Жуырда бір топ журналист АҚШ елшілігінің ұйытқы болуымен Американың үш қаласында таныстыру сапарымен болып қайтты. Олар құрама штаттарының жоғарғы сотында болды, прокурор, адвокаттармен кездесті, сонымен бірге, сондағы жетекші басылымдардың редакцияларының жұмыстарымен танысып, электронды ақпарат құралдарында қонақта болды. Делегация құрамында «Жас қазақ» апталығының Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі де бар.
Әдетте, «әлем елдеріндегі болып жатқан жайттардың барлығына Америка кінәлі», «американдықтар ең ақылсыз халық», «бар бәле Америкадан келеді» деген сарындағы түсініктерді көрші мемлекеттердің ақпарат құралдары санамызға сіңіріп тастаған десек артық айтқандық емес. Ресейдің кез келген саяси жобалары мен көңіл көтеру бағдарламаларын көріп өсіп, солармен бірге мұхиттың арғы жағындағы алып империяны келемеждеп отырамыз.
Шын мәнінде, Америка – Америка. Ол Еуропа да емес, ол Қытайда емес, тіпті Ресей де емес. Құрама штаттарына табан тіреп, ондағы өзге аураны сезініп, қуанғанымызды жасырмаймыз. Бірақ, үш апта ішінде қуаныштан гөрі өкініш сезімі басым болған секілді. Неге? Біз қашан осындай ел боламыз, қашан деңгейіміз АҚШ-қа жетеді» деген сауалдар маза бермеді. Сол бойда өзімізше жауап тапқандай болдық: «Біз бұл жалғанда Америка бола алмаймыз!» Ал өкініш сезімі кернеуінің өзі сондықтан болар!
Америкада мынадай бар, ондай бар деп тізбелеуді жөн көрмедік. Өйткені, әлем таныған Американың әдемі жері кино, әдебиетте, тіпті балалардың мультфильмдері мен компьютерлік ойындарында аз айтылмайды, аз көрсетілмейді.
Қандықол фильмдеріне қарап, азған мемлекет дейтініміз рас. Алайда, көрерменнің қан мен төсек тақырыбына құмар екенін әбден білген кинотеатрлар мен телеарналар рейтинг үшін дәл сол мазмұндағы дүниелерді сатып алып көрсететінін көзі ашық азаматтар түсінеді. Жақсы дүниені насихаттау – қашанда қалыс қалады емес пе?!
АҚШ-тың әкімшілік қаласы Вашингтонда болдық. Биік үйлер салуға тыйым салынған. Ақтөбеден де кіші қала көрінді. Өйткені шаһар көшелерін оңды-солды жаяу жүріп-ақ жаттап алдық деуге болады. Бір аптада не жағаңа кір жұқпады, не туфлиіңді сүртпейсің. Бұл бір. Адамдарының мәдениетінің деңгейі. Отыз екі тісін көрсетіп, күлімсіреп жүретін американдықтарды байқау үшін не сағат сұрайсың, не қандай да бір мекенжайды көрсетіп жібер дейсің. Жекіп тастайтын мәскеуліктер сияқты емес, смартфонын алады да, гугл-картаның көмегімен баратын жеріңді тәптіштеп түсіндіріп, тіпті еріп барып көрсетіп жіберуге бар.
Көшеде қаптаған афроамерикандық. Викимәліметтерге сүйенсек, Вашингтон тұрғындарының 55 пайызы қара нәсілділер екен. «Негр» деп кемсітуге болмайды. Жауапқа тартады. Сол кезде, баяғы әліппемізде ме, ана тілі оқулығында ма, «Джон — негр баласы, Америка қаласы» деген жолдар еске оралады. «Негр деп неге оқытты, неге үлкен елді қала деп түсіндірді» деп бас қатырудың өзі әбестік. Кеңестік жүйенің ықпалы бастауыш сыныпта да болған дестік.
Жоғарғы сотқа кірдік. Іші музей іспетті. Кез келген тұрғын емін-еркін кіреді, әділ сот жүйесі мұнтаздай саналатын құрылымның тарихынан сыр шертетін музейді аралап, сол жерде ауқаттана алады. Ғимаратына кіргеннен еңсеңді басатын біздегі жүйе жоқ.
Біз кездескен судьяң да, прокурорың да, кездесулер барысында талай істерде жеңіліп қалғандарын ашық айтып отырды. Тіпті аудармашының өзі оңаша қалғанда, кей сөзді тәржімалауға келгенде кібіртіктеп қалғанын, алайда делегацияға сездірмей өткенін де мойындап отырды. Білдей басылымдарының бас редакторларының өзі ақпарат заманында асығыстық танытамыз деп көп қате жіберіп алатындарын ашық айтып отырғандары біз үшін түсініксіз де әрі таңсық жағдай болды. Олардың қарапайымдылығы мен анау-мынау қателігін мойындауының өзі американдықтардың мүлдем өзге халық екенін аңғартқандай болды.
Флорида штатына жол тарттық. Экваторға жақын болғандықтан, жанып тұрған жер екен. Сол жердегі бай қалалардың бірі Тампаға тоқтадық. Қонақ үйде бірінші күні қызылды-жасылды киінген қара нәсілді адамдар қаптап кетті. Әсте бір карнавалға келгендей әсер қалдырған соң, қызығушылық танытып қастарына барып, мән-жайды білмек болдық. Тампадан 250 шақырым жерде Куба аралы орналасқан. Сөйтсек, әлгі тойлатып жүрген кубалықтар сол күндері аталып өтіп жатқан Фидель Кастроның 90 жылдығын тойлау үшін мейрамханаға жиналған екен. Жасандылық байқамадық, жүздерінде қуаныш, дайындықтары керемет, бастысы, көшбасшыларының туған күнін шын жүректен, шын көңілмен тойлап жатқандары анық аңғарылады.
Ақтөбеде бара бермейтін түнгі клуб атаулыны Тампа қаласында көруді ұйғардық. Біз үшін үлкен жаңалық болғаны – би алаңында арбаға таңылған азаматтардың да көңіл көтеріп жүруі, аяғын сілтіп басатыны да осында, таяққа сүйенгені де өзін мүгедекпін демейді. Жасы үлкені де, жастары да араласып, билеп жүр. Өздерін еркін халық сезінеді. Еш комплекс жоқ. Бастысы – кемсітушілік байқалмайды. Идеалды адам құқығы – түнгі клубтарда да сақталады.
Ал, санамызда жын-жыпырдың орталығы саналатын Чикагоны көргенде арманда, көрмегенде арманда қалатыны сөзсіз. Жүз қабаттан да биік ғимараттарға қарап, бас айналады. Қала ішіндегі өзен арқылы экскурсия құны біздің ақшаға шаққанда 10 мың теңгеден асады. Таксилері 7-10 мың теңгенің шамасы. Бай қала, нағыз арман қала. Шын байлық туралы түсінікті де өзгерткен Чикаго болды.
Көшеде қаптаған үнді, қаптаған қытай. Афроамерикандықтар өз алдына. Қымбат көлік мінген де, стильді киінетін де солар. Алтын-жауһар тағынған. Қара нәсілділердің адамның ойы жетпейтін небір керемет шаш үлгілерінің өзі олардың ауқатты адамдар екенін көрсетіп тұрғандай. Аспан асты елінен келгендерді әсте бір гламурлар іспетті. Жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті…
«Асқар байке, Чикагоға қош келдіңіз, кешке уақыт бөлсеңіз, сізді алып кетейік» деп бір қырғыз баласы қолқа салды. Келіскен уақытта Мирлан есімді жігіт отбасымен, бала-шағасымен көлігімен келіп, туғанымызды көргендей, құшақтасып, қауқылдастық. Уақытша келген бізге қарағанда, бұрыннан сол жерде жүрген ол екі құрлық арасын салыстырып, өз түсінгендерімен бөлісті. Салыстыруға келмейтін екі дүние, екі әлем.
Ұшағын, пойызын, жолдағы аялдамаларды есептегенде 100 сағатқа жуық уақытта АҚШ астанасы Вашингтоннан Ақтөбеге де жеттік. Әзірге күн мен түнді ауыстырып алған біз үшін қалыпты жағдайға келуге уақыт керек сияқты. Ал, алған әсермен әзірге бөлісуге асығыстық танытып жатқанымыз жоқ. Мұхит асып келгендер әзілдеп болса да, біздің жүйеге қайта бейімделуге уақыт керегін айтады.
АҚШ медиа нарығы, БАҚ нарығындағы тенденция, сот әділдігі, қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық шаралары, т.б. туралы газетіміздің алдағы санында оқи аласыздар.
Асқар Ақтілеу, Ақтөбе-АҚШ