Араға бес жыл салып, лаңкестік әрекет Ақтөбеде қайталанды. Елдің зәресін ұшырған жайттың екеуінде де адам шығыны болды. Екі оқиғада да содырлар. Осымен Ақтөбеде екінші рет қайталануына не себеп? Ақтара берсек, бұл сойқанға кімдер мүдделі болуы мүмкін деген сауал да туындайды. Кейбіреулер бұл лаңкестік әрекетке Батысты кінәлі дейді. Енді біреулер Ресейден көреді. Дәл осы шақта Ақтөбе бейбіт күнге алаң. Себебі әлі 6 лаңкес құрықталған жоқ.
Жел қайдан соғады?
Ұлттық қауіпсіздік комитеті кәсіпкер Тоқтар Төлешов «Қазақстанда билікті зорлықпен құлатуға» дайындалғанын мәлімдеді. Арнайы қызметке жүгінсек, таяуда ғана еліміздің бірқатар қалаларын шарпып өткен жерге қатысты наразылықты осы азамат қаржыландырыпты. Төлешовтің артында бәлкім, мүдделі топтар тұруы мүмкін деген ой қылаң етеді. Ол былтыр КМГБ, КГБ ардагері болған әкесінің 93 жасқа толу құрметіне орай ОҚО Сайрам ауданында әскери жаттығу өткізді. Оған Ресей әуе десант әскері одағы, казак әскери ұйымдарының ардагерлері келмеске кеткен КСРО-ның жалауын желбіретті. Жалпы кәсіпкердің өмірбаянын оқысаңыз, Ресеймен ымыраласа, қоғамдық жұмыс атқарғанын байқайсыз. Ресей мемлекеттік Думасының кеңесшісі, Ресей Журналистер одағының Орталық Азиядағы өкілі. Ондағы негізі міндеті – Ресеймен қарым-қатынасты нығайту. Ресейлік журналистер әріптестері қамауға алынғанда ләм-мим демеп еді. Соңғы күндері «Газета.ру», «Лента.ру» сияқты сайттар жиі жазып, қорғаштай бастады. Қамауға алынғанда Ресейдегі «Террорлық қатерлерді сараптау орталығының» директоры Рамил Латыпов байбалам салғаны бар. Оны Ресейге тартқан өзбек кәсіпкері Ғафур Рахимов (қазір Ресей азаматы) деседі. Рахимовты АҚШ билігі 2012 жылы «Бауырлар ортасы» (Братский круг) қылмыстық ұйымының жетекшісі әрі Өзбекстандағы есірткі саудасының жетекшісі деп жариялаған.
Монакода өткен Ресей жылы аясында бірқатар шараға демеуші болып, Мәскеудегі Үлкен театрдың Монте-Карлоға сапарын қаржыландырған. Олег Зенор деген ресейлік блогерге берген сұхбатында «орыс тілінің жанашыры, қазақ тіліне қарсы екенін», – тілге тиек етіпті. 2015 жылы сайлау қарсаңында Төлешов «Үдеу-Өрлеу» қоғамдық қозғалысын құрады. Еліміздің бүкіл аумағында бөлімшелері тіркелген. Жалпы, әлеуметтік желіде Т.Төлешовті жақтап жатқандар да баршылық.
Сондай-ақ сарапшылар АҚШ қаржыландыратын «Азаттық» радиосының Ақтөбедегі атыс-шабысты әлдебір «Қазақстанды азат ету армиясы» мойнына алғаны туралы ақпаратты неге жариялағанын түсінбей жүр. Белгісіз ұйымның үндеуінде «Бұл Қазақстанның демократиялық жолмен дамуын қолдайтындардың алғашқы соққысы» делінген. Сонда «демократиялық жол» оқ атып, кісі өлтіру ме? Біздің күштік құрылымдар бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Неге Ақтөбе?
Ал «Неге Ақтөбеде болды?», – дегенге келер болсақ… «Неге Ақтөбеде емес?» деп кері сауал тастау да артық болмайды. Енді жауаптарын шама-шарқымызша тізбелеп көрелік. Ақтөбе Астанадан алшақта орналасқан. Мұнайлы өлке. Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков «Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысының Солтүстік Кавказға жақын орналасуы да өз септігін тигізді», – деп отыр. Ал Солтүстік Кавказ сан түрлі діни топтың шоғырланған жері. Жалпы, экстремизмнің алғаш белгілері Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарында байқала бастады. Жастар жағы жұмыс таппай сенделіп жүреді. Дінтанушы, профессор Артур Артемьев екі жыл бұрын Ақтөбеде 190 студент сауалнама жүргізілгенін айтады. 365info.kz сайтына берген сұхбатында «Жастар не себептен экстремистер мен лаңкестердің ықпалына түседі?», – деген сауалға. Сонда 135 студент жұмыссыздық, төмен күнкөріс және тәртіп сақшысына деген сенім жоқтығы деп жауап береді. Айта кету керек, мемлекеттік идеологиядан тыс қалған жастар сыртқы күштер үшін нағыз керек топ. Діни қызметкерлердің енжарлығы да басты себептің бірі. Дінтанушы Асылбек Ізбайыров ақтөбелік жастар ДАИШ лаңкестік ұйымының бұйрығымен әрекет етті деп отыр. Ақтөбеде сойқан жасағандар салафий-тәкфірлік жолындағы лаңкестер көрінеді. Сириядағы бір жалған шейхсымақ «Ораза айында жергілікті жерде теракті жасасаңдар, сонда бірден жұмаққа барасыңдар» деп интернет арқылы пәтуа беріпті. Қаладағы бір пәтерде 50 шақты адам жиналып, осы пәтуаны талқылапты. Олардың 20-сы «Бұл қате, біз қатыспаймыз», – деп бас тартып, қалғаны бір күнде қару алуға шешім алған деседі.
Алғашқы белгі
Осыдан шамамен он жыл бұрын Темір ауданының Шұбарқұдық ауылы маңында құлпытастар қиратыла бастады. Өз жолын дұрыс санайтын ағым өкілдері мешіттегі имамның уағызына құлақ аспады. Діни жоралғыны басқаша орындады. Осы тұста құқық қорғау мекемелерінің қайда қарап отырғаны белгісіз. Бұл жағдайдың баспасөзде көтерілмегені бәзбіреулер үшін де тиімді болды. Ал жастар мен ішкі саясаттың айналасында жүргендер аз-мәз жетістігін айтып, жоғарыға есеп бергеніне мәз. 2011 жылы Ақтөбенің Темір ауданында болған қарулы қақтығысты ел әлі ұмытқан жоқ. Ал Сирияға соғысуға кетіп жатқан жастармен атқамінерлер жұмыс жасады ма екен? Ақтөбедегі сойқаннан сабақ алмаған сияқтымыз.
Террор һәм әлеуметтік желі
Күні кеше басталған лаңкестік оқиғаның алдын алуға болар еді. Жеті бірдей азамат (төменде суретте) лаңкестік әрекеттің құрбаны болмас еді. Осы жерде құқық қорғау мекемелері жұмыс істей алмайтыны көрініп қалды. Мұны қоғамдық ұйымдар оны бүгінде жоғары лауазымды тұлғалар да, сарапшыларда мойындап отыр. Сол 30-ға жуық лаңкес бір күнде жиналып, қатыгез қадамға барған жоқ. Алдын ала дайындық жүргізілді. Тіпті бәзбіреулер маусымның 4 күні Ақтөбе әуежайында дәстүрлі емес діни ұйымдарының өкілдеріне ұқсас біреулердің жүргенін әлеуметтік желіде жазды. Ертесіне Ақтөбеде содырлар ойран салды. Қазір лаңкестік топтың мүшелері толығымен анықталды. Олардың аты-жөні, түр-тұлғасы журналистерге таныс емес. Тізімге іліккендердің басым бөлігі 24-25 жастағылар. Әлеуметтік желіде күдіктілердің суреті де жарияланды. 43 жастағы Самат Қожаниязовта арасында жүр. Бірақ ол ешқандай қатысы жоқтығын айтады. Лаңкестердің «В Контакте» желісіндегі парақшасын қарап шықтық. Кейбіреуі о дүниеде хор қыздарын уәде ететін топта тұрған. Құдды орта ғасырларда жастарды хор қыздарымен басын айналдырып, кісі өлтіруге жұмсаған лаңкестік топтар сияқты. Сондай-ақ олардың көбісі әлеуметттік парақшасында діни мазмұндағы жазбаларды көптеп қалдырған. Саясаттанушы Сұлтан Әкімбековтің айтуынша, содырлар бұл қарулы-қақтығысқа жоспарлы түрде әрі тыңғылықты дайындалды. Тіпті басынан бақайшығына дейін қаруланып, жоспарлы түрде топтасып шабуылдаған. Ал түпкі мақсаты елде бей-берекетсіздік орнатып, мемлекетке нұқсан келтіру. Сондықтан оларды түп-тамырымен жою үшін күресті тоқтатпау керек.
Түйін
Үкімет діни секталарды еркіне жіберіп қойды. Түрлі тақсырлары мен пірлерінің уағызын ғана мойындайтын көбейді. Осының кесірінен қоғамға іріткі салып, Сирияға барғысы келетіндер көбейді. Кетуі жиілеп кетті. Елбасы Ақтөбедегі терактіге байланысты мәлімдеме жасады. Президент «Кез келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек», – деді. Мемлекет басшысы «халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келгенін, – атап өтіп. «Қауіпсіздік пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім – ең басты байлығымыз. Біз тәуелсіздігіміздің тірегі болған бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтаймыз. Ақтөбе қасіреті бірлігіміз бен ерлігімізге сын болды. Ақтөбе оқиғасы – бәрімізге ащы сабақ болуы тиіс. Еліміз, жеріміз аман болсын! Енді көк туымыз еңкеймегей!», – деді.
Асқар Ақтілеу, Елдос Өмірзақ,
Ақтөбе