Қаңғыған ит қауіпті

22 сәуiр 2016, 14:47

– Депутаттың баласын ит талап тастапты, – деген әпкем өңі бозарып, үйге кірген бетте терезе тұсындағы креслоға сылқ ете қалды. – Сол маңда біздің Ләззат пен Қасымымыз да қыдырып жүрген екен, олар әйтеуір қашып құтылыпты. Маңайдағы бөтен аулаға кіріп үлгерген екен.
Жұмыстан енді келіп отырған мен де, әпкемнің үлкен ұлы Арман да өре түрегелдік. Өйткені, Ләззат – әпкемнің жалғыз келіні. Қасым – әпкемнің екі жасқа енді ғана толған, әзірге жар дегендегі жалғыз немересі.
Бірінші болып тілге келдім:
– Қандай депутат, Розка? Бала аман ба екен?
– Білмеймін ғой қандай депутат екенін. Әйтеуір «Гүлдердің» халқы шулап жатыр дейді. Бала аман болса керек. Бірақ қандай халде екенінен хабарым жоқ, өзім де енді келе жатырмын жұмыстан. Жаңа жолай Ләззат келінге соғып едім, содан естідім.
– Бұл маңайда депутат тұратын ба еді?
– Анығын білмеймін. Бірақ аудандық па, облыстық әлде қалалық па – әйтеуір бір мәслихаттың депутаты тұрады деп еститінмін осы маңайда. Құдай-ау, қаңғыбас ит емес, зіңгіттей овчарка дейді ғой баланы талап тастаған. Әй, осы біздің адамдарда да ес жоқ қой, ес жоқ..!
– Ес жоғы несі, Розка?
– Ләззаттың айтуына қарағанда, баланы ит талап жатқанда бір қора адам түк істемей, қарап тұрыпты.
– Енді… зіңгіттей овчаркаға әйел, бала-шаға не істей қойсын?
– Қалай не істей қойсын? – деп әпкем маған жалт қарады, – бәрі жабылып, таспен бе, басқамен бе – бірдеңе қылып баланы иттен арашалау керек еді ғой. Мен болғанда бар ғой… тура баланың үстіне барып, жатып алар едім. Таласаң – мені тала деп. Негізі, бұл ықшамаудан «Гүлдер» емес, «Иттер» ықшамауданы деп аталса, дұрыс болар еді. Кеш түсіп, көз байлана берсе болды, тұрғындар иттерін бос қоя бере салады. Тап бір ауыл сияқты. «Бала бар-ау, шаға бар-ау» деп ешкім ойламайды..!
Мен де, әпкемнің үлкен ұлы Арман да аңырайып қаппыз. Өйткені, анасының бұлайша бұлқан-талқан болып ашуланғанын Арман бұған дейін көрмеген болса керек. Ал мен әпкемнің мінезін өте-өте жақсы білемін: қарап отырып күйіп-пісіп, алай-дүлей ашуланғанын өз басым өмірі көрмеппін. Қандай, ә, ана жүрегі?! Бала деген­де қолқа-жүрегін суырып беруге дайын отыр ғой.
Әпкем тұратын «Гүлдер» ықшамауданы Алматы облысындағы Іле ауданының орталығы – Өтеген батыр кентінде орналасқан. Былайғы жұрт ГРЭС атайтын бұл аумақ Алматы қаласына қосылып кеткен. Содан ба, қаланың бір бөлшесі іспетті. Әпкем тұратын ықшамаудан үйлері негізінен жаңадан салынған жер үйлер. Жекеменшік сектор, былайша айтқанда. Көшелері кең. Асфальттанған. Тек бір кемшілігі – осындай әп-әдемі әрі тап-таза ықшамаудан көшелерінде жарық жоқ. Көз байлана бере-ақ ықшамауданды тас қараңғы түнек басады. Жә, әңгімеміз иттен басталып еді, сонымызды жалғастырсақ. Ал енді овчарка талаған депутат баласы жайлы әңгімеге алдағы уақытта қайтып оралармыз деп ойлаймын.

Алматыны қаптаған жабайы ит

Алматының «Ақбұлақ» ықшамауданында қаңғыбас иттер 3 жасар бүлдіршінді талап тастады. Қайран сәби не болғанын да түсінбей қалған болар? Өліп кетті. Аңырап әке-шешесі, қайғыға бөгіп, қарт ата-апасы қалды. Жазым. Қалай болған күнде де, кенеттен келген жазым бұл жалған дүниенің не екенін әлі түйсініп үлгермеген кішкентай бүлдіршіннің өмірін үзді. Қала тұрғындары тарапынан уақ-уақ көтеріліп тұратын қаңғыбас иттер мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты.

3
Ашығын айтқанда, бізде қандай да бір шара қолға алыну үшін міндетті түрде «бірдеңе бүліну» керек. «Ақбұлақтағы» бүлдіршін өлімінен кейін дүр-р-р-р ете қалған қараша қауым да, қала билігі де, міне, 3-4 күн өтпей қайтадан «таз қалпына» түсті. Ал біз қала бойынша қаңғыбас иттерді аулаумен айналысатын арнайы экипажға жармасып, 19 сәуір күні Алматыны аралауға шықтық.
Негізі, біз ит аулаушыларға қатысты көп нәрсені біле бермейді екенбіз. Ойлаймыз – «Қаңғып жүрген иттерді неге осы атып-атып тастамайды?» деп. «Осы да қиын шаруа болып па? Ит атқыштарға үкімет қып-қызыл ақша төлеп отыр ғой?» деп. Бірақ мәселенің мәнісімен жақыннан таныса келе, мұның оңай-оспақ шаруа емес екеніне көзіміз әбден жетті. Мәселен, қаңғыбас итті аулаушылармен бірге жүріп, қаладағы «Қарасу» аумағының бір тұрғынымен тілдесе қалдым. Өзін Тұрсын Айтбеков деп таныстырды. Екеуміздің арамыздағы диалог мынадай бағытта өрбіді. Соған қарап-ақ өзіңіз қаңғыбас итті аулаушылар туралы түсінігіміздің деңгейін шамалай беріңіз, құрметті оқырман.
– Сіздер тұратын аумақта қаңғыбас ит көп пе?
– Көп. Көп болғанда да, керемет көп. Осыларды неге атып-атып тастамайды екен, ә? Мен соған қатты таң қалам.
– Оның несіне таң қаласыз?
– Енді… үкіметтен ақша алып, кәдімгідей жұмыс істеп жүрген соң осыларды атып-атып, қырып тастау аса бір қиын шаруа емес қой. Қазір біздің бала-шағамыз көшемен бірлі-жарымды саяқ жүруден қорқатын болды. Аш иттер адамға шабады. Жұмыстан үйге қайтқанда кәдімгідей алаңдаймыз. Өйткені, шиеттей бала-шағамыз қаланың ауыл сияқты аумағында қараусыз қалады ғой. Ал ит көп. Қаңғыбас ит өте көп. Соларды аулап, қырып жатқан ешкімді көрмейміз.
Иә-ә-ә, ешкімді көрмейміз. Әңгімелескен адамымыз сияқты, бүгінгі күнге дейін біз де солай ойлағанбыз: «Неге осы қаңғыған иттерді атып-атып тастамайды?» деп

Итті қуалап жүріп ұстайды

Таң қалып, таңдай қағатынымыздай бар, рас. Өйткені, біздің білгеніміз – қаладағы қаңғыбас иттерді атуға болмайды екен. Сенесіз бе, сенбейсіз бе – ит аулаушылар оларды қуалап жүріп ұстайды. Көзіңіздің алдына елестетіп көріңізші, төрт аяқты мақұлықты қуалап жүріп, ұстау үшін екі аяқты адамға қандай желаяқ болу керек екенін. Мұны ауызекі әңгіме ретінде біреуге айтсаң, сене қоюы екіталай. Ал бірақ біз өз көзімізбен көрдік. Көше-көшемен, қуыс-қуыстардың арасымен қайырмалай қуалап, ау іспетті арнайы құрылғымен қаңғыбас итті шап беріп ұстап алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған ептілік те, батылдық та керек. Өйткені, иттің аты – ит. Жаны ышқынғанда қайырылып келіп, «Арс!» етіп қауып алуы да әбден мүмкін. Өте қауіпті жұмыс, қысқасын айтқанда.

2

Бір қызығы – қаладағы қаңғыбас ит өздерін аулайтындарды жақсы таниды екен. «Ветеринария» деген жазуы бар көк көлікті немесе қолына арнайы құрылғы ұстаған ит аулаушыны көрген бетте ит біткен тым-тырақай қашып жоғалады. Тіпті «жаны мұрнының ұшына» келген кейбіреуі көлденең кезіккен кез келген бейтаныс аулаға зып беріп кіріп кетеді. Ал содан соң оны ұстап көр..! Ит аулаушы әлгі үйдің иесін іздейді. Оған жұмысының жай-жапсарын түсіндіреді. Әке-көкелейді. Біреуі түсінсе, әрине, біреуі түсінбейді. Кейбіреулер тіпті: «Тып-тыныш жүрген ит жарықтықта не әкелеріңнің құны бар?» – деп жекіп те тастайды. Сосын… біздің елімізде қаладағы жан-жануарларды қорғау «проблемасымен» айналысатын әртүрлі қоғамдық ұйымдар бар. Ит аулаушылардың айтуына қарағанда, бұлардың жұмысына олар да қолдарынан келгенше кедергі жасауға тырысатын көрінеді. Тіпті жергілікті тұрғындарды арнайы ұйымдастырып, ит аулаушыларды соққыға жығып кеткен деректер де бар. Оларға бәрібір. Иттің иесі бар ма, жоқ әлде ол қаңғыбас ит пе, қарамайды. Жанын салып қорғайды. Парадокс.

«Жабайы иттен құтылудың жолы»

6Алматы қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына қарайтын «Қалалық ветеринария орталығы» деп аталатын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын бар. Осы орталықтың қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен айналысатын арнайы бригадасы және бар. «Ветеринария орталығы» 2010 жылы ашылған, – деді бізбен әңгімесінде кәсіпорын директорының орынбасары Жылкелді Тілесбаев, – қаланың 8 ауданы бойынша 8 бөлімшеміз жұмыс істейді.
– Қарапайым қала тұрғыны Орталық туралы онша-мұнша біле бермейді. Жалпы, орталықтың негізгі мақсат-міндеті не?
– Ветеринария орталығының негізгі мақсаты – Алматы қаласы бойынша жеке тұлғалардың үй жағдайында ұстайтын жануарын қадағалауда ұстау. Оларға жұқпалы ауруға қарсы екпе жасап, көктем және күз кезеңінде арнайы тексеруден өткізу болып табылады.
– Ал сонда қаладағы қаңғыбас иттермен кім айналысады?
– Қаңғыбас итті аулау да, негізінен, біздің орталық жұмысының бірі саналады.
– Мысалы, қала көшесінде мылтығыңды тарсылдатып, ит атуға болмайды екен. Біз көрдік, итті ау іспетті арнайы құрылғымен аулайсыздар. Жақсы. Ұстадыңыздар делік. Сосын оларды не істейсіздер? Қала сыртына шығарып, атып тастайсыздар ма?
– Жоқ. Олай істеуге болмайды. Біз «қолға түскен» қаңғыбас итті уақытша ұстау изоляторына қамаймыз. Ол жерде иттер тексеріледі. Қажетті ем-дом жасалады. Күніне бір мезгіл тамақ беріледі.
– Ойпырым-ай, ә? Қаңғыбас итке жап-жақсы жағдай жасалады екен ғой. Сонда оларды қанша күн қамауда ұстайсыздар?

4
– Үш үн ішінде иттің иесі табылмаса, онда арнайы дәрімен иттің көзі жойылады. Ал егер иттің иесі табылып, оның қоғамға қауіп төндірмейтіні дәлелденсе, әлбетте ол ит иесіне қайтарылады.
– Көзі жойылған иттердің өлексесін қайда жібересіздер?
– Олар Алматы облысының Іле ауданына қарасты арнайы аумақта дайындалған шұңқырға көміледі.
Директор орынбасарының айтуынша, «Ветеринария орталығы» қала тұрғындарынан түсетін шағымдар бойынша да жүйелі жұмыс атқарады. «Кез келген адам қала көшесінен немесе өз мекенжайының аумағынан қауіпті жабайы ит байқаса, дереу біздің орталыққа қоңырау шала алады. Ондай жағдайда біздің арнайы экипажымыз хабар түскен аумаққа дереу аттанады», – дейді Жылкелді Сұлтанбайұлы.

«Алабайлар мен «овчаркалар» туралы

Қаңғыбас иттерді аулау экипажы біз бірге жүрген күні қала бойынша 89 итті «тұтқындап», уақытша ұстау изоляторына қамады. Бұл аз ба, көп пе?
Бұрнағы жылдармен салыстырғанда, қалада қаңғыбас иттер күрт азайған. Мысалы, биыл жыл басынан бері олардың 22 мыңға жуығы ұсталған болса, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырмалы түрде алғанда екі есеге азайғанын көрсетіп отыр. Ал Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мәліметіне жүгінсек, 2015 жылы иттен зардап шеккендер саны 4 мыңнан асыпты.
Айта кетейік, белгіленген талапты өрескел бұзатын кейбір қала тұрғынына ит мәселесіне қатысты айыппұл да салынады екен. «Ағымдағы жылдың басынан бері 153 жеке тұлғаға «Әкімшіліқ-құқық бұзушылық туралы» Заңның 408-бабына сәйкес хаттама толтырылды, – дейді Алматы қаласының Алатау аудандық ІІБ табиғатты қорғау полициясының бастығы, полиция капитаны Әуезхан Елтоқов, – сонымен бірге оларға 263 236 теңге көлемінде айыппұл да салынды. Атап айту керек, жеке тұлға ит бағу барысында белгілі бір ережені сақтауға тиіс. Мысалы, итті өз аумағында байлаулы күйде ұстауы керек. Егер ит ұстаушы заңда белгіленген қандай да бір норманы сақтамайтын болса, оған бірінші кезекте ескерту беріледі. Сосын хаттама толтырылып, айыппұл салынады…»

7
Жасыратыны жоқ, қала көшесінде ертелі-кеш үлкенді-кішілі ит қыдыртатындар аз емес. Қыдыртсын. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Дегенмен, ит жетектеген қала тұрғыны осы мәселеге сәйкес белгілі бір талапты да жақсы білуге тиіс. Рас, осынау талаптың өз дәрежесінде сақталып жатқаны күмән туғызады. Өйткені, тайыншадай «Алабайы» мен құнажындай көк көз «Овчаркасына», тіпті тұмсығы пілдің табанындай жапырылған білдей «Бульдогіне» мұрынқап кигізіп, жайбарақат қыдырып жүрген ит иесін өз басым әлі көрмеппін.

P.S.
Алматының «Ақбұлақ» ықшамауданында орын алған қайғылы жағдайдан кейін Бауыржан Байбек бастаған қала әкімдігі бірқатар іс-шараны дереу қолға алған еді. Осы оқиғаға байланысты қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанға бірнеше күн қатарынан хабарластық. Бірақ мәслихат депутатымен байланысу мүмкін болмады. Әйтеуір басталған істің аяғы сиырқұйымшақтанып кетпесін деп тілейік.

Марат МАМАНБАЙ

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде