5 мектеп жабылды. Министр біле ме?

24 тамыз 2016, 18:27

Снимок

Сүт қатқан қою шайды ішіп болып есік алдында ес жиып отырғанбыз. Маманбай құда темекі тартып отырған маған күлсалғышын ұсына берді. Қолыма алып, айналдырып қарасам кәдімгі қоңырау екен. Жез қоңырау. Жарықтықтың сыңғырлаған үні өне бойыңды шымырлататын, баяғы оқушы күніңді есіңе түсіретіндей еді. Газеттер де сөйтіп жазды ғой. «Жез қоңыраудың үні білімге шақырып тұрады» деп.

–Мектебіміз жабылып қалды. Көшеде жатыр екен, бос жатқанша кәдеге ассын деп күлсалғыш ретінде пайдаланып жүрмін,–дейді Шолақөзек ауылының тұрғыны Маманбай Өмірзақов,–өзің білесің бізде бар болғаны бастауыш мектеп қана болды ғой. Қоңырауымыздың өзі кеңес заманынан қалған еді. Елдің балалары компьютер пайдаланып жатқанда, біздің балалар оның атын ғана естіген.

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданында биылғы жылы Орловка, Шолақөзек, Шаңғал мектептері жабылып қалды. Негізгі себеп баланың жоқтығы. Айыртау аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Зура Қалдарбаева осы мектептерге қоса Заря орта мектебінің негізгі мектеп ретінде қысқартылғандығын айтады.

Үкіметтің бекіткен қаулысына сәйкес 11 жылдық мектепте – 80, негізгі мектепте – 41, бастауыш мектепте – 5 оқушы болуға тиіс. Қызылжар өңірінде 532 білім ошағы болса, соның 431 шағын комплектілі санатқа жатады немесе жалпы көлемнің 81 пайызы деп қойыңыз. Бұл мәселенің ар жағында қылтиып демографиялық ахуал тұр. Оған қоса ауыл жұртының қалаға қарай үдере көшуі, яки урбанизацияның екпіні мен тепкінін байқауға болады. Биылғы жылы облыс бойынша 8 бірдей бастауыш мектеп жабылған. Бес бірдей 11 жылдық мектеп негізгі және бастауыш мектеп болып қайтадан құрылған. Ендігі жылы немесе арғы жылы жағдай күрт жақсарады деп үміттенуге де болмайды. Өйткені, төменгі сыныптарда оқушылар аз. Мектептерді оңтайландыру бұдан әрі жалғаса бермек. Атап айтатұғын болсақ, алдағы жылы 24 мектептің мәртебесі өзгертіліп қайта құрылады деп болжанып отыр. Осылардың басым көпшілігі ұлттық білім ошақтары.

Таяуда Есіл ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Қарағай ауылында болдық. Құйрық-бауыр жескен Қаратай құдамыз амандық-саулықтан соң «неше немерең бар?» деп сұрады.

–Қазақ бала санамайды ғой,–дедім мен.

–Егер мектепке баратындай болып қалса, біздің үйде оқытсаң қайтер еді,–дейді құдам.

–Оған келін мен бала келісе қойса. Олар ауылдағы мектеп түгіл одыраңдаған орысшаны қойып, ағылшын тілінде оқытамыз деп кіжініп отырған жоқ па,–дедім мен,–ал, енді кісіден бала сұрайтындай басыңа не күн туды?

–Биыл мектебіміз жабылып қалды. Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов атындағы тоғыз жылдық мектеп. Аудан әкімдігіне сан рет шабылғанымызбен шарасын таба алмады. Енді мектептегі 30 оқушының жайы не болмақ. Қанаттас қонған іргедегі қазақ ауылдарында интернат та жоқ. Біз өзі шалғайда жатқан ауылмыз ғой. Қысты күні жол тазаланбайды. Сол кезде бұл отыз оқушының күні не болар екен. Белгілі ғалым Бүркіт Аяған 2009 жылы туған ауылына спорт залын ат шаптырым етіп, 90 орындық екі қабатты зәулім білім ошағын салдыртқан еді. Ол кезде осында алпысқа жақын оқушылар болған. Кейін елдің іргесі сөгілген соң күш-қуаты бар ауыл тұрғындары бірі Көкшетауға, бірі Қызылжарға көше бастады. Қазірдің өзінде осында он шақты отбасы жүгін жиып алаңдап отыр. Енді бірер жылдан соң ауылымыздың орнында жұрты қалады ма деп қорқамыз.

–Негізінде мектептердегі оқушылардың санын белгілеу жергілікті жерді жақсы білетін облыстық, аудандық биліктің құзырына берілгені дұрыс шығар,–дейді Қапен мұғалім,–олар жер жайын, ел жайын жақсы біледі ғой. Әрі жергілікті мәслихаттар арқылы азын-аулақ қаржы бөліп, ел тірегі болып отырған шағын комплектілі мектептердің мұқтажын шешіп берер еді. Турасын айтсақ, Үкіметтің қаулысы күшін  жоймай шағын ауылдардың бағы жанбайды. Ал, егер мектеп жабылса алдымен күн көріс қамымен мұғалімдер көшіп кетеді. Одан соң басқалары. Жасыратыны жоқ ауылда жалақы алып жұмыс істейтін жер жалғыз ғана – мектеп.

Құдамның қарызға бала сұрап отырған қолқасын енді түсіндім. Жастары әлдеқашан бақыт іздеп бес белден асып кеткен шағын ауылдарда қалған шал-шауқан ел іргесін бекітеміз деп есі кетіп жүр. Қарақтарым-ай, қарызға беретін балаларың бар ма?

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы     

 

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?