінді түйткілдері толық тілге тиек етіледі.

– Журналист – басқарушы билік пен бұқара халықтың ортасындағы дәнекер алтын көпір. Осы ұстаным тұрғысынан алғанда  «Агромекен»  журналистері  шаруалардың мәселесінің оң шешілуіне  қаншалықты үлес қосуда?

– Біздің хабардың мақсаты – шаруа мен биліктің арасына алтын көпір орнату. Осы тұрғыда хабар өз жүгін қажетті деңгейде абыроймен көтеріп келеді. Біздің хабар арқылы проблемасы шешілген шаруалар аз емес. Тыңайтқыш, жанар-жағармай, субсидия, жеңілдетілген несие, ағын су ала алмай жүрген қаншама қожалықтың мәселесін көтеріп, жергілікті әкімдіктер тарапынан ол проблемалардың оңтайлы шешілуіне ықпал етеміз.

– Елімізде салалық журналистиканы дамыту үшін нені ескеріп, қандай шаруаны қола алу қажет деп санайсыз?

– Салалық журналистиика ізденісті талап етеді. Әрбір тілші, редактор бір салаға бейімделіп, күнделікті ізденсе, қай саланың болсын, жілігін шағып, май ішуіне болады. Өкінішке орай, қазіргі жас журналистер салалықтан гөрі, тақырыптық, танымдық бағдарламаларға қызығады. СММ, мобилограф, баспасөз хатшысы, пиар менеджерлік  секілді  жұмыстарға ұмтылады.

– «Агромекен» бағдарламасы алдағы уақытта қай қырынан түрленіп, толықтырылып, жаңартылады? Заман талабына сай  бағдарлама форматын жаңғырту ойда  бар ма?

– Алдағы уақытта имидждік ролик дайындалуда. Сондай-ақ жаңа форматта инфобаннерлерді қосу, монтаждық соңғы мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану, эфирлік декорация дайындап, сараптамалық негізде хабар дайындау жағына көшсек деп отырмыз…

– Айдар мырза, енді жеке шығармашылығыңызға қатысты, қазір өзіңіз не жазып жүрсіз?

— Мен журналистикадан бөлек, Түркістан облыстық Жазушылар одағының төрағасымын. Бұл менің қоғамдық жұмысым. Айлық алмасам да, жас ақындарға қолдау білдіру, кітаптарының шығуына ықпал ету, мүшәйралар өткізу ісімен де айналысып жүрміз. Алдағы уақытта 1,2 облыстық, республкалық мүшәйраларды өткізуді жоспарлаудамыз.

– Кейінгі толқыннан қандай үміт күтесіз? Жасыратыны жоқ, журналист мамандығын меңгерген жас кадрлар бірден жарқырап телеарнадан көрінуге ұмтылады. Осы көзқарасқа қандай пікір айтасыз?

– Қазір жазу-сызуы тәуір жастарға деген сұраныс көп. Көбісі газеттен гөрі телеарнаға жұмысқа орналасуға тырысады. Сюжет дайындауда сөздік қорлары тым жұтаң, жүдеу жастарымызды байқап қаламыз, осы ретте мен жас журналистердің жергілікті газеттерде жұмыс істегенін қалаған болар ем. Өйткені газетте журналист дұрыс әрі сауатты жазуды үйренеді. Газет — үлкен үйрену  мектебі.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

Бүгін, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
Бүгін, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады