Ақтөбе облысындағы 50 жалпы білім беретін және есту, көру қабілеттері нашар 4 түзету мектебі жаңа спорттық құралдармен жабдықталды. «Менің елім» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған шараға «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік жасады.
Ақтөбедегі 50 мектептің спорт залы жаңарды. Үстел теннисі, допты хоккей, футбол, волейбол, түрлі гимнастикаға арналған спорт жабдықтары қолданысқа берілді. Бір мектепке берілген спорттық жиынтықтың құны шамамен 5 миллион теңге. Шалқар, Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандары мен облыс орталығындағы білім мекемелері бар. Мұндай көмек бұрын соңды болмаған.
«Спорттық құрал-жабдықтар бізге берілді. Мектепке апарып, оқушылар мен ұжымымызға көрсеттік. Қуанышымызда шек жоқ. Баланың физикалық тұрғыдан дамуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көп көмек. Оқушының дене шынықтыру сабағына деген қызығушылығы артты. Қысы-жазы пайдалануға арналған құралдар көп», — деді Темір ауданы Теректі мектеп-балабақшасының директоры Әлия Атшыбаева.
«Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобаға «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік жасады. Спорттық жабдықтарға ие болғандардың қатарында Ақтөбе облысындағы есту, көру қабілеттері нашар 4 түзету мектебі де бар. Тағы 5 спорттық және 2 ойын алаңы Ақтөбе және Қандыағаш қалаларына орнатылды. Жалпы жоба құны 640 млн теңгеге жуық. Аустралияда шығарылған құралдар қайтарымсыз. 1 жылға кепілі бар.
«Ақтөбе «Менің елім» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан үшінші өңір. Келесі жылы Қазақстанның өзге облыстарын қамтуды жоспарлап отырмыз. Ақтөбедегі 50 мектепке берілген спорттық құралдардың барлығы бірдей. Ал, 7 спорт алаңы көлеміне қарай әртүрлі. Кейбір нысандардың жергілікті әкімдік балансына өткенін қалаймыз. Білім мекемелерін спорт құралдарымен қамтамасыз ету үшін «Биіктерге бірге» байқауына қатысқан облыс мектептерінің арасынан 50-і іріктелді. Байқау талабы бойынша мектеп ұжымы оқушылармен бірігіп, арнайы бейнеролик түсіруі тиіс болатын. Нәтижесінде шығармашыл білім мекемелері таңдалды», — дейді «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диаз.
baq.kz хабарлағандай, 2016 жылдың соңында басталған жоба еліміздің 9 өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Әзірге Павлодар, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары толық қамтылып болды.