Отырар (Фараб) ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, топ жарғаны – Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз», «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл Фараби (870-950). Оның толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ Әл Фараби. Әл Фарабидің өз аты Әбу Насыр Мұхаммед, әкесінің ныспысы да Мұхаммед, бабасының есімі Тархан, арғы атасы – Узлағ.
Ғұлама қайда оқыды?
Әл Фараби алғашқы білімді Отырар медреселерінің бірінде алған. Өйткені, көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мауараннаһрда балаларды түрлі қолөнері мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған. Ол кезде мұсылман дүниесінің ғылыми мәдени орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Әбу Насырды ата-анасы Таяу және Орта Шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ Әбу Насыр Бағдадқа бармас бұрын жолай Шаш пен Самарқан, Бұхара шаһарларына соғып, білімін молықтырған. Әйтсе де, Әбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежірелері ештеңе айтпайды. Кейін ол жолай Иран еліндегі Нишапур, Рей, Исфаһан, Хамадан қалаларына келеді. Иран халқының мәдениетімен танысады. Содан соң әрі қарай Бағдадқа аттанады.
Әбу Насырдың Бағдадқа баруының өзіндік себептері бар-тын. Ал Әл Фараби өмір сүрген кезде ұзаққа созылған соғыстан кейін Орталық Азия арабтардың қол астына бағынып, халифат құрамына енгізілген болатын. Араб халифатының үлкен мәдени орталығы Бағдад еді. Басып алынған жерлердің қазынасы да осында әкелінген. Тигр мен Евфрат алқабындағы Бағдад, әсіресе, Басра мен Харран жаңадан пайда болған араб тілді мәдениеттің, жаратылыстану және қоғамдық-фәлсафалық ғылымның орталығы болғандықтан, ғылыммен әуестенгендер халифаттың түкпір-түкпірінен осында ағылып жатқан. Білімін молықтыру үшін Әл Фараби де Бағдадқа аттанған.
Ол логика, әуез (музыка), астрономия және басқа ғылымдар бойынша көптеген еңбек жазған. Ибн Халликан өз еңбегінің бір жерінде жерлесіміз жайлы: «Ол – аса ірі мұсылман фәлсафашыларының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ. Әбу Әли ибн Сина да (980–1037) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткенін еске алады», – деген.
Әл Фараби жиһанкездікті ұнатқан. Арада біраз жылдар салып, Бағдадтан Шамға келеді, бірақ мұнда ұзақ аялдамастан, Мысырға сапар шегеді. Мысырға келуі онда 935–946 жылдар арасында патшалық құрған Мұхаммед ибн Тұғұж әл-Ихшидтің кезімен тұспа-тұс болады. Мұхаммед ибн Тұғұж әл Ихшид Әл Фараби сияқты түркілердің әскери отбасынан шыққан. 935 жылы ол Мысыр басқағы (әміршісі) боп тағайындалған. Халифа ар Радидан (934–940 жылы патшалық құрған) ихшид атағын алады. Араб шежірелерінде бұл атақтың мәні айқындалмаған, бірақ Мұхаммед ибн Тұғұждың ата-бабасы мекендеген Орталық Азияда ол құрметті лауазым болған.
Мысырда патшалық құрған кезде ол Әл Фарабиді жерлесі ретінде қонаққа шақырса керек. Бірақ бабамыздың Мысырда қанша уақыт болғаны жайлы араб деректері ештеңе айтпайды. Ол өздігінен оқып жетілген ғалым. Ол ең алдымен грек ғылымын, оның фәлсафасын, әсіресе Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халликанның айтуына қарағанда, Әбу Насыр Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шыққан. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын игерген.
Атақты тарихшы оның қарапайым, аса қанағатшыл, жұпыны ғана киініп, той-думан, ырду-дырдудан бойын барынша аулақ ұстағандығын жазған. Күндіз ол көбінесе қаладағы бақта күзетшілік қызмет атқарып, тапқан ақысына сатып алған шырақ жарығымен түні бойы кітап оқумен шұғылданған.
Әл Фарабидің фәлсафалық еңбектерінің басым көпшілігі грек ғылымдарының, әсіресе Аристотельдің «Категория», «Бірінші және екінші Аналитика» сияқты шығармаларына түсіндірмелер жазуға арналған. Сондай-ақ өзі де «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» сияқты т.б. көптеген трактат туындатқан. Бұл еңбектерінде ол дүние, қоғам, мемлекет және адамдардың өзара қарым-қатынасы туралы өз заманы үшін соны ой-пікір айтқан. Орта ғасырлардың өзінде-ақ Әбу Насыр қанаусыз, зорлықсыз бақытты қоғам орнату жөнінде батыл болжам жасаған. Мұндай қоғамның тууын ол мемлекет басшысының ақылы, білімі, адамгершілігімен байланыстырған.
Әбу Насыр Әл Фараби ғылымының фәлсафа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеу жүргізген, математика саласында үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы кесек-кесек еңбек қалдырған, физика ғылымын да тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған.
Әл Фараби өмірінің соңғы жылдарын Шамның Халаб қаласында өткізді. Осы жердің әміршісі Сайф ад Дауланың (915–967) сарайында күн кешкен. Бірақ ұзақ тұрмаған.
Ибн Халликан шежіресінде Әбу Насырдың Халабқа алғаш келген кездегі Сайф ад Дауламен танысуы жайлы қызықты деректер келтірілген. Мысырдан қайтып оралған бетінде Әл Фараби Сайф ад Даула өзінің нөкерлерімен мәжіліс құрып отырған үстіне кіріп келгенде, Сайф ад Даула оған «Отыр!» деп әмір етеді. Әл Фараби: «Қай жерге отырайын, сіз отырған жерге ме, жоқ, әлде өзім тұрған жерге ме?» – дейді. Сонда Сайф ад Даула: «Өзіңе қай жер лайық деп тапсаң, сол жерге отыр», – дейді. Әл Фараби Сайф ад Дауланың қасына келіп, оны ығыстырыңқырап қасына жайғасады. Әміршінің өзі және бірнеше нөкері ғана білетін құпия сарай тілімен оларға: «Мен мына кісіге қазір бірер сұрақ қоямын, егер ол лайықты жауап бере алмаса, жазалаңдар», – дейді. Сонда Әл Фараби іле-шала Сайф ад Дауланың өзі жаңа ғана сөйлеген құпия тілмен: «О, әміршім, сәл сабыр ет. Әр істің артын баққан жөн болар!» – деген кезде, ол қайран қалып: «Апырай, сіз бұл тілді қайдан білесіз?» – дейді. Сонда Әл Фараби: «Иә, мен жетпіске жуық тіл білемін», – деген екен. Бұдан кейін Әл Фараби Сайф ад Дауламен оның сарайындағы әнші, ақын, ғалымдармен өнер жөнінде сұхбаттасады.
Әбу Насыр Әл Фараби 950 жылы қайтыс болған. «Фараби қазасы туралы екі дерек бар, – дейді М. Хайруллаев, – біріншісінде ғалымдар оны Шамда қайтыс болған десе, екіншісінде Әбу Насыр қасына бірнеше адам ертіп, Асқалан қаласына бара жатқанда, жол торыған қарақшылардың қолынан қаза тапқан. Сайф ад Даула қарақшыларды тауып, дарға асқан».
Зерттеу кезек күтеді
Әбу Насырдың «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі. Көрнекті неміс шығыстанушысы Морис Штейншнейдер де (1816–1907) бұл жайлы өз еңбегінде атап көрсеткен. Ағылшын арабисі Д.С.Марголиус те (1858–1940) «Екінші ұстаздың аталмыш трактатты жазғанын айта келіп, оның жоғалып кеткеніне қатты қынжылған. 1970 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхананың Азия және Африка бөлімінде Италияның «Ориэнто модерно» (қазіргі Шығыс) атты журналын қарап отырып, одан арабист Артур Дж Арберридің (1905-1969) 1936 жылы Үндістанға барған сапарында осы елдің ұлттық кітапханасынан Әл Фарабидің «Өлең туралы трактатының» табылғанын хабарлағанын оқыған едім. Ол кісі трактат көшірмесінің XVІІ ғасырға жататынын, сөйтіп, оның әлі күнге дейін Үнді ұлттық кітапханасында сақтаулы екендігін айтқан.
