Әбдезұлының әдеби әлемі

06 маусым 2023, 18:05

Ғұлама Әл-Фараби данамыздың атындағы киелі қарашаңырақтың үшінші қабатынан түсіп келе жатқан маған алыстан сырбаз да сырлы, бірақ жәй жанға жайлы әуезді, ыңылдаған әдемі, үн естілді. Таныс үнге еліккен таңданысымды бұрыла бере, қарсы алдымда бетпе-бет кездескен ұстазым –Қансейіт Әбдезұлының жарқылдаған, ақжарқын күлкісі бөлді. Ой, ыңылдаған әуен…Ағайымның мерейтой қарсаңындағы ішкі толғанысына медеу болған әннің бала кезімде құлағыма жаттап қалынған мақамы сол күндерді еске салды..Құдіретті өнердің уақыт пен кеңістікті місе тұтпай адам жанының қалтарыстарын ашумен келе жатқанына қайран қаласыз. Ойым сан-саққа жүгірді. Қарсы алдымда мейірімді жүзінен жылылық есетін жанның ішкі әлемі мен оның өмірдегі өнер туралы жазған дүниелері астасып жатты…

Өнердің құдіреті адамзатты әлі күнге дейін биіктерге жетелеп келеді. Тылсымы мен тарихы терең қасиетті құбылыстың тереңінде қаншама сыр жатыр десеңізші…Сол сырдың құпиясын өзінің ішкі әлеміндегі көрінбейтін тылсым күштермен қабаттаса сезініп, түйсінгенін ғылыми және сыни тұрғыда саралап келе жатқанын ғалым, сыншы — Қансейіт Әбдезұлының зерттеулерінен көреміз. Болмысында өнерге деген құштарлықтың өзі жазушы Т.Әлімқұлов шығармашылығына жақындаттырғаны да тегін емес. Өнердің өзі әдемілік, эстетикалық күші бар құдіретті әрекет десек оның өзі, шамасы, ағзаның қандай да бір соған бейім тұрған жұмбақтарын сыртқа шығаруға септігі тие ме деп қаласыз… Ғалым ең алдымен жазушы Т.Әлімқұлов шығармашылығындағы осындай өзгеріске әкелетін оқиғаларды тереңінен қазбалап, мәні мен мағынасын ашып көрсетті. Өйткені, өнерді талдау, айту- ішкі түйсіктің сезімталдығын қажет ететінін ғалымның әрбір пікірі дәлелдейді.

Жазушының өнерді суреттеудегі психологиялық шеберлігіне бірнеше рет тоқталған ғылыми тұжырымды пікірлері, өнер эстетикасы мен жазушының шығармашылық психологиясынан хабардар береді. Сыншы, ғалымның жазушы Т.Әлімқұлов шығармашылығындағы өнерді бағалауда қалт жібермейтін қағидаларға барады: «Жазушы күй сарынын, күй мазмұнын баяндай отырып, сол саздың, сол күй сарынының тыңдаушыларына әсерін, сол күй сазын тыңдап, қабылдаушылардың жай-күйін өз баяндауының екінші бір арнасы ретінде алға тартады»-дей отырып өнерді зерттеудегі біржақтылыққа бой алдырмайды. Яғни шығарма авторының психологиясын тек шығармалары арқылы ғана емес, оқырманның сол шығармаларды қалай қабылдағаны да қызықтырады. Біз бұл немесе басқа шығарманы неге ұнатқанымызды ешқашан білмейміз және түсінбейміз. Оның әрекетін түсіндіру үшін біз ойлағанның бәрі-бұл кейінгі қабылдау, бейсаналық әрекеттерден туған айқын құбылыстар. Міне, ғалым қазіргі кезде соңғы әдістің зерттелуі өзекті болып отырғандығынан хабардар береді. Бұл жерде ғалымның сыншылық міндеті атойлап алға шығады. Өйткені сыншы ретінде ол көркем шығарманы оқырманға түсіндіріп отыруды мақсат етпейді, керісінше оқырманды көркем шығарманы қабылдауға дайындауды басшылыққа алады. Демек, кейінгі оқырман Т.Әлімқұлов шығармаларын сыншы Қ.Әбдезұлының сын-зерттеулері негізінде қабылдауға, саралауға икемделді десек те болады. Бұл жерде өнертанушы ретінде жазушы мен сыншының қызметі қосарланып кеткендей. Сыншы да және өнертанушы адамы да жанына байыз таппай, тоқынысыны серпін мен бағыт іздеген кезде сол әрекетке ықпал етуші ретінде ғана қалатын сияқты. Өмір мен өнердің ортақ құндылықтары шынайы кезеңдегі өмірлік әлеуметтік байланысты танытып жатады. Сондай тұста сын біздің саналы күштерімізге қарқын беріп сол өнермен берілген импульстерге ықпал етеді. Көркем шығарманы қабылдау біркелкі болмайтыны, ол әртүрлі әсер ететінін және мүлдем басқа нәтижелер мен салдарға әкелуі мүмкін екенін белгілі.

Осы тұста сыншының эстетикалық та, қоғамдық та , көсемсөздік те қызметтері айқын білінеді. «Т.Әлімқұлов өнер табиғатының, өнер болмыс-бітімінің ішіне ішкі сырына көбірек ден қоятынын аңғарамыз. Күйдің, саздың әуеннің ішкі мазмұнына оның тарау-тарауларына, орындалу немесе домбыра, қобыз, сыбызғы, сырнай тіліне түсу сырына қаламгер көбірек үңіледі» деп ішкі сырдың бір адамға тән қасиет екенінен хабардар етеді. Шыңдығында сезім бастапқыда жеке тұлғаның не жекелік қызмет атқарса, ары қарай ол өнер туындысы арқылы көпшілікке айналады немесе жалпыланады емес пе. Жазушы шығармалары да өзінің өшпес ғұмырын осы қасиетімен жалғастырып келе жатқанын ғалым Әбдезұлы дәлелдеді.
Өнер Ішкі әлемімізге эстетикалық сипат қана емес жаңа көңіл-күй құбылыстарына жетелейтіні анық. Ал барлық эстетиканың негізінде психология жатады десек қателеспейміз. Мұны ғалым Қ.Әбдезұлы өзін нысанаға алған жазушы шығармаларын «Қазақ прозасындағы психологизмнің, оның ішінде әсіресе өнер, күйшілік өнер тақырыбын арқау еткен туындыларда бой көрсеткен, сол арқылы суреткерлік, шеберлік, қаламгерлік мәнер, бейнелі тіл, композициялық тартымдылық арналарында жаңа көркемдік үлгілерге жол ашқан туындылардың мәні мен маңызы осы тұрғыдан бағаланғаны орынды» деген пікірімен айғақтайды.

Қ.Әбдезұлы сыншы ретінде жазушы Т.Әлімқұлов шығармаларында кездесетін эмоциялар мен көңіл-күй, ашу, ыза, қайғы, аяушылық, реніш, мейірімділік, қорқыныш және т. б.,толқуларына – көңіл бұлқынысын білдіре отырып, әрбір шығармашылық адамына өзіндік эмоциялар тән екенін сездіреді. Демек, өнерді танудағы әрбір ішкі сырдың жекелігі ғана емес оның әсер ету құдіреті, психологиясы терең болғандықтан оның өміршеңдігі анық екенін ұқтырады. Өнердің әу бастағы міндеттерінің бірі тәлімдік қызметіне, маңызына мән береді. Жазушы шығармаларына ортақ болып саналатын ойдың қызметі оның өнерді тудырушы ретінде бағалануы ғалымның ұтқырлығы десек болады. Өнер шығармашылық кезінде де, оны қабылдау үстінде де адамға белгілі бір әсерінен туындайтын толқулардың ғалым Қ.Әбдезұлының ішкі жан толғанысы да кездейсоқ құбылыстарды басынан кешкенін сезгендейсіз.

Шығармадағы өнердің құдіретін танытудағы ішкі жан-сезім иірімдері, ерекше эмоциясы көркемдік өрнектің қажетіне айналып, өнердің эстетикалық ләззатын арттырады. Бұл ғалымның зерттеп отырған жұмысының ғылыми зерттеу нәтижесіндегі рахатына айналған. Көркем шығарманы қабылдайтын кез-келген адам үшін басқа біреудің шығармашылығын түсіну және оны таразылап, сын елегінен өткізуден туған нәтиже шығармашылық адамын рахатқа бөлейтіні рас. Сол себепті адам ақыл-ойдың шағылысып оның шоғырына айналатын негізгі психикалық сәттерден туатын эмоциялар тың көріністерді ғана емес тың қылық, әрекеттерді де тудыратыны белгілі. Мәселен «Домбыраны саусақ сөйлетпейді, көңіл сөйлетеді.

Тәттімбеттің саусақтары өзімшіл көңілдің әмірін екі етпей орындады. Күйшінің ерні жыбырлап, іштегі үндер дүмпу атып жатты» деген көріністің жалғастығында бейнеден идеяға дейін және идеядан эмоцияға дейінгі аралықты сыншы-ғалым мүдірмей тауып, жалғастығын, сабақтастығын дөп басады. Шығармада кездесетін көзге ұрынатын сыртқы эмоциядан басқа, шиеленіскен ойлардың жетегінде тұтанған монологтардағы эмоциялардың жаңа бір форма құратындай көріністеріне де бей-жай қарамайды. «Сүгірдің жан-дүниесін астан-кестең еткен бұл жағдай із-түзсіз кетпейді. Құлынның енесін іздеп шырқыраған даусын, қас-қағым сәтте құлынынан айырылған ене биенің сағынышы мен шерін жүрек сыздадатын күйге сыйғызған Сүгір таланты тайға таңба басқандай танылды. Осының барлағын қаламгер тамылжыған тілмен, терең сезім толқындарымен тербеп отырып суреттейді. Қызыл құлын бауыздалар сәттегі суретті жан-жүрегің елжіремей, бауыр етің егілмей оқу қиын».

Осылайша, жазушының туындысын өз жаны арқылы қарастыратын бұл сын ол үшін жазушының туындысы уақыт пен кеңістіктен тыс өмір сүргізіп оның мәңгілікке қатынасын айқындайды. Бұл жерде сыншы, ғалым шығарманы қабылдау арқылы белгілі бір дәрежеде оны бірнеше жүректерге жеткізді. Оқырман сезімі мен рухани әлемінің байлығы оның өмір сүруінің кепілі бола бермек. Өйткені сыншы-оқырманның міндеті, ең алдымен, біреудің жаратылысын өз жанымен қабылдау және көбейту. Оқырман-сыншының алдындағы зерттеп отырған тақырыбына деген көзқарасының негізгі дәлелі осы (ол оны қайта жасайды; ол оның жаңа авторы сияқты; ол оның ішкі толқыныстарына шейін сезінеді). Егер, бір жағынан, сыншы зерттелетін жұмыс саласында ешнәрсемен (өнер) байланысты болмаса – автордың көзқарасы да, басқа сыншылардың пікірлері де- ұтымды шықпас еді. Әбдезұлының сыни көзқарастарына баға берген ғалымдардың көбі («Мейірім». Ой-толғамдар,зерттеулер.

Қаз.университеті.-2013жыл) сыншының пікірін шығармамен толық байланысты қарастырады. Егер оның жеке көзқарасы, пікірі (әсері) нақты, шынайы түрде бағаланбаса, онда оны қабылдаушы оқырманның да өзегінен тепкендей болар еді. Сондықтан ғалым барлық уақытта да жазушының болмысын тануға, оны бір минутқа да естен шығармай, онымен бірдей өнерді оқырманға түсіндіруден тайған жоқ. Ғалымның түбегейлі жасаған талдаулары осы шығармалардың шынайы түсіндірмесі болды десек артық айтпаймыз. Демек жазушыны сыншымен табыстырған өмірбаяен емес, ең дұрысы, оларды байланыстырған шығарманың авторлық мәтіні дер едік. Ғалым Қ.Әбдезұлы сыншыларда қолданатын өзінен бұрын болған барлық нәрсені міндетті түрде «теріске шығарумен» айналыспай, қай саралауда болмасын өзінің тұжырымды талдауларын жасаумен келеді. Көркем шығарманы (кез – келген құбылыс сияқты) әр түрлі жағынан зерттеуге болады; ол сансыз және шексіз түсіндірулерге, көптеген әртүрлі тәсілдерге мүмкіндік береді, ондағы ойлар мен идеялардың сарқылмас байлығы олардың өшпес маңыздылығының кепілі болып табылады. Қ.Әбдезұлының сынындағы тарихи, әлеуметтік, философиялық, эстетикалық талдаулар бір-бірін толықтырып, зерттеушіге мәселені әр қырынан зерделеуге мүмкіндік берген. Мұның өзі ғалымның зерттеудегі өзіндік қолтаңбасын айқындаған. Көркем шығарманың көмегімен және соның әсерінен туындайтын кез-келген әсерлер өзіміздің қалауымызды орындағанмен, мақсатымызға жеткенмен тең. Бұл көркем шығарманың салдары, қорытындысы, оның негізгі әрекеті нәтижесінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Кез-келген көркем шығарма ғылыми дәлелдердің, негіздердің барысында жаңа бір танымдық нәтижелерге жетелейді. Сыншының әрекеті мен қабілеттілігі мен қарымы осы тұста көрінбек.

Қ.Әбдезұлының сыншылық қабілеті де тарихи дәлдік пен көсемсөздік шеберліктің ұштасқан бірлігінде жатыр. Ғалым-сыншы үшін кез-келген тақырып, кез келген өнер құбылысының өзіндік философиясы, мәні бар. Шығармадағы тарихи дәлдік пен әлеуметтік қоғамдық жағдайлар бір қарағанда, ол өндірістік қатынастардың өзгеруіне байланысты әлеуметтік идеологияның тұрақты өзгергіштік теориясына сәйкес келмейтін сияқты. Бұл шығарманың формасы бірдей болып қалғанына қарамастан, сол өнер туындысының психологиялық әсерінің қалай және неге өзгеретінін анық көрсететін сияқты. Мұның бәрі автордың шығармаға енгізген мазмұны емес, оқырман өзіне әкелетін нәрсе болғандықтан, бұл көркем шығарманың мазмұны тәуелді және өзгермелі шама, әлеуметтік адамның психикасына тәуелді және өзгермелі екенін танытады. Жазушының еңбегі оны құру кезінде ойлаған мазмұнның әр түрлі формаларға итермелейтін қозғаушы күшінде шығар. Ғалым-сыншы сол қозғаушы күштерді саяси, адамгершілік, адалдық, мейірімділік қабаттасқан әрекеттерден табады. Шығармалардағы психологиялық көріністерде кейіпкерлердің нақты ойлауына мән береді. Барлық мәселе не айтылғанда, не ойластырылғанда емес, қалай айтылғанда, қалай ойластырылғанда, белгілі мазмұн қалай ұсынылады деген сұрақтарға жауап іздейді. Осылайша, өнер тек ақыл-ойдың жұмысын, талап ететінін, қалғанының бәрі өнерді танытудағы қосалқы, жанама құбылыс ретінде таниды. Демек, өнердің түп негізіне ойдың қатынасын, оның қозғаушы күшін жоққа шығармайды. Сонда өнер адамы жаратылысындағы, болмысындағы ерекше дарындылық қасиет, жоғары интеллектік қабілеттер сол ойдың қосалқы көмекшісіне айналмақ. Бұл бір жағынан әлі де біржақты қарауға келмейтін ұғым тудыра ма деп қаласыз. Өйткені, тек ойды өнерді тудырушы қозғаушы күшке айналдырсақ, онда жалаң ой, оның эмоциялылығы, психологиялық әсері әлсіремей ме…Көркемдік әсерінен айырылып қалмай ма деген басқа бір ой қылтыңдайды…

Міне, өнерді танытуда ғалым-сыншы, ұстазымыз Қансейіт Әбдезұлының өзіндік ұстанымдары мен айқын пікірлері өз құндылығын жойған жоқ. Өнердің болашақтағы маңызын жоққа шығармайды. Бүгінгі күнгі өнерге деген көзқарас оның эстетикалық негіздерімен ерекшеленеді. Ал, болашақ бізге не береді. Өнердің болашақтағы маңызы қандай болмақ. Болашақтың белгісіз өмірі қандай формада болатынын болжау қиын, ал болашақ өмірде өнер қандай орын алатынын айту одан да қиын. Бір ғана нәрсе анық: шындықтан туындайтыны және оған бағытталған өнер өмірді қабылдайтын негізгі күшке айнала бермек.

Сәуле Баймырзақызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

филология ғылымдарының докторы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?