Ағалардан көрген қамқорлық немесе 8 жылға созылған диссертация

23 қантар 2023, 15:23

Жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайдан алған «Адамдардан көрген жақсылығым көп» деген сұхбатымыз өткен жылы Jas qazaq газетінде жарияланған болатын. Биыл біз Мамытбек ағадан сол сұхбаттың жалғасы ретінде еліміздің ертеңіне алаңдаған тұлғалар туралы сұрап дидарласып қайттық. Жасы 84-ке шықса да қария компьютердің тілін біледі. Біз барғанда да жұмыс бөлмесінде ноутбугін ашып қойып, қауырт жұмыс үстінде отырды.

Әңгімеміз қоғам қайраткері, әдебиетші-ғалым, сыншы, аудармашы Темірғали Нұртазиннің азаматтық болмысы, пайым-парасаты, ініге көрсеткен ізеті, сонымен қатар кандидаттық диссертациясына жетекшілік еткен қазақтың айбоз ұлы, білгір ғалымы Бейсенбай Кенжебаевтың өнегелі өмірінің сәулелі сәттері жөнінде өрбіді.

Jas qazaq: Мамытбек аға, сізбен сұхбатымызды жалғастырсақ. Бүгін белгілі қоғам қайраткері, әдебиетші, сыншы Темірғали Нұртазиннің кісілік келбеті туралы айтамын дедіңіз. Құлағымыз сізде.

Мамытбек Қалдыбай: Иә, шынайы әкелік қамқор көңілмен қараған кісілердің бірі Темірғали Нұртазин аға еді. «Жетісу» газетінің мәдениет бөлімінде істеп жүргем. Таңертеңгі сағат он. Кереқарыс маңдайы жарқыраған, кең иықты, толық денелі, көрікті кісі бөлмеге кіріп келе жатты. Мен орнымнан тұрып сәлем беріп, қарсы алдым. Қарсымдағы орындыққа жайғасқан соң өзін таныстырып, «Ескертіш» деген әңгіме әкелгенін айтты.
– Аға, қалдырып кетіңіз, — дедім.
Ол кісі кетісімен әңгімесін оқып шықтым. Ұнады. Газеттің келесі сандарының бірінде жариялап, қаламақысын үй адересіне салып та жібердім.
Арада алты ай өткенде Темірғали аға тағы келді. Амандық-есендік біліскен соң:
– Қарағым, өткенде бір әңгіме қалдырып кеткен едім, Соның тағдыры не болды? – деді.
– Аға, ол әңгімеңізді жеделдетіп жариялап, қаламақысын үй адресіңізге салып та жебергенбіз.
– Солай ма? Рақмет, қарағым.
– Әңгімеңіз жарияланған газеттің бір данасын сақтап қойған едім, – деп шкафымнан іздеп тауып бердім. Ол кісі асықпай отырып, менімен әңгімелесті. Өлең жазатынымды білді. Батылданып:
– Мен ғылыммен айналыссам деуші едім, маған ғылыми жетекші боласыз ба? –  дедім.
– Қазақтың баласы ізденемін, оқимын, дамимын десе, мен қуанамын. Жетекші болуға келісем, – деді.
Біздің қарым-қатынасымыз осылай басталды.
– Сен ой еңбегі мен дене еңбегін алмастыра біл. Жұпыны киін. Паустовский жарқырап киінгенді жек көрген, – деді бірде. Бұлай дегені келешегіме көңіл бөліп, маған жаны ашығандығы-ау.

Jas qazaq: Жұпыны киініп жүр дегенінің мағынасы терең ғой.

Мамытбек Қалдыбайұлы: Ол кісінің өзі қарапайым киінетін. Адам деген ұлы үйленетін болды. Сондағы балаша қуанғанын көргенде әке қуанышының қандай болатынын біліп, марқұм өз әкемді еске алдым.
– Пәлен күні баламның үйлену құрметіне той берем. Сені шақырам. Келінді ертіп кел. Ол да үлкен ортаны көрсін, үлгі алсын. Ысырапты жек көрем. Тойды үйімде өткізем. Отыз шақты ғана адам болады», – деді Темірғали аға.


Ертең той. Айлығым – 90 сом. Төрт балам да жас. Жұбайым жұмыс істемейді, балаларға қарап үйде отыр. Ағаның тойына 50 сом апарсам ұят-ау деген ойда әрі-сәрі күй кешіп отырғанымда сыныптас досым, тіс дәрігер Мүсілім Дайырбеков келе қалды. Ол қиналған жағдайымды естіп:
– Сенің диссертация қорғауыңның тағдыры жетекшіңнің қолында. 50 сом апарғаның аз, 200 сом апар, – деді.
– Қарызға бере тұрмасаң, ондай ақша менде жоқ.
– Қарызға дегенің не? Менің қосқаным.
– Онда тойға екеуміз барамыз.
– Жарайды. Тойы қашан болады?
– Ертең күндізгі сағат бірде. Мүсілім екеуміз бардық. Есікті жеңгей ашты. Көк конвертті жеңгейдің қолына ұстаттым. Үлкен залда Сәбит Мұқанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Олжас Сүлейменов, мен танымайтын бурыл шашты тағы басқа кісілер жұбайларымен отыр. Топқа біз қосылдық.
Сағат бірден 15 минут өтті. Сәбең, Сәбит Мұқанов: «Әй, Темеке, тойыңды қашан бастайсың?» деді тықыршып. Темірғали аға ымдап мені көрші бөлмеге шақырды. Қасына барып едім:
– Қатты қиналып тұрмын. Асабам келмеді. Не істейміз? – деді.
– Аға, саспаңыз, менің досым асаба бола алады.
– Ой, айналайын, мені қуанттың ғой. Досыңның аты кім?
– Мүсілім.
Залға өтіп, орныма жайғастым. Темірғали аға ортаға жақындап:
– Мүсілім қарағым, мына дастарқанды сен басқар, – деді. Тосын ұсынысқа ол:
– Аға, әдебиетші емеспін, тіс дәрігерімін. Асаба бола алмаймын. Менің жағдайым, «көкірегім сайрап тұр, Құдай тілді байлап тұр» дегендей, –  деді бірден бас тартып.
– Міне, сен дайын асабасың, – деп Сәбең Мүсілімді тырп еткізбеді. Ол дастарқанды дөңгелетіп басқарды.
Арада апта өтті. Темірғали аға телефон соқты.
– Маған келе аласың ба?
– Жұмыс аяғында барсам қайтеді?
– Мейлі. Тек келмей қалма.
Сағат алтыдан кейін бардым.
– Әнеукүні келінді неге ертіп келмедің?
– Балаларым жас. Оларға қарайтын өзінен басқа ешкім жоқ.
– Түсіндім. Сенен өтініп сұраймын, маған тек шыныңды айт. Тойыма қанша сом ақша әкелдің?
– Ой, аға, оны айта алмаймын.
– Айтпасаң, мен ренжимін.
Ішкі дүнием мұздап сала берді. «Мына кісі дүниеқоңыз біреу екен ғой. Менің әкелгенімді азырқанғаны ма? Мұнысы несі?» деп өзін іштей жек көре бастадым, Көңілім суып, көзіме құбыжық елестегендей болды.
– Шыныңды айт, қарағым. Ол конвертті маған бермей, неге жеңгеңе бердің?
– Есікті сол кісі ашқан соң бердім.
– Жеңгең 200 сом әкелді дейді. Сол рас па?
– Рас, – дедім күмілжіп.
– Сенің айлығың 90 сом. Келін жұмыс істемейді екен. Маған 40 сом әкелгенің де жететін еді. Артық ақшаңды қайтып ал.
– Ой, аға, қайтып алмаймын. Тойгершілік қой.
– Менің айлығым 500 сом.
Темірғали аға көрші бөлмеге кетті де, іле-шала қайтып келді. Балам, мынау 160 сомыңды ал.
– Аға, мен ренжимін.
– Алмасаң, мен де ренжимін. Тәжікелесіп тұрғанымызда, жеңі шолақ көйлегімнің омырау қалтасына 160 сомды сүңгітті де жеберді.

Jas qazaq: Темірғали өте қасиетті адам екен. Дүниені жүрегіне жақын қабылдамайтын парасатты тұлғалар ғана осылай істей алса керек.

Мамытбек Қалдыбайұлы: Бұл оқиғаны жоғары лауазымды қызметтегі кісіге айтқанымда:
– Темекең «халық жауы» болып, тұрмыстың зардабын тартқаннан кейін өмірдің мәнін, тұрмыстың зардабын түсінген ғой. Шынымды айтайын, маған біреу ақша берсе, қайтармас едім, – деді.
Ойлана келе, Темірғали ағаның маған деген жанашырлығы тар қапасқа қамалып қорлық көргенінен емес, бала күнінен алған тәрбиесінен, тегінен деп білдім. Әйтпесе, тар қапасқа кімдер қамалмады.

Jas qazaq: Дұрыс айтасыз.

Мамытбек Қалдыбай: Менің кандидаттық диссертациямды қорғауға жіберуге болады деген қорытынды пікірін жазарда ауруханаға түсіп қалды. Ауруханадан жүдеп шыққанына қарамастан, пікірін жазуды қарастырды.
– Аға, асықпаңыз, тәуір болып, өзіңізге-өзіңіз келген соң да жазып үлгересіз.
– Ой, сен мені білмейді екенсің ғой, мен тез жазып тастаймын.
Темекең он күндей әуреленіп, орыс тілінде 9 бет пікір жазды. Ол архивімде сақтаулы тұр.
Аға телефон соғып үйіне шақырды. Жеңгей майға пісірілген бірнеше жүқа күлшені, шәйнек, кесені әкеп, алдыма қойды. Темекең төсегінен басын көтеріп, маған мейірі түскені сондай, екі қолын тірек етіп:
– Мына күлшені жеші, қарағым, мына күлшені,  дей берді.
Ертеңіне жұмысқа келгенім сол еді, телефон шырылдады. Ар жақтан жеңгейдің «ағаңнан айырылып қалдық» — деген қайғылы дауысы естіліп, төбемнен біреу мұздай суді төңкере салғандай болды. Кеше ол кісі менімен қоштасқан екен ғой. деп әкем жаңа өлгендей көз жасым омырауыма төгіліп, егілдім. Бастығымнан сұранып барып, жеңгейге қолқабыс тигізуге кірістім.
Сүйегі Ғылым академиясы үйінен шығарылды. Табыты басында жылап тұрдым. Қарама-қарсымда тағы бір жігіт жылап тұрды. Кейін білдім, ол Мұхтар Мағауин екен.
Ғылыми кеңес маған жетекші етіп профессор Бейсембай Кенжебаев ағаны бекітті.

Jas qazaq: Ол кісі қандай адам болды?

Мамытбек Қалдыбайұлы: Тамаша деген сөз Бейсекеңнің адамгершілігін дәл сипаттай алмайды. Қазақша ұғыммен айтсам, Темірғали ағадай Бейсекеңді де әулие кісі деуге лайықты. Менің «Жұлдыз» журналында очеркім жарияланды. Соны оқыса керек. «Қазақтың «екі кеменің құйрығын ұстаған адам суға кетеді» деген мақалы бар. Сенің «Жұлдыздағы» очеркіңді оқыдым. Жақсы жазылған, Тілімді алсаң, әр салаға қызыққаныңды қой. Ғылыммен айналысқың келсе, тек ғылыммен, жазушылықпен айналысқың келсе, тек жазушылықпен айналыс. Әйтпесе, күш-қуатын бөлініп, уақытың зая кетуі мүмкін, – деді.

Jas qazaq: Сізге жаны ашыған жақсы адам екен.

Мамытбек Қалдыбай: Кемпірі қайтыс болды. Кейде телефон соғып, «жалғыз серуендеуге қаймығамын, бір жерде құлап қалам ба деймін. Сен қасымда жүресің бе?» дейді. Мен құстай ұшып келем. Екеуміз Мұқан Төлебаев көшесімен ары-бері жүреміз. Бірде атақты жазушымыз қарсы ұшырасты. Ол кеудесін керіп, басын қақшита тік ұстап, Бейсекеңе сәлем бермей өте шықты. Мен қатты қорланып, ыңғайсызданып:
– Аға, ана кісінің жасы сіздің жасыңыздан әлдеқайда кіші. Неге сәлем бермеді? Әлде танымай ма? – деген едім:
– Ол шәкіртім ғой, – деді жайбарақат.
— Оның мұнысы қалай?! Мен бұлқан-талқан ашуландым.
– Әй, Мамытбек, сен ашуланба. Мұндай-мұндайға ашулана берсең, ауырып қаласың. Ол кімге керек. Сәлемі де, өзі де өзіне. Денсаулығыңды күт, – деп мен өзімді жабатты.

Jas qazaq: Ой, жарықтық-ай, әулие дегеніңіздей бар екен, өресінің биіктігі ғой бұл.

Мамытбек Қалдыбай: Енді қорғаймын деген күндердің бірінде Бейсекең бақилық болды. Жаңа ғылыми жетекшім: «Бұл тақырыптағы диссертацияң жарамсыз, басқа тақырыпқа жаз» деді. Сонымен жаңа тақырыпта жазған диссертациямды қорғау сегіз жылға созылған сергелдең басталды. Ең соңында академик Мұхаметжан Қаратаевтың ғылыми кеңесінен жұмысымды алып, академик Серік Қирабаевтың ғылыми кеңесіне келдім. Талқылау кезінде бір белсенділер тағы «жұмыс нашар» деген пікір айта бастағанда, ашуымның келгені сонша: «Қорғатпаймын десеңіздер, ашығын айтыңыздар», — дедім ашына сөйлеп. Сол кезде телефон соғылып, Серік аға әлдекіммен сөйлесе бастады. Оң қапталда отырған Нығмет Ғабдуллин аға «сабыр ет, ашуыңды бас» деді.

Серік аға телефон тұтқасын ұясына қондырған соң, менің диссертациямды қорғауға жіберілсін деді. Қорғауым да оңай болмады. Сұрақ деген жауып кетті. Зекең, Зейнолла Қабдолов аға «Біздің Мамытбек ауызекі сөйлегенде ойларын шашыратып алады, жазғанда алдына жан салмайтын су жорғаның өзі» дегенде, пікір айтушылар сап тиылды. Сегіз жыл азаптансам да, диссертациямды сәтті қорғап шыққаныма қуандым. Кімнің кім екенін қоян-қолтық араласқанда ғана білесің ғой. Өз басым Зейнолла Қабдолов, Нығмет Ғабдуллин Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев ағаларға, Мұхтар Мағаунге алғыс айтамын. Алдарына бара жүріп, ол кісілердің тарапынан көңілім қалар ерсі мінез байқамадым.

(Жалғасы бар)

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?