Әл Фараби шығармаларының басым көпшілігі әлі де араб тілінен аударылмай, зерттелмей жатыр. Астрономия, логика, әуез жайлы еңбектері де күні бүгінге дейін терең зерттеле қойған жоқ. Ал кездейсоқ қолға алған зерттеушілер болса, оларды тек шет пұшпақтан ғана қарап жүр. Әбу Насырдың көптеген туындылары дүниежүзі кітапханаларында сақтаулы, бізге беймағлұм күйде. Демек, оларды іздестіру, жарыққа шығару, сөйтіп халықтың игілігіне айналдыру – зор міндет.
Дүние жүзінің көптеген ғалымдары Әбу Насырдың өмірі мен шығармаларын орта ғасырларда-ақ зерттей бастаған. Міне, ол бүгінге дейін жалғастырылып келеді. Осы ретте араб және парсы тілдерінде жазған Ан Надим (X ғ.), әл Байһақи (X ғ.), Джамал ад дин әл Қифти (XІІІ ғ.), Хаджи Халифа (1657 ж. қ. б.) және тағы басқалардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
XІХ ғасырдың орта тұсынан бастап Әл Фарабидің өмірі мен шығармашылығы көптеген Еуропа ғалымдарының назарын ерекше аудара бастады. Оның ілімімен жақсы таныс болған, одан көп үйренген Маймонид, Роджер Бэкон, Леонардо да Винчи, Спиноза тағы басқа көптеген Батыс Еуропа ғалымдары Отырар перзентінің өмірі мен еңбектерін арнайы зерттеген. Мәселен, өткен ғасырда неміс ғалымдары И.Г.Л.Козегартен мен Г.Зутер Әл Фараби жөнінде арнайы еңбектер жазған. Немістің екінші бір көрнекті ғалымы Фридрих Дитерици 1888–1904 жылдардың өзінде-ақ «Әл Фарабидің философиялық трактаттары» деп аталатын жинақты жарыққа шығарған. Оған ғұламаның бірсыпыра философиялық шығармаларының арабша мәтіні мен олардың неміс тіліне аударылған нұсқалары енген.
Неміс ғалымы Карл Брокельман, америка ғалымы Дж Сартон, түрік ғалымдары А.Сайылы мен Х.Үлкен фарабитану ғылымымен шұғылданған. 1950 жылы Түркия жұртшылығы Әбу Насыр Әл Фарабидің қайтыс болғанына 1000 толуын үлкен салтанатпен атап өтті. Түрік ғалымдары Әл Фараби мұрасының едәуір бөлігінің арабша мәтіндерін түрікше, ағылшынша аудармасымен қоса жариялаған.
Солай бола тұрса да, Батыс еуропалық немесе америкалық ғалым, Мұзафар Хайруллаев (1930-2004) атап көрсеткендей, – жазба жәдігерліктердің аздығынан кейбір өмірбаяндық деректерді жүйелегені болмаса, Фарабидің ғылыми өмір жолын түзе алмады. Соңғы жылдары жиған-тергенін Египетте (Мысырда), Сирияда, Иранда жариялаған жекелеген авторлар ғалымынң ғылыми өмірбаянын жазуға қаншама тырысқанымен ерте кездегі мұсылман шежірелерінде айтылған белгілі жайттармен шектелді.
Әбу Насыр Әл Фараби сияқты ірі тұлғаның өмірі жайында жаңадан табылған жазба деректер де жоқтың қасы. Мұны осы күнгі араб, парсы, түрік ғалымдары Әбу Насырдың ешкіммен араласпай, өмір бақи жападан-жалғыз өмір сүргенімен байланыстырады. Сондықтан да біз үшін ұлы ғұламаның тұстасы болмағанымен, одан екі-үш ғасыр кейін ғұмыр кешкен Захир ад дин Әбу-л Хасан әл Байһаки, Шамс ад дин Әбу-л Аббас Ахмед Ибн Халликан, Ибн Әби Усайбиға секілді бас-аяғы үш-төрт шежірешілердің ұлы ғұлама жөнінде жазып қалдырғандары таптырмас қазына.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Әл Фараби мұрасын жан-жақты зерттеу бізде де қолға алынды. Мәселен, Мәскеу мен Алматының һәм Ташкенттің ғалымдары Әл Фараби еңбектерін орыс, қазақ, өзбек тілдеріне аудару жұмыстарын қолға алды. Фәлсафалық, математикалық, саяси-әлеуметтік, логикалық және поэзиялық еңбектері орыс, қазақ, өзбек тілдерінде жарық көрді
Өткен ғасырдың 60-жылдардың соңынан бастап елімізде Әбу Насыр Әл Фараби мұрасын жинау, аудару мен бастыру, зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. Ә.Марғұлан, А.Машанов, О.Жәутіков, А.Қасымжанов, А.Көбесов, Қ.Жарықбаев және тағы басқалардың бастамасымен 1968 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы жанынан Фарабитану тобы құрылды. Оны кезінде А.Х.Қасымжанов, Ә.Нысанбаев, М.Бурабаев басқарды. Олардың жетекшілігімен Әбу Насырдың ғылыми мұрасын табу, тәржімалау, жарыққа шығару, зерттеу секілді біраз игілікті істер атқарылды. Докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ғылыми конференциялар өткізілді.
1991 жылы Кеңес Одағы күйреді. Еліміз Тәуелсіздік алды. Республикамыздың жоғары оқу орындарының көшбасшысы Ұлттық университетімізге Әл Фараби аты берілді. Көп ұзамай онда Әл Фарабидің өмірі мен мұрасын зерттейтін ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Оны кезінде А.Қасымжанов және Ә.Дербісәлиев, А.Қасымжанова, Ж. Әлтаев басқарды.
Ұлы ойшылдың туғанына 1130 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция оның туған жері Отырарда да ұйымдастырылды. Материалдары «Ғұлама. Ойшыл. Ұстаз. Әл Фарабидің туғанына 1130 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары» деген атпен кітап боп шықты.
2004 жылы түрік ғалымы профессор, доктор, проф. Йашар Айдынұлының Анкарада шыққан «Farabi» атты еңбегі елімізге жетсе, 2005 жылы «Әлемдік философиялық мұра» сериясымен «Әл Фараби мен Ибн Сина философиясы» атты ұжымдық жинақ жарияланды.
Оңтүстік Қазақстан әкімдігі 2007 жылы Әбу Насыр Әл Фарабидің шығармашылық мұрасы мен ғылыми еңбектерін насихаттау және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге арналған «Әлем таныған Отырар азаматы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Сөйтіп, елімізде және өзге де мемлекеттерде де Әл Фараби мұрасына деген қызығушылық бәсеңсіген емес.
2006 жылы еліміздің бір топ ғалымдары менің жетекшілігіммен Әл Фараби ғұмыр кешкен Сирияға сапар шегіп, ортағасырлық тарихшы Ибн Халликан жазғандай, Дамаскідегі «Баб ас-сағир» қабырстанындағы Отырардың ұлы ғалымының зиратында болып, оған туған жер топырағын салды.
2019 жылы ЮНЕСКО Қазақстанның ұсынысын қолдап, дала кемеңгерінің 1150 жылдығын ресми түрде атап өтуге шешім шығарды. Елімізде Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев басқарған арнайы комиссия құрылды.
Араб шежірешілері және Әл Фараби
Әл Фарабиден кейін ғұмыр кешкен араб жылнамашы-тарихшыларының Отырар перзенті жайлы естеліктері зерттеушілер үшін аса бағалы қазына. Араб тілінде жазылған бұл дүниелердің алғашқы авторлары Х ғасырда күн кешсе, яғни Әбу Насырмен тұстас болса, басқалары XІІ–XІІІ ғасырларда өмір сүрген. Солардың бірі – Захир ад дин Әбу-л Хасан әл-Байһақи (1099–1170). Оның «Татиммай сувану-л хикма» – («Даналық сөздерге толықтырма») деген еңбегінің көшірмелері қолжазба күйінде Теһран, Ташкент, Бомбей, Хайдарабад, Лондон кітапханаларында сақталып келеді. Оның кейбір үзінділері ағылшын тіліне аударылып, 60-жылдардың басында Индияда жарық көрді.
Әл Байһақи өз еңбегінде мұсылман Шығысынан шыққан озық ойлы фәлсафашылар, дәрігерлер, астрономдар, олардың өмірбаяны мен еңбектері туралы әңгімелейді, қызықты деректер келтіреді. Әл Байһақи кітабында Әл Фараби жайлы да тарау бар. Онда Әбу Насыр өмірінің түрлі кезеңдерін суреттеумен бірге ғалымның шығармашылығына да тоқтатылады. Әл Байһақидің шығыс тарихшылары ішінде Әл Фарабиден екі ғасыр ғана кейін ғұмыр кешкендіктен де, оның жазбаларын зерттеушілер құнды шығармалар қатарына жатқызады. Бірақ, өкінішке қарай, әл Байһақидің аталған шығармасы әлі күнге дейін қолымызға түспей келеді.
XІІІ ғасырдың ортасында өмір сүрген келесі бір араб тарихшысы Джамал ад дин әл Қифти (1167–1248) Әл Фараби өміріне байланысты тың деректер келтіре отырып, Әбу Насырдің ғылыми еңбектеріне ерекше баға беріп, ғылымға қосқан үлесін айқындаған. Ұлы ойшылдың тұстастары мен шәкірттері жайлы бұрын ұшыраспаған тарихи әңгімелерді келтіреді. Сондай-ақ Әл Фарабидің 72 трактатын атайды.
Тарихшы Ибн Халликан «Уафайат әл-ағйан уа анба абна аз-заман» – («Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар») атты еңбегінде исламға дейін және кейін өмір сүрген әдебиетшілер, ақындар, тарихшылар, халифалар, әкімдердің өмірі жайлы қызықты деректер айтады. Ол Әл Фарабидің Фараб (Отырар) шаһарында туылғанын, түркі текті екенін айта келіп, жерлесіміздің өмірі жайлы құнды мағлұматтар береді. Бұл еңбек осынысымен де қызық, осынысымен де қымбат.
Бірақ Әл Фараби жайлы күллі араб тарихшыларының ішінен ғалым, мәшһүр дәрігер Ибн Әби Усайбиғаның (1203–1270) «Уйуну-л анба фи-т табақату-л атибба» – («Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі») атты дәрігерлер хақында баяндайтын библиографиялық еңбегі үлкен орын алады. Бұл жылнама бірнеше мәрте Каирде, Бейрутта жарық көрді.
Ибн Әби Усайбиға еңбегінің тағы бір құндылығы өз жылнамасында ол ұлы ұстаздың бір жүз бес трактатының атын атайды. Осы күнге дейін ғалымдар Шығыс Аристотелінің қанша еңбек жазғанын, олардың нақты аттарын дәл басып айта алмайтынын ескерсек, Ибн Әби Усайбиға естелігінің жаңалығын да, құндылығын да осыдан-ақ біле беруге болар. Оның бұл еңбегі көпке дейін қолымызға түспей келді. Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы кітапханаларынан сарсыла іздеп таппағанбыз. Тек 1975–1976 оқу жылдары Марокко араб мемлекетінің астанасы Рабат шаһарындағы Мұхаммед V атындағы университетте оқып жүріп, кітапханадан көшірмесін алдық.
Отырар перзентінің өмірбаянына байланысты жоғарыда аталған араб тарихшыларының жазбаларын қазақ тіліне тәржімалауымыздың себебі кезінде, әсіресе, Батыс Еуропа елдерінде Әл Фараби туралы зерттеулердің көпшілігі осы Захир ад дин Әбу-л Хасан әл Байһақи, Джамал ад дин әл Қифти, Ибн Халликан, Ибн Әби Усайбиға жазбаларына көп сүйенген. Сондықтан олардың Әл Фарабидің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілерге тигізер пайдасы зор. Сондықтан да Джамал ад дин әл Қифтидің «Фарабтан шыққан фәлсафашы», Ибн Әби Усайбиғаның «Шамнан шыққан мәшһүр дәрігерлер», ибн Халликанның «Философ Әл Фараби» атты естеліктерімен тарихи құжат ретінде оқушыларымызға ықшамдай таныстырайын.
Тарих және тағдыр
Бүгіндері өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құралдарынан «біз көшпелі болдық» дегенді жиі естиміз. Көшпелі болдық дегенді жұрт «түгі жоқ, мәдениеттен жұрдай» деп түсінеді. Егер олай болса Тараздың екі мың, Түркістанның 1500 жылдығын қалай тойладық?! Қазақ жерінен табылып жатқан жәдігерліктер, рухани, мәдени жазба мұраларды көршілес кейбір жұрттар өздерінікі санап, ие болып жатқандары содан емес пе? Әбу Насыр Әл Фараби де күні-бүгінге дейін түрлі елдердің ғалымы саналып жүрді. Бүйтіп өзіміздікінен күмәндана, күдіктене берсек, барымыздан айырылып қалмаймыз ба?!!
Отырар өркениетінің дәуірлеу кезінде өмipгe келген Әбу Насыр Әл Фарабидің туған Отаны Қазақстанда ұлы ойшылдың мұраларын жинастыру, зерттеу жұмыстары (Э.Кольманның «Большевик Казахстана» журналының 1942 жылғы 24-санында жарияланған «Великое наследие» атты зерттеу еңбегін айтпағанда) нeгізінен ғалым А.Машанов пен Қазақ ССР Fылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының директоры Н.Ахмедованың 1960 жылғы 15 қарашада Қазақ КСР Ғылымдар академиясының президенті Қ.Сәтбаевқа Фараби мұраларын ғылыми іздестіру, жинастыру, көшірмелеу, аудару, зерттеу жұмыстарына байланысты көмек сұрап Әбу Насыр Әл Фарабидің еңбектерінің бірқатарын мен де әлемдік кітапхана, архивтерден, музейлерден жекеленген мұрағаттарынан алып, ғылыми айналымға енгіздім.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін шыққан еңбектерде тәжіктер Әбу Насырды Тәжікстанда, өзбектер Өзбекстанда туған деп келді. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қана Әбу Насыр Әл Фараби қазақ жеріндегі Отырарда (Фарабта) туған, түркі тайпасынан шыққан ғалым деп жазыла бастады. Бұл ретте Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры, КСРО ҒА академигі, тарихшы, ғалым Б.Ғафуров (1908-1977): «Әл Фарабиді қазақ етіп көрсетуге тырысу да жасанды әрекет болады. Ол заманда ұлт болып бірігу процесі аяқталудан әлі, тіпті алыс еді. Сол сияқты оны өзбек деп кесіп айту да әділеттілік бола қояр ма екен? Фактілер негізіне сүйене отырып, Әл Фараби кейін қазақ халқының құрамына қосылған түркі тайпасынан шыққан…, дей аламыз» деді.
Қорытынды: Әбу Насыр тек түркі халқы, оның ішінде қазақ жұрты ғана емес, бүкіл ислам өркениетінің, қала берді бүкіл дүние жүзінің мақтанышы, бүкіл адамзатқа ортақ ірі тұлға. Ал енді кемеңгердің қазақ жерінде туылғандығы біз үшін үлкен мақтаныш.
Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры