Абайлаңдар, мас шопыр!

12 маусым 2020, 12:40

Алматы. Әпкем екеуміз Шанырақ ықшамауданынан қалаға қарай такси ұстап тұрғанбыз. Қол көтергеніміз сол еді, қасымыздан құстай ұшып бара жатқан көршіміз көлігін шиқылдатып барып, кілт тоқтады. Қайда баратынымызды сұрамастан:

– Отырыңдар. Ташкенскийге дейін ала кетейін, – деді мойнын бұрмастан. «Ташкенский» деп отырғаны – қазіргі Райымбек даңғылы. Жұрттың жады жақсы-ау деймін, ескі атын әлі ұмытпай жүр.

– Ал кеттік, – деп біз де көлікке секірдік.
Біз отырған сәттен бастап әлгі көршіміз жылдамдықты асырып, бірнеше рет алдында кетіп бара жатқан көлікті соғып кете жаздады. Әпкем екеуміз жанымызды шүберекке түйіп, бүрістік те қалдық. Көршіміздің мас екенін сонда ғана байқадық.

– Неге ішіп алып рульге отырасыз? Полицияға ұсталсаңыз, қиын болады ғой, – дедім бір жағы жаным ашып, бір жағы мына жүрісінен қорқып.

– Ой, қарындасым, қорықпай-ақ қой! Правам да жоқ. Үш жылға «лишениеге» кеткен. Ұсталып жатсам, «бір звонок». Таныстарымның бәрі ГАИ-де істейді, – деп тарқ-тарқ күлді.
Бағдаршамға жетіппіз. Тоқтап тұрған сәтті пайдаланып біз де түсіп қалдық. Көршіміз көлігін жын ұрғандай айдады да алысқа ұзай берді. Біраз күн өткеннен кейін әлгі ағамыздың өзі де, көлігі де көрінбей қалды. Сөйтсек, мас күйінде ұсталып, мәшинесі айып тұрағына қойылыпты. Өзін токсикологиялық аурухана жатқызыпты. «Бір звонок» таныстары да көмектесе алмаған-ау.
Жақында араласып жүрген достарымыздың бірінің туған күні болып, кафеде бас қостық. Көңілді отырыстың көркін қыздырғысы келгендер ақ қайнары бар, басқасы бар ішімдіктің түр-түрінен дәм татты. Дастархан басында отырған бір танысымыздың келіншегі де, өзі де вискиден бас тартпады.

– Көлік тізгіні кімде? – деген сұрағымызға, әйелі:

– Қайтарда көлікті мен жүргіземін, вискиге кола араластырсаң, исі шықпайды, – деп бәрімізге ақыл үйретіп отыр.

– Рас па? – деді отырғандар. Кейбіреулері шынымен сынап көргісі келгендей ойланып қалды. Біз үндемей, ішімізден сан түрлі ойдың жетегінде кеттік. Өйткені мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына түскен жаңалықты жиі естиміз. Өз өмірімен бірге өзге жанның амандығына қауіп төндіретін мұндай оқиға қаншама?

Шынында да, қоғамда қызу пікірталас тудыратын өзекті мәселенің бірі – мас күйінде көлік жүргізу. Биыл 1 қаңтардан бастап заң күшейтілген. Президент заң бұзушыларды түрмеге отырғызып, айыппұл салып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру керек деген болатын. Осыған орай, мас күйінде көлік тізгініне отырған жүргізушілерге қатысты тың деректерді ақтарып көрдік. Сөйтсек, заң күшейтілгеніне жарты жылға жуық уақыт өтсе де, «жұтып алып» рөлге отыратындардың саны азаймапты.

Мас күйінде көлік жүргізетіндер туралы тың ақпаратты Polisia.kz. сайтынан да көзіміз шалып қалды. Енді сол ақпараттарға тоқталып кетейік.

