55,5 млрд теңгенің сұрауы

11 желтоқсан 2020, 12:09

Осы аптада өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында дене шынықтыру мен спортты дамытуға қатысты заң жобасы мақұлданды. Нақтырақ айтсақ, қолданыстағы заңға енгізілетін өзгерістер мен қосымшалар бұқаралық спортты дамытуға, балаларды спортпен және дене шынықтырумен айналысуға тартуды көздейді.

Әлбетте, айфон мен смартфонға бүйрегі көбірек бұратын қазіргі заманда баланы спортқа баулу – кезек күттірмейтін шаруа. Өйткені кәсіби спортты былай қойғанда, дене шынықтыруға мойны жар бермейтін ұрпақ өсіп келеді.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин де осы заң жобасының маңыздылығын атап көрсетті: «Бұқаралық спортты дамыту біздің болашағымыз үшін, оның ішінде, жастарымыз үшін өте маңызды. Бүгінгі еліміздің абыройын көтеріп жүрген олимпиада және әлем чемпиондары бұқаралық спорттан шықты. Әсіресе, бокс пен күрес чемпиондары ауылдан екенін білеміз. Сондықтан спорт нұсқаушыларының жалақысын көтеру, олардың жұмыстарын ұйымдастыру спорт министрлігінің басты міндеттерінің бірі болу керек».

Заң жобасында мүмкіндігі шектеулі жандардың дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасауға арналған нормалар енгізілген.

Әлбетте, алға қойылған міндеттерді орындау үшін қаржы керек.

Сондықтан жиында спортқа бөлінетін ақша мәселесі айрықша сөз болды. Бұл тұрғыда мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға қойылған сауал көп.

Депутат Ольга Шишигина Президенттің кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтатып, спорт мектептері, бұқаралық спорт және дене шынықтыру саласына басымдық беру туралы тапсырмасы қалай жүзеге асып жатқаны туралы сұрақ қойды.
Оған министр ханым былай деп жауап берді: «Біздің елімізде 98 кәсіби клуб бар. Олар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Кейбіріне ұлттық компаниялар жеке кәсіпкерлер демеушілік етеді». Биыл министрлік егжей-тегжейлі талдау жасап, осы клубтарды ұстап тұруға кететін қаржыны анағұрлым қысқарту жөнінде шешім қабылдапты. Бірыңғай тариф кестесі жасалып, соған сәйкес, спортшылар, жаттықтырушылар, осы клубтарда жұмыс істейтін өзге де қызметкерлер жалақысының ең жоғарғы шегі белгіленген. Бүгінгі күні кәсіби клубтардың ортақ бюджеті 55,5 млрд теңгені құрайды екен.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Еліміз бойынша 55 миллиард? Бәлкім, сіз қателесіп тұрған шығарсыз?» деп таңқалысын жасырмады.

Жоқ, Ақтоты ханым қателеспепті. Биылғы жылы спортқа 160 млрд теңге бөлінгенін, оның ішінде 55,5 млрд теңге кәсіби клубтарға берілгенін нақтылады.

«Бүкіл Қазақстан бойынша жергілікті, республикалық бюджетті қосқанда, кәсіби спортқа қанша қаржы бөлінеді? Нақты санын айтыңызшы» деген сауалға да мүдірген жоқ. Кәсіби спортқа республикалық бюджеттен ақша бөлінбейтінін, тек жергілікті бюджет пен демеуші қаржысын місе тұтатынын жеткізді.

Мәжіліс спикері: «Квазимемлекеттік саланың қаржысын демеушінікі деп айтпаңыз. Бұл – мемлекеттің ақшасы. Мәселе сонда. Сіз осы цифрдың ар жағына жасырынып тұрсыз. Квазимемлекеттік қаржы – мемлекеттікі. Президент бұл туралы өз Жолдауында атап көрсетті. Сізге тікелей тапсырма берілді. Қанша қаржы екенін айтыңыз, сізді бүкіл ел тыңдап отыр», – деп сауал тастады.

Министрдің келтірген мәліметі: кәсіби спортқа бөлінген қаржы – 55,5 млрд теңге және квазимемлекеттік компаниядан 27 млрд теңге – «Астана» брендіне енетін клубтарға (велокоманда, баскетбол және футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы). Талдау жасалған соң осындай ойын клубтарының жылдық қаржысын белгілі бір деңгейге төмендету көзделіпті.
«Қазір біздің ұсынысымыз үкіметте. Қаржыландыру екі есе қысқарады. Кәсіби спорттан үнемделген 22,2 млрд теңге бұқаралық спортқа бөлінеді. Оған қоса, бұқаралық спортқа жергілікті атқарушы органдардан бөлінетін 14,7 млрд теңгені қосу керек», – деп құтылды министр.
Бүгінгі күні елімізде 107 жасөспірімдер және 579 балалар спорт клубы жұмыс істейді. Олардың санын көбейтіп, балаларды бұқаралық спортқа тарту үшін республикалық бюджеттен 10,9 млрд теңге қарастырылған.

Талап Тілеген

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?