АЭС салуға қажеттілік бар ма?

12 сәуiр 2019, 17:03

Президент Қ.Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында Ресей тарапы елімізде АЭС салуды ұсынды. Терістіктегі көрші стансаны орыс технологиясымен салынғанын қалайды. Біздің үкімет бұл мәселеде асықпайтынын, халықтың пікірі ескерілетінін, әсіресе қандай технология қажеттігін өзіміз шешетінімізді мәлімдеді. Дегенмен, АЭС салу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осыған орай депутат пен ғалымның пікірін білдік.

Дамыған елдерді таңдайық

Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты:

АЭС салу мәселесі ұзақ жыл көлемінде болып жатқан әңгіме. Дамыған елдерге қарасақ, солардың көпшілігінде АЭС бар. Олар өткен ғасырдың 80-90 жылдарынан бастап сала бастады. ХХ ғасырда энергияның екі түрін ғана пайдаландық. Бірі – көмір, бірі – мұнай. Ал 90-жылдары әлемде электр энергиясын өндірудің баламалы жолы пайда болды: Жел, күн. Қазір көмір жағып, одан электр энергиясын алатындар жоқтың қасы. Көбі АЭС, су электр стансасы немесе басқа да баламалы көзге ауысқан. Еліміз тұрғындарының саны 18 миллион. Көмірдің де, газдың да қорына баймыз. Біз энергияны су электр стансасынан, жылу электр стансасынан аламыз. АЭС атымен жоқ. Бес жыл бұрын Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасында келісім болды. Ол бойынша Оңтүстік Корея Балқаш маңынан жылу электр стансасын салуы керек еді. Екібастұздың көмірін пайдаланатын болды. Бірақ экологиялық зардабы көп болатындықтан, халық шулап, Парламент депутаттарының біразы қарсы шықты. Сөйтіп, ол тоқтады. Алайда жылдан-жылға электр энергиясына сұраныс артып барады.
Еліміз уран қоры бойынша әлемде бірінші орында, өндіру бойынша екінші орында тұр. Бәріміз уранды қару жасауға ғана пайдаланады деп ойлаймыз. Алайда уранды бейбіт жағдайда да пайдалануға болады. Әлі күнге уранды шикізат түрінде сыртқа сатамыз. Бағасы да қымбат емес. Ендігі мәселе – осы шикізатты өңдеу, тауар ретінде сату күн тәртібінде тұр. Бірақ оған мемлекеттің мүмкіндігі жетпей отыр. Шынын айтқанда, қомақты қаржы керек. Сондықтан АЭС салу мәселесі көтеріліп отыр. Бізде уран бар. Оны келешекте көрші Қытайға, Өзбекстанға сатуымызға болады. Экономикалық жағынан тиімді. Бірақ экологиялық жағынан тиімсіз. Оны тиімді ету үшін біз АЭС-ын Ресейдің емес, ең дамыған елдердің технологиясымен салуымыз керек. Ресейдің технологиясын жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Жапонияда цунамидің кесірінен АЭС жарылып, экологияға көп мөлшерде зиян келді. Жапония соны ең озық технологиямен салған. Осындай жағдайлар бізді ойландыруы керек. Сондықтан АЭС-тің салынатын орнын айқындауымыз керек. Мысалы, Сарыарқа, Бетбақдала бар. АЭС салынатын жерде халық аз тұруы керек. Бұл – бір. Екіншіден, ең үздік технологиямен салған жөн. Осы екі нәрсе ескерілсе, онда қазақ жеріне атом стансасын салуға болады. Біз атом мен ураннан қорықпауымыз керек. БАҚ-та негізсіз, дәлелсіз ақпарат көп тарап кетті. Әлемдік өркениет көшінен қалмауды біреуі айтпайды. Ерте ме, кеш пе, бізде газ қымбаттайды. Газдың, мұнайдың қоры азаяды. Олар азайса, электр энергиясы қымбаттайды.
Иә, баламалы энергия көздері де пайдаланылып жатыр. Былтырғы ЭКСПО-2017 көрмесінің мақсаты да осы болатын. Бәрінен де қызығы, АЭС бүгін-ертең қолға алынатын нақты жоба емес. Алдағы он жылда да салынуы екіталай. Ол үшін миллиардтаған доллар қаржы қажет. Алдымен, зерттеу жүргізілуі тиіс. Сондықтан сабыр сақтайық.

Қуатты энергия

Жексен Тоқтарбай, ғалым-химик:

Қазір 31 мемлекетте АЭС бар. Осы арқылы энергия мәселесін шешіп отырған мемлекеттер жеткілікті. Мысалы, Францияның энергия қорының – 72, Украина – 55, Словакия – 54, Бельгия мен Венгрия 50 пайыз атом энергиясынан алады. АҚШ атом энергиясын ең көп өндіруші ел болып саналады.
Енді осы АЭС салудың тиімді тұстарына тоқталайық:
Біріншіден, энергия құны арзан болады. Негізгі отын – уран. Елімізде уран қоры жеткілікті. Шикізат арзан болса, энергия да арзанға түседі.
Екіншіден, атом энергиясы энергияны өте көп береді. Салыстырар болсақ, 1 кг көмір толық жанғанда 8 киловатт сағат энергия берсе, 1 кг мұнай толық жанғанда 12 киловатт сағат энергия береді. Ал 1 кг ураннан 24 000 000 киловатт сағат энергия бөлінеді. Демек, көмір және мұнай өніміне қарағанда, 2-3 миллион есе көп энергия береді.
Үшіншіден, қоршаған ортаны ластайтын газ аз бөлінеді. Егер 1 кг уран бөлетін энергияны көмірден алсақ, ауаға шамамен 10 000 тонна зиянды газ таралады. Бұл газ экологиядан тыс адамның тыныс жолын ауыр деңгейде зақымдайды. Зиянды жақтарына келсек:
Экологиялық әсері. АЭС-те энергия өндіруден қалатын қалдық өте радиоактивті болғандықтан, олар сыртқа тарап кетсе, одан орасан зор мөлшердегі радиоактивті сәуле таралады. Экологияға орасан зор зиянын тигізеді. Мәселен, адамдар үшін қатерлі ісіктің алуан түрін тудырады. Генетикалық мутацияға ұшыратады (құбыжық балалар өмірге келеді) т.б. Ал жануарлар осы сияқты дерттен жаппай қырылады.
АЭС құрылысы қымбат. Мысалы, Жапонияның әйгілі Hitachi компаниясы Ұлыбританияға АЭС салып бермек болған. Құрылысы 2020 жылы басталатын екі атом реакторының құнын 17 миллиард долларға бағалапты. Бұл BBC-дің дерегі.
Ресей АЭС салып бермекші? Ресейдің сынақ ретінде ең алғашқы АЭС-і Қазақстанда, Ақтауда Каспий теңізінің жағасына салынған BN-350 реакторы болатын. Бұл реактор 1964 жылдан бастап 1993 жылға дейін жұмыс жасаған. Бұл реакторды Каспий теңізінің суын тұшытуға пайдаланылды. Қазір Ресейде РБМК-1000 және РБМК-1500 деген ректорлар қолданыста бар. Мәселен, 1986 жылы жарылып кеткені РБМК-1000 болатын. Бізге де осы аталған реакторлардың бірін салып беретіні сөзсіз. Егер бізде АЭС салынатын болып шешілсе, техникалық жағын және сапасын қатаң бақылауда ұстау керек. Сосын, олар жаңадан сала ма, әлде өздері қолданбай тұрған ескі реакторларының біреуін әкеле сала ма? Сол жағын да тексеру керек деп ойлаймын.
Қорытындыласақ, АЭС бізге шынымен де қажет пе? Бізде соншалықты энергия тапшылығы бар ма? Миллиардтаған доллар жұмсалған жоба өзін ақтай ма? Ертең толық қуатында жұмыс істей ме? Ірі индустриалды ел болмағандықтан, сонша көп энергия қажет пе? Қытай және АҚШ сияқты үлкен индустриалды елдер өздерінің энергиялық қажетін қанағаттандыру үшін АЭС-ті көптеп салып жатыр. Ал Германия бастаған Батыс елдері өздерінің қолданыстағы АЭС-ін зиянды жақтарынан алаңдап, жауып жатыр.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?