
Бұл аптаның басында «Росатом» компаниясы елімізде салынатын атом электр стансасының инженерлік-геологиялық зерттеудің алдағы жылдың басында аяқталатынын хабарлады. Содан кейін нысан құрылысының ақтық жобасы әзірленеді. Осы арада айта кеткен жөн, байқауда оңтайлы ұсынысын ортаға қойған ресейлік компания АЭС құрылысымен айналысатын халықаралық консорциумының жетекшісі боп танылды.
Елімізде атом электр стансасын салу жөніндегі тарихи әрі батыл шешім 2024 жылы күзде өткен бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде қабылданды. 2025 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын дайындауды тапсырды. Президент бұл ретте АЭС салынатын мекен мен қазіргі заманғы қауіпсіз технологияны таңдауда терең зерттеу мен салмақты сараптау қажеттігін атап өтті.
Алматы облысындағы Үлкен ауылында АЭС тұрғызылатын аумақтың сейсмикалық, гидрологиялық және табиғат ерекшелігін жан-жақты сипаттауға бағытталған осы жұмыс 18 айға есептелген. Сол арқылы болашақ стансаның нақты орны мен бітім-болмысы ғана емес, тұтас жобаның қауіпсіздігі, сенімділігі және экономикалық тиімділігі айқындалады. Өз жерінде ядролық реактор орнатуды көздеген кез келген елдің осы факторларға айрықша мән беретіні белгілі. Содан болар, Үкімет те Халықаралық атом энергиясы агенттігі (IAEA) мақұлдаған, халықаралық талапқа сай келетін технологияны таңдады. Нақтырақ айтсақ, III+ буынға жататын замануи ВВЭР -1200 болашақ стансаның өзегін құрайды. Мұндай реакторлар Ресей, Қытай, Беларусь, Түркия, Мысыр және Бангладеште салынған немесе құрылысы жүріп жатқан стансаларда қолданылуда. Оларды пайдалану мерзімі — 60 жыл. Қажет жағдайда тағы 20 жылға созуға болады.
Көпшіліктің таңдауымен «Балқаш атом электр станциясы» деген атауды иемденген алып қуат көзіне тартылатын инвестия көлемі 14-15 млрд долларды құрайды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қосымша 1 млрд доллар әлеуметтік нысандар мен замануи инфрақұрылым салуға жұмсалады. Сондай-ақ, 2032 жылға қарай станса құрылысында еңбек ететіндер саны 10 мыңға жетеді. Ал 2036 жылға қарай нысан пайдалануға берілген кезде 2 мың маманға тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаның тағы бір тиімді тұсы – Қазақ елінде әлемдік талапқа сай ядролық ғылым өркендеп, осы салада отандық инженерлер мектебі пайда болады. Өткен жылғы тамыз айында Ұлкен ауылында АЭС құрылысы бойынша жұмыстың басталуы рәсіміне «МИФИ» (Мәскеу инженерлік физика институты) Ұлттық ядролық зерттеу университеті Алматы филиалының студенттері де қатысты. Әлемдегі озық техникалық жоғары білім ордаларының бөлімшелерін ашу Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асып жатқанын айтқан абзал. Осылайша, АЭС салу сияқты аса күрделі жобаны іске асыру оған қажетті бірегей мамандық иелерін дайындау ісімен қатар қолға алынып жатыр.
Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік энергетика нарығында аса ірі экспорт жасайтын елге айналуы тиіс. Осы мақсатқа жету үшін елімізде үш атом электр стансасы салынып, толыққанды ядролық кластер қалыптасуы қажет. Президент өткен жылы Үкімет алдына осындай міндет қойды. Сонымен қатар, екінші атом электр станасының орнын белгілеуді тапсырды. Осы саламен тікелей айналысатын арнайы мемлекеттік орган (Атом энергиясы жөніндегі агенттік) құрылды. Биылғы ақпан айында Үкімет екінші АЭС-ті Алматы облысындағы сол Жамбыл ауданында салуды көздейтін қаулы қабылдады.
Екі стансаның орны ретінде оңтүстіктің таңдалуы бекер емес. Өйткені электр энергиясын көбіне солтүстіктен (Екібастұз ГРЭС) алатын бұл өңірде қуат көзі тапшы. Оның үстіне тасымал шығыны да біршама. Сондықтан халық саны барған сайын көбейіп, жаңа өндіріс ошақтары ашылып жатқан күнгейдегі аймақтарды арзан қуат көзімен қамтамасыз ету экономикалық тұрғыдан да тиімді. Оның үстіне ядролық реакторға қажетті отынды беретін шикізат – уран өндіретін кеніштер де осы атырапта.
Отандық АЭС төңірегіндегі әңгімеміздің тақырыбына аз-кем тоқталсақ. Күні кеше Еуроодақ атом энергиясынан бас тартып, стратегиялық қателікке ұрынғанын мойындады. Еуропа келешегі күмәнді энергиясын алға тартып, өзгелерді өзінен үлгі алуға шақырған болатын. Ал Қазақстан басшылығы мұндай өміршең мәселеде жаңсақ қадамға, популистік шешімге бой алдырмай, энергетикалық тәуелсіздікке жету үшін тарихи таңдау жасады.
Срайыл Смайыл
Сурет: informburo.kz