600 мың гектар жер шаруаға қайтарылады

04 маусым 2021, 11:17

Шыны керек, аграрлық мемлекет болғанымызбен, кей жылдары шаруа жердің игілігін, малшы төрт түліктің пайдасын көре алмай жатады. Кетпен көтерген егінші судан таршылық көріп, қуаңшылықтан зиян тартса, малшы қойының терісін пұлдап, жүнін өткізе алмай, шөптің өзін қып-қызыл ақшаға сатып алып, ата кәсіптің қызығынан гөрін азабын тартуда. Мұның жауабын біз Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Қайнар Абасовтан сұрап-білдік.

Jas qazaq: Қайнар мырза, уақыт тауып, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет! Әңгімені қоғамдағы өзекті тақырыптардан бастасақ. Соңғы екі айдан бері Түркістан облысындағы Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарының тұрғындары мал жайылымының тарылып кеткенін айтып, мәселе көтеруде. Сонда мал көбейіп жатыр ма, әлде жер тарылып бара ма?

Қ.Абасов: Бұл жерде сіз айтып отырған мәселенің екеуі де бар. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері халық саны да көбейді. Әсіресе, ең жоғарғы өсім біздің оңтүстік өңірде. Сіз айтып отырған Сарыағаш, Қазығұрт, Келес аудандары – халық саны ең тығыз аудандар. Адам саны көбеюімен қатар, тұрғындар мал басын жылдан жылға өсіріп отыр. Сондықтан жайылым мәселесі күннен күнге шиеленісіп барады. Теледидар мен баспасөзден көрген Қазығұрт ауданында «Қарабау» мал шаруашылығының жағдайын біз ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткіздік. Министр мырза «бұл мәселе менің жеке қадағалауымда» деді.

Қазір жайылымдық жерге байланысты заңға жаңа қөзгерістер енгізіліп жатыр. Соның бірі – ауыл маңындағы жерді мемлекетке қайтарып, халықтың игілігіне айналдыру. Бұл мәселе шешілу үстінде. Жуық арада сіздің сұрақтарға нақты жауап болады.

Jas qazaq: Жерді сатуға, жалдауға 5 жылға дейін мораторий жарияланды. Бұдан бұрын да 5 жыл бойы мораториймен тұрған-ды. Бірақ, өзіңіз айтқандай, ауыл-аймақтарда жыл сайын қоршалып жатқан жер көбейіп барады. Бұл қалай? Әлде жергілікті әкім-шенеуніктердің жерді пәлен мың гектарлап емес, шағындап «кесіп-кертіп» сатуға құқығы бар ма?

Қ.Абасов: Ол бәлкім, мораторийге дейін берілген жер болуы мүмкін. Өйткені мораторий кезінде жер берілген жоқ. Кертіп беру деген әңгіме жоқ. Қазір жаңа заң қабылданды. Тұжырымдама бірінші оқылымда мақұлданды. Ауыл-аймақтың маңындағы жер мемлекетке қайтарылады және қоғамдық жайылым болып есептеледі. Одан бөлек, жаңа жер комиссиясы құрылып, соның құзіретіне беріледі. Кейін қайтарылған жерлерге шыққан шығыны өтеледі (яғни, суландыру, электрендіру және т.б.).

Jas qazaq: Жер дегеннен шығады, мал бағуға жайылым, егін салуға жер таппай отырған шаруа көп қазір. Кез келген ауылға барсаңыз, тең жартысының бірінші сұрағы осы. Ақшасы жоқ, бірақ адал еңбек етуге ниеттеніп отырған мұндай шаруалардың арманы қашан, қалай орындалады?

Қ.Абасов: «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының қағидаларына келсек, мәселені шешудің тереңіне үңілеміз. Бүгінгі өзекті мәселе – суармалы жерді көбейту, яғни бес жыл ішінде 600 мың гектар жерді қосу. Ол дегеніміз не? Шаруаларға неге жер жетпей қалды? Біріншіден, біраз суармалы жер айналымнан шығып қалды, жердің құнарлылығы төмендеді, ирригациялық жүйелердің тозығы жетті. Бұл жерде су жоқ, құнарлылық жоқ. Шаруа ондай жерге барғысы келмейді. Сондықтан 600 мың гектар суармалы жер қосылатын болса, сұранысты қанағаттандыруға болады.

Одан бөлек айта кететіні, өзгерістердің ішіндегі екінші мәселе – жер пайдалану құқығы. Жерді мемлекеттен сатып алмай әрі қарай пайдалануға беру. Мысалы, сіз жерді иеленіп отырсыз, бірақ пайдаға жаратпадыңыз. Сіз сол жерді пайдаланамын деген адамға бере аласыз. Бұл норма «Жер қатынастары туралы» заңның өзгерістерінде қабылданып отыр.

Jas qazaq: Қарапайым мысал келтірейін. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қырбалтабай ауылында тұратын әкем қаншама жылдан бері ауыл әкіміне де, аудан әкіміне де хат жазып, бір гектар да жер ала алмай жүр.

Қ.Абасов: Пайдаланылмай субарендада тұрған жер мемлекетке қайтарылады. Соның есебінен жерге мұқтаж адамдарға бөліп берілетін болады.

Jas qazaq: Тегін беріле ме?

Қ.Абасов: Мемлекеттің есебінен жалға беріледі. Одан бөлек, жері бар, бірақ қаражаты жоқ адамдар бар. Бұндай жер иелеріне игерілмей жатқан жерлерінің пайдалану құқығын өткізуге, сатуға мүмкіндік туып отыр.

Бұл заң қабылданып, бәрі осымен бітті деп айтуға болмайды. Өйткені бұл заңдағы өзгеріс ешбір елдің тәжірибесінде болған емес. Өзіміздің тәжірибемізде ғана үйреніп, қолданысқа ыңғайлы, халыққа қажет заң шығару – біздің мақсатымыз. Әр түрлі пікірлерді тоғыстырып, ортақ дұрыс шешімге келдік деп ойлаймын. Ең басты мақсат – шаруаны жермен қамтамасыз ету.

Jas qazaq: Биыл Түркістан мен Қызылорда облысының жер емген шаруалары ерте көктемнен бастап судан таршылық көрді. Сырдария суалып бара ма, әлде өзеннің басында отырған көршілердің ниеті тарылды ма? Өзен мен көл суларын бірлесіп пайдалану туралы көрші мемлекеттер арасындағы келісімшарт осындайда неге кәдеге жарамай жатады? Тіпті су жетпесе, бізге тамшылатып суару, суды үнемдеп пайдалануды неге қолға алмасқа?

Қ.Абасов: Бұл тек қана Қызылорда мен Түркістанның ғана мәселесі емес. Бұл – бүкіл Қазақстанның мәселесі. Бұл мәселе Маңғыстауда, Жамбыл мен Батыс Қазақстан облысында да бар.

Оңтүстіктегі суармалы жерлеріміз бойынша, біз осы өңірмен шекараласатын көрші мемлекеттерге тәуелдіміз. Көрші мемлекеттер суармалы жерлерінің көлемін ұлғайтқан сайын, бізге су аз келіп жатыр.

Ирригациялық жүйені қалпына келтірмей, ішкі резервтегі су қоймаларын пайдаланбай, трансшекаралық мемлекеттермен келісімге келмей, бұл мәселені шеше алмаймыз. Бүгінгі күні сіз айтып отырған кемшіліктерді шешу барысында экология министрлігі, оның ішінде су ресурстары комитеті әлсіздік көрсетіп отыр.

Бұл проблеманы толыққанды шешу үшін министрліктің мәлімдемесіне сәйкес Ұлттық жоба дайындалып жатыр.

Jas qazaq: Маңғыстау облысындағы су мәселесін айттыңыз. Маңғыстауда жылқы мен сиыр аштықтан қырылып жатыр. Қызылорда да солай. Қыста болса, әңгіме басқа. Ал маусым басталмай жатып малдың аштан қатуын жұт дейміз бе, не дейміз?

Қ.Абасов: Күні кеше ғана біздің әріптестеріміз Маңғыстау облысына аттанды. Олардың айтуы бойынша, шұғыл түрде шара қолдану қажет. Қазіргі апатты аймақ жылқы өсіруге қолайлы ма, жоқ па? Ол жағы да жан-жақты зерттелуі тиіс. Бұл жерде ауыл шаруашылығы министрлігі мен экология министрлігі бірігіп оңтайлы шешім шығаруы тиіс. Басқа аймақтардан шөп сатып алып, халықты қиындықтан шығару керек.

Jas qazaq: Жыл сайын оңтүстіктегі кейбір ауылдың шаруалары еккен өнімі шығынды ақтай алмай, қарызға белшеден батып жатады. Мысалы, былтыр Ресейге қырыққабатты жеткізе алмай, алқап басында малға берді. Оның алдында қауын-қарбызды да өз бағасына сата алмай тақырға отырып қалған. Мақтамыз шетелге таңсық емес. Шетелге сата алмасақ, кім кінәлі: келісімшарт жасасқан үкімет пе, әлде кетпенін көтерген шаруа ма?

Қ.Абасов: Бұл мәселенің тамыры тереңде. Ол үшін қаржыландыру мәселесі, сараптама мәселесі, салқындатып, өңдеп, қорапта сақтайтын логистикалық орталық мәселесін шешу қажет.
Бүгінде шаруаның алатын несиесі қымбат әрі қысқа мерзімге беріледі. Көктемде алса, күзде жабуы керек. Несиесін жабу үшін ол өнімін алқаптың басынан арзан сатуға мәжбүр. Кейде зиян шексе де, ол несиесін уақытында жабуы керек. Егер біз шаруаға ұзақ мерзімге несие берсек, логистикалық орталықта экспортқа шығаратын мемлекеттердің талаптарына сай өнімді өңдеп, қораптап, сараптап берсек, шаруаның еңбегі ақталар еді. Мысалы, Ресей, Еуропа, Түркия, Иран сынды мемлекеттердің стандартына сай болады.

Бүгінгі күні біздің сыртқа шығаратын өнімдер Еуропа стандартының ережелеріне сәйкес келмейді. Сондықтан жоғарыда айтылған сараптамалық мүмкіндіктердің барлығы біздің логистикалық орталықтарда болуы тиіс. Осы мәселелерді шешкен жағдайда сыртқы нарық бізге есігін ашады. Ресейге ғана емес, Еуропа елдеріне өнім сата алатын боламыз.

Jas qazaq: Мақтадан жіп иіретін, мата тоқитын кәсіпорын, көкөністі өңдеп, дайын өнім шығартын шағын цеxтар ашу, ет пен сүтті өңдеу мәселесі бізде неге кемшін? Әйтпесе, диқанның қиналып өсірген өнімі шетке арзанға кетіп жатыр ғой.

Қ.Абасов: Сіз айтып отырған мақта, жүн, тері жеңіл өнеркәсіп өнімі ме, әлде ауыл шаруашылығы өнімі ме, алдымен осының аражігін ажыратып алғанымыз жөн. Өйткені бұл өнімді өндірушілерге екі жақтан да мемлекет тарапынан қажетті қолдау жеткіліксіз болып отыр. Қазір үстіміздегі киімді тек мақта мен жүннен өндіру мүмкін емес. Синтетикалық құрамасыз текстиль өндірісінің саналуандылығына жете алмаймыз. Сондықтан бір жағында мақта, жүн өңдейтін өнеркәсіп тұрса, екінші жағында синтетикалық жіп өндіретін кәсіпорын болуы керек. Ал оны тұтынып, терең өңдеп, дайын өнім шығаратын нарыққа бейім шағын және орта кәсіпорындарды дамыту керек.
Өйткені бізде ішкі тұтынушының саны өте аз. Ол халық санына байланысты. Мысалы, жеңіл өнеркәсіп тауарын өндіруші мемлекеттер – Өзбекстанның 30 млн., Ресейдің 150 млн., ал Қытай мен Үндістанның 3 млрд халқы бар. Демек ішкі тұтыну сұранысы көп. Сондықтан біздің өндіріс экспортқа бағытталуы керек. Бангладеш, Түркия, Вьетнам, Тайвань секілді. Ол мемлекеттерде жеңіл өнеркәсіп өндірушілерінің басым көпшілігі шағын және орта кәсіпорындар.

Jas qazaq: Алматы облысының әкімі Амандық Баталов диқандарға несиені екі-үшке бөліп береді екен. Тұқым сепкенде бірінші бөлігін, дәрі сепкенде екінші бөлігін, орақ кезінде қалғанын береді. Басқа өңірден мұндай бақылауды естімедік. Субсидия, несие болсын, мемлекеттің әрбір тиынына бақылау болу керек қой?

Қ.Абасов: Амандық Баталовтың бастамасын әр өңірде қолдануға болады. Бірақ өңірлердің өзіне тән қасиеті бар. Сондықтан бұл тәжірибені бәріне жасау қиын. Қадағалау керек, әрине. Бірақ қадағалау үшін де ол жақта ресурс болуы керек қой. Адами факторды болдырмау үшін ауыл шаруашылығы саласын түгелдей цифрландыру қажет. Ауыл шаруашылығын қолдау инструменттерін, мал есебін, ауыл шаруашылығы техникасы есебін толығымен цифрландыру керек. Сонда бөлінген ақша тиісті жеріне жетіп, субсидия, мемлекет тарапынан қолдауға жұмсалған қаражат ұстағанның қолында кетпейді.

Jas qazaq: Адами фактор дедіңіз ғой. Адамнан айла артылмайды қазір. Кей өңірде қорасында тышқақ лағы жоқ, өзі әкімдікте қызмет ететін пысықтар қағаз жүзінде қоралы қойға, табын-табын сиырға субсидия алады. Сосын мал шаруашылығын дамытуға арналған қордан берілетін несиелер де «бармақ басты көз қыстымен» берілетіні құпия емес. Осындай заңсыздықтарды қалай азайтуға болады?

Қ.Абасов: Мәселе бойына құзыретті органдарды хабардар ету керек. Ал мәселе көтерілгеннен кейін құзыретті органдар тиісті шара қолдана алады.
Бұл мәселе де мал есебін цифрландыру арқылы шешіледі.

Jas qazaq: Қайнар мырза, сіз Мәжілісте аграрлық мәселелер комитетінің мүшесісіз. Қазір Парламентте ауыл шаруашылығына қатысты халыққа тиімді қандай заңдар дайындап, шешімін таппай келе жатқан қандай шаруаны қолға алып жатырсыздар?

Қ.Абасов: Бұл мәселе бойынша 2017-2021 жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама өз мәресіне жетті. Күні кеше ауыл шаруашылығы министрі және орынбасарлары Мәжіліске келіп, ауыл шаруашылығын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасының тұсаукесерін өткізді. Бұл бағдарлама бойынша 5 трлн теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Ол бірнеше бағыт бойынша жүзеге асатын болады. Бағдарлама ірі ивестициялық жобалармен қатар, шағын жанұялық фермерлік қожалықтарды дамытуды қамтыған.

Биыл шаруалардың мәселесі басты назарда тұр. Қолына құрық ұстап мал айдаған немесе кетпен көтеріп жер өңдеген шаруа болсын, осы бағдарламалардың игілігін көреді деп ойлаймын.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рақмет!

Жарас Кемелжан

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?