Қағазға көмілген мұғалім

17 ақпан 2017, 13:51

Мектеп жүйесінің қолданысына енген «электрондық журналға» қаншама қаражат бөлінді. Ендеше, неге осы журналды ғана пайдаланбасқа? Қағаз журналға бір баға қойып, электрондық журналға бір баға қойып, екі жұмыс жасағаннан кім не ұтады? Бұл туралы осы аптадағы үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Гүлнәр Бижанова мәлім етті. Сондай-ақ білім және ғылым министрлігінің бірқатар жұмысын сынға алып, өзекті мәселе көтерген болатын. Осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін халық қалаулысымен пікірлескен едік.

Гүлнәр Бижанова: Шынын айтайын, біздің мұғалімдеріміз – бала тәрбиелеп, сапалы білім бергеннің орнына түрлі есеп-құжатын дайындап, қағаздың астында көміліп жүр. Мұғалімнің бар уақыты күнделікті сабақ жоспарынан тыс тақырыптық-күнтізбелік жоспары, тәрбие жұмысы жоспары, мұғалімнің өзіндік білім көтеру жоспары, сынып журналы, электрондық журнал және қаншама бақылау жұмысы дәптері сияқты қағазды толтырумен өтуде. Осының бәрін жазып, тексеріп отыратын мұғалімнің негізгі қызметі қағаздың астында қалып қойып отыр! Мұны – ұйымдастырылмаған, бағыты мен реті жоқ қағазбастылық деп түсінемін. Мектеп жүйесінің қолданысына енген «электрондық журналға» қаншама қаражат бөлінді. Ендеше, неге осы журналды ғана пайдаланбасқа? Қағаз журналға бір баға қойып, электрондық журналға бір баға қойып, екі жұмыс жасағаннан кім не ұтады? Осының бәрі болашақ жастарымыздың сапалы білім алуына кедергі келтіріп отыр емес пе!


Жас қазақ: Сіз сауалыңызда мұғалімдерге жағдай жасалмағанын айтып өттіңіз. Мысалы, олар өз ақшасына кеңсе затын, «принтер» сияқты керек-жарағын өзі сатып алады. Заң жүзінде мұғалімдер оны өз ақшасына сатып алуы керек пе?
Гүлнәр Бижанова: Иә, бұл рас. Мұғалімдердің көбі несие алып, қарызданып, құжаты мен түрлі есеп үшін осындай затты өзі алады. Мұғалімнің есеп-қисап жұмысының көптігі сол, олардан облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі қайта-қайта, ай сайын, апта сайын, аралық күндер сайын есеп сұратып отырады. Осылар үшін түрлі сызба-нұсқа жасайды. Жасамаса, жұмыстан шығып қалуы мүмкін ғой. Сол үшін де осындай «құрбандыққа» барып, өзі сатып алып жатады. Егер, қағазбастылық жұмысы азайса, мұндай мәселенің бірі де болмайды. Қысқаша айтқанда, осындай жөнсіз сұрау мен талап болмаса, білім саласына дақ түспейді. Мұғалімдердің беделіне нұқсан келмес еді. Өздеріңіз білесіздер, осы Мәжілісте әлеуметтік саланың жағдайы қарастырылғанда, дәрігер, мұғалімнің жалақасы ең алдымен сөз болады. Бірақ олардың кеңсе құжатын сатып алуы үшін жалақысына ештеңе қосылмайды. Аталған заттарды мектеп басшылығы өздері сатып алуы тиіс.
Жас қазақ: Сіз мектеп мұғалімдерінің басым бөлігі – әйел заты екенін атап өттіңіз. Қайтсек, қоғамдағы мұғалімнің беделін көтеріп, оның имиджін қалыптастыра аламыз?
Гүлнәр Бижанова: Мектептегі мұғалімнің көпшілігі, расында, әйелдер. Ал ер адамдар 80-90 мыңдық айлықпен отбасысын толық қамтамасыз ете алмайды. Олар оның орнына такси жүргізушісі болып, күніне 15-20 мың табады. Міне, ер адамның мектепке тұрақтамайтыны осыдан. Мектепке ЖОО бітіріп келген ер адам жоғары жалақы алу үшін кемінде 5-6 жыл жұмыс істеуі керек. Алдымен санатын көтеріп, тәжірибе қалыптастырғанынша, жоғары жалақы ала алмайды. Ал аз ғана қаражатпен ол отбасын бағуы мүмкін бе? Менің мұғалімге жаным ашиды. Бүгін әріптесім И.Смирнова өзінің депутаттық сауалында мен көтерген мәселені тарқатып, жан-жақты мысал келтіре отырып, мектеп мәселесін сөз етті. Мен оның сауалын қолдап отырмын.
Мұғалім деген күнделікті түрде әр оқушының көңіл-күйін, жағдайын біліп, оның сабаққа, өмірге, қоғамға деген көзқарасын біліп отыру керек. Бірақ керекті-керексіз қағазға көміліп отырғанында, оқушы жайына қалады. Ал осыдан кейін оқушы өзінің мазалаған сауалына жауап таба алмай, қиналып жүріп, оқыс әрекетке баруы мүмкін ғой. Қазір осындай жағдайлар жиі қайталанып жатыр.
Алдағы дүйсенбіде бізге білім және ғылым министрі келеді. Сол кезде осы мәселені кеңінен қарастырамыз. Сіздің газетіңізді де сол жиынға шақырамыз. Мәселені кеңінен көтерсеңіздер.
Ал мұғалімнің қоғамдағы беделі мен рөлін қалыптастыру жолы – жуырда ғана жарияланған Елбасы Жолдауында айтылды. Жолдаудың 4-тармағында «адам құндылығы» анық жазылған. Осы аталған министрліктің өкілдері Жолдауды жақсылап оқып, дұрыстап қарап, жете түсінсе, мұғалімнің рөлін де, беделін де көтеруге болады деп ойлаймын.

 

Сұхбаттасқан
Елдос Қуатұлы, Астана

 

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды