«Негізі ешкім Егемендігімізді тартып алғалы жатқан жоқ. Бірақ тәуелсіздігімізден ешкім тартып алмай-ақ айырылып қалуымыз мүмкін. Ол – іштен іріп-шіру, асыл мұра, ұлттық құндылықтарымызды жоғалту. Біздің қоғамға әлі көп насихат керек, білім керек». Белгілі журналист, публицист, жазушы, «Аbai.kz» интернет порталының Бас редакторы Дәурен Қуат «Жарты сағатқа» қонаққа келіп, ағынан жарыла сұхбат берді.
Ерлан Әбдірұлы: Журналист, жазушы, жалпы қаламгерлерді «қоғамның барометрі» деп атап жатамыз ғой. Сіздіңше, сол барометрде не көрсетіп тұр? Қоғам қалай қарай жылжып бара жатыр?
Дәурен Қуат: Дөп басып айту қиын. Қоғамның бетке ұстары – ақын, жазушылар қазір өз көңіл-күйін жазып жүр. Қоғамның рухани күшіне айналатындай бірлескен тұтастықтан ажырап бара жатқан секілдіміз. Рухани потенциалымыз шашыраңқы сияқты.
Ерлан Әбдірұлы: Ресейлік журналист Максим Шевченко «Қазіргі журналистикада көзқарас бағаланады» дейді. Келісесіз бе?
Дәурен Қуат: Келісуге болады. ХХ ғасырдағы публицистер шағын мақала арқылы өз ұстанымдарын білдіретін. Яғни олар қоғамның өзгеруіне, халықтың оянуына, қам-қарекетсіз болмауына белгілі бір деңгейде әсер етті. Көзқарас – журналистика табиғатында бар нәрсе. Журналист – қоғамды өзгертпейді. Бірақ өзгеруге тиіс нәрсені айта алады. Қазір де солай. Бірақ өзің айтқан ресейлік әріптесіміздің пікірі де, менің пікірім де журналистикадағы соңғы сөз, қатып қалған қағида емес. Пікір – әрдайым жаңарады. Біз – қазір өмір сүріп жатқан ортамызға қарай пікір айтамыз. Ал журналистика зерттеле береді, болашақта жаңа теориялар туа береді.
Ерлан Әбдірұлы: Барометр дегеннен шығады, аға. Журналист, біздің жағдайымызда сіз, бас редактор жеке адам, жеке тұлғасыз. Ал жеке тұлға қалай объективті бола алады?
Дәурен Қуат: Өзің басқарып отырған немесе жұмыс істеп жатқан сала бұқара үшін пайдалы болуын қаласаң, қоғамдағы барлық пікір мен көзқарасты сол ұжымыңа әкеліп тоғыстыруың керек. Қоғамды алға жылжытқың келсе, оқырманның деңгейін өсіргің келсе, досың болса да, шындықты бетке айтуға тура келеді. Біз – осындай мәдениетке жетуіміз керек. Көпшілік қазір сынды көтере алмайды. «Шыбық тимей шыңқ етер». Бұрын барлық газетте сатира беті болатын. Фельетон, пародия арқылы тұлғаларды сынайтын. Ал қазір бірыңғай мақтау күтіп тұратынымыз жасырын емес. Ол көзқарасқа салсақ, мен өзім басқарып отырған сайтты «бізді мақтап өлең айт, беу, бадамша, жар-жар» етіп отырсам, елге сүйкімдірек болады екенмін. Достарымның да саны артады екен. Шерхан Мұртаза 90 жылдары «Егемен Қазақстан» газетін басқарды. Сол кезде газет бетіндегі мақалалар дуылдап, өртеніп тұратын. Шерағаң қазақты жек көргенінен сынаған жоқ. Керісінше, сын арқылы сілкіп оятты. Мақаласы өткір, сыны қатал болғанмен, Шерағаң өмірде өте жайлы, жайдары адам болатын. Менің де ұстанымым сондай.
Ерлан Әбдірұлы: Жаңа технологияның дамуы ақпараттың таралу мүмкіндігін арттырды, тіпті әрбір желі тұтынушысы ақпарат таратушы функциясын алды. Мәселен, әлеуметтік желіде мыңдаған оқырманы бар қолданушылар жетерлік. Перископ желісі тікелей эфирге шығуға да мүмкіндік берді. Бұл тенденцияға сіз қандай баға берер едіңіз?
Дәурен Қуат: Бұл желілер шықпай тұрып-ақ, қазақ ақпарат таратуға бейім еді ғой. Ауызекі әңгіме дейміз, ұзынқұлақ дейміз… Бұл – әлемдік тенденция. Біз оны тоқтата алмаймыз. Сондықтан өзгерісті қабылдап, қоғамға қажет қырларын пайдаланып қалуымыз керек. Бірақ барлығы заң аясында болуы тиіс.
Ерлан Әбдірұлы: Журналист – шындықты айту керек дейтін де қағида бар. Әлбетте, дұрыс сөз. Бірақ шындық айтуды билікті ашық балағаттау деп қате ұғынып жүрген жоқпыз ба? Егер біздің айта алмай жүрген шындығымыз әлеуметтік қиындықтар немесе билікті сынау болса, ондай шындық айтылып, жазылып жүр. Ендеше, біздің айта алмай жүргеніміз не шындық?
Дәурен Қуат: Адамның ақиқат іздеп жүруі – қуантарлық нәрсе. Бұл – қоғамды сауықтырады. Алайда «менің шындығым осы» деп жүргеніңіз кейін шындық болмай шығуы мүмкін. Өмірдің шындығы мүлде басқа болуы мүмкін. Немкетті, сүлесоқ қоғамнан гөрі, ақиқат іздеп жүру әлдеқайда артық. Қоғам – пікір айтуға мүдделі. Билік – қолынан келген мүмкіндігін жасауға, сәйкесінше, қателесуге де қақылы.
Ерлан Әбдірұлы: Билік деп қалдық қой. Президентіміздің «Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтау керек» деген сөзі бар. Сол көзіміздің қарашығындай сақтау дегенге не жатады? Және сол тәуелсіздікті сақтауда сіздің, менің, жалпы қоғамның алар жүгі, міндеті қандай?
Дәурен Қуат: Осы сөздің өзінен тарататын болсақ, Тәуелсіздік – біздің әлемге ашылған жанарымыз. Әлем бізді, біз әлемді Егемендіктің арқасында көріп тұрмыз. Елбасының сөзі бар: «Тәуелсіздікті алғаннан сақтап қалу қиын». Расында қиын. Негізі ешкім Егемендігімізді тартып алғалы жатқан жоқ. Тәуелсіздігімізден ешкім тартып алмай-ақ айырылып қалуымыз мүмкін. Ол – іштен іріп-шіру, асыл мұра, ұлттық құндылықтарымызды жоғалту. Біздің қоғамға әлі көп насихат керек, білім керек. Сендердің арналарың – халықты рухани ағарту үшін таптырмас құрал. Біздің елде «Асыл арна» сияқты телеарна бары қуантады. Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтаудың үлгісін Президентіміздің өзі әр ісімен, әр сөзімен көрсетіп жүр. «Қытайдың қол астына кіріп барамыз, Ресейдің бізге ықпалы күшті» деген сөз айтыла береді. Ресеймен достасуымыз, Қытайға тонналап мұнай беруіміз – мұның бәрі сантиметріне дейін өлшенген, есептелген саясат.
Ерлан Әбдірұлы: Сіздер де қырықтан асып, аға буынға жәйлап айналып келе жатырсыздар. Өздеріңізден кейінгі буынның қандай әттеген-айлары түзелгенін қалар едіңіз?
Дәурен Қуат: Біздің буынға тән нәрсе – жалқаулық. Алдымыздағы буын жерге, руға бөлінетін. Сол менің қатарластырыма да жұқты. Қазақтың бойына әбден сіңіп кеткен, бірақ қазаққа мүлдем керек емес, мінездер бар. Жастар содан алшақ болса екен.
Ерлан Әбдірұлы: Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі дегендей, сіздердің буын осы біздің мәдени астанамыздағы шығармашылық элитаға айналып қалды. Алдан не көрінеді, арттан не байқайсыз?
Дәурен Қуат: Артымызда дәстүрлі мектепті жалғастыратын және жаңалық әкелетін жақсы прозашылар келе жатыр. Әдебиетке адалдық деген сүйкетіп жаза беру емес. Тоқырап қалсаң, кейінгі толқынға жол бер де, өзің соларға ақылыңды айта жүр. Ал алдағыны Алла біледі ғой.
Ерлан Әбдірұлы: Сіз үшін әлемдегі ең жақсы жер қайсы?
Дәурен Қуат: Туған жер. Қой мен жылқы баққан жайлауым бар еді. Сол түсіме жиі кіреді. Дүниенің қай түкпірінде жүрсем де соны ойлаймын. Егер қазір қолымнан бір іс келіп жатса, туған топырақтың құнары.
Ерлан Әбдірұлы: Адамдардан жиі көңіліңіз қала ма?
Дәурен Қуат: Ешкімге ренжімеуге және ешкімді ренжітпеуге тырысамын.
Ерлан Әбдірұлы: Кешірімшілсіз бе?
Дәурен Қуат: Сондай сияқтымын.
Ерлан Әбдірұлы: Неден қорқасыз?
Дәурен Қуат: Уайымы жоқ, бейқам адамдардан қорқамын.
Ерлан Әбдірұлы: Қандай өкінішіңіз бар?
Дәурен Қуат: Көлік жүргізуді білмеймін.
Ерлан Әбдірұлы: Неге қарап қуанасыз?
Дәурен Қуат: Мені қуантатын нәрсе көп, қуанамын дегенге жақсылық көп қой.
Ерлан Әбдірұлы: Қандай арманыңыз бар?
Дәурен Қуат: Өз тілінде сөйлейтін, сырттан ақыл-ой тасымалдамайтын, ішкі рухани қуаты кемел ұлт болсақ екен деп армандаймын.
Ықшамдап дайындаған
Қарлыға ТЕМІРҒАЛИ