4 маусым күні Chevrolet Cruze көлігін мас күйінде тізгіндеген петропавлдық тұрғын ұсталды. Сабазың сол күні жаңа көлігін достарына жуып, дүкенге шарап алуға келген екен. Оның рульге отырысы, машина жүргізгені жол-патруль қызметкерлеріне күдікті көрінген. Бірден құрықтаған. Енді ол су жаңа көлігінің қызығын көре алмайды. Себебі сот әлгі азаматты 15 тәулікке қамап, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы шешім шығарды. Айыпты азамат бұған дейін ұзақ рейстерге жүретін жүк көлігін тізгіндеген. Енді ол да жоқ. Басқа жұмыс іздеуіне тура келеді.
Көлікті мас күйінде жүргізетіндердің арасында ер адамдардан бөлек, нәзік жандылар да көп. Сондай бір оқиға осыдан бір ай бұрын Түркістан қаласында орын алды. «Түркістан облысының тұрғыны мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды», – деп жазды Polisia.kz. Төле би аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік полиция инспекторлары карантинге байланысты Леңгір қаласында орналасқан блок-бекетте BMW автокөлігін тоқтатады. Көлік тізгіндеген қыз полиция қызметкерлерінен жолдың қоршауын алып тастауды талап етеді. Құжаттарды тексеру кезінде, полиция қызметкерлері жүргізушінің мас екенін байқайды. Тәртіп сақшылары оның көліктен шығуын сұрайды. Алайда бойжеткен заңды талапқа бағынбай, дөрекі қылыққа басады. Полицейлер жүргізушіні ұстап, Түркістан облыстық наркологиялық диспансерге жеткізеді. Ақырында ащы суды ішкені расталды. Сөйтіп, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 111 120 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Былтыр Алматы облысында полицейлер жол талғамайтын көлікті айдап әкеткен 41 жастағы әйелді ізін суытпай ұстаған болатын. Оқиға Қарасай ауданында болды. 30 жастағы алматылық Қосөзен кентінде «Тойота Сюрф» автокөлігін белгісіз біреудің ұрлап әкеткенін айтып, шағым түсіреді. Полицейлер жол талғамайтын көлікті бірден тапты. Оны ішімдік ішкен әйел тізгіндепті.
41 жастағы Талғар ауданының тұрғыны «көлік ұрлады» деген күдікке ілінген. Ол қонаққа келіп, көшеге шыққан соң тұрақта тұрған жол талғамайтын көлікті байқап қалған. Көліктің есігі ашық және от алып тұрған. Әйел мас күйінде рульге отырып, Алматыға жол тартыпты. Полицейлер 30 минуттың ішінде ұрыны ұстады. Өткен жылы алматылық 27 жастағы қыз рульде ұйықтап кетіп, бір адамды жазым еткені де есімізде. Кейін оның көлікті мас күйінде жүргізгені анықталды. 4 жылға бас бостандығынан да, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан да айырылған еді. Jas qazaq газеті жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған азаматтар туралы деректі Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиевтен сұраған болатын. Ол бірден сұрағымызға жауап беріп, биылғы жылдың 5 айының көрсеткішін ұсынды.
Биыл 5 айдың ішінде Алматыда 359 жүргізуші мас күйде көлік жүргізгені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Айта берсең, мұндай оқиға көп. Заң күшейсе де, заңға бағынғысы келмейтіндер көбейе түскендей. Оларды тоқтату үшін, бәлкім, басқа бір жолын табу керек шығар?

Мақпал Ноғайбаева

Тақырыпқа орай

Ерлан Тұрғымбаев,
ішкі істер министрі:

«Еліміздегі жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізуші тәртібінің төмендігі. Жыл сайын жолда 2,5 мың адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам жарақат алады. Бұл жылдамдықты арттыру, қауіпті қозғалыс және т.б. Қоғамда жеткілікті дәрежеде көлік жүргізу мәдениеті қалыптаспай отыр».

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген