3683 Шумақ , 14732 жол. «Елім-ай» ән-дастанына 300 жыл

31 мамыр 2023, 15:58

Қаратаудың басынан көш келеді,
көшкен сайын бір тайлаҚ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
еділ мен жайыҚ жаҚтан көш келеді,
ат пен нар әр көш сайын бос келеді.
айрылған жер мен судан Қиын екен,
мөлтілдеп екі көзге жас келеді.

Атақты тарихшы, академик Манаш Қозыбаев ерінбей есептеп шыққан жеті бөлімнен, 3683 шумақтан, 14732 жолдан тұратын «Елім-ай» дастанынан күні кешеге дейін біздің естіп, білгеніміз осы бір-екі шумақ еді. Әрине, кемелденген социалистік қоғамда оны бізге оқытқан жоқ. Тек «Алқакөл сұлама, ақтабан шұбырынды» заманында туған жыр деген мұғалім де, оқушы да білмеуге тиісті, тіпті білуге құмарлық та сезілмеген жалпы түсінік болды.Тәуелсіздік тұсында өсіп шыққан тұтас бір буынның басым бөлігі әлі де мұндай дастанның барынан беймағұлұм. Бұған дейін де патша тұсынан басталып, кеңестік кезеңде де қатаң бақыланған цензураның тұсында да белгілі ғалымдардың еңбегімен біршама таныс болғанымызбен, бұл алапаттың себеп, салдары, маңызы, мазмұны толық ашылып айтылмайтын.

Қожаберген жырау «Елімайдың» алғашқы нұсқаларын 1723 жылы жаза бастайды. Өзі айтқандай, 61-ге қараған жасының 41 жылын қырғынға өткізіп, қол бастаған сардар болған ол бұл соғыстың тұтану салдарын, оны өршітуге аса бейілді Ресей мен Қытайдың зұлымдығын, сұрқия саясатын жілік майын шағып талдайды. Айналып келгенде, кеңес кезінде аты ауызға алынбаған Қожаберген жырау кім еді?

Қожаберген (академик Қозыбаев Толыбайсыншыұлы деп жазғанды қолай көріпті) жыраудың тарихтың әр кезеңінен мол мәлімет беретін басқа іргелі еңбектерін былай қойғанда, «Жеті жарғы» авторының бірі ретінде, әрі «Елім-айымен» ұлт тарихында ұлы құбылыс болып қалғаны сөзсіз. Дана адам келешек көгенкөздерінің жұмысын жеңілдетуді де ойлады ма екен, қиссаның кей тұстарында өзі жөнінде де мәлімет бере кетеді. «Тіліне араб, парсы жетік едім» дейді. Тәукенің тұтқа тұтар адамы тегін болсын ба, оны хан ием елшілік қызметке тағайындайды. Дала демократиясы мен дипломатиясының данагөйі, көреген саясаткер қазақ, қарақалпақ, ноғай біріккен әскери жасағының қолбасшысы, Әз Тәукенің оң қолы болды. Кейіннен кемеңгер қария Абылайға да бата береді. Абылайдың оң қолы Бұқардай көмекей жырау оны ұстаз тұтып, әйгілі «Ұстазыма» деген толғауын арнайды.

2000 жылдардың басында Қожабергентануға түрен түсті. Қалай, қайтіп? Алдымен кемеңгер Кекілбаевты тыңдап алайық. «Солтүстік Қазақстанда көптен бері қолға алынбай жатқан, біреу өмірде болды, біреу өмірде болмады деп таласыптартысып жүрген Қожаберген жыраудың бүкіл тұқым-теберімен, әулие ұрпақтарымен бәрін қайта тірілткен Бекет болды. Бекеттің сол қорды басқаруының арқасында Қожаберген даудан құтылды. Қожаберген шын мәніндегі ғылыми факторға айналды. Дәп осындай шаруалар республикамыздың әр түпкірінде істеліп жатыр», – деп еді Әбекең. Әрине, халқымыздың тарихына қатысты іргелі еңбектер баршылық қой.

Алайда «Елімайдың» жөні бөлек. «Елім-ай» – Ұлы дала дәптеріне қылышпен жазылған қисса, шерлі шежіре. «Елім-ай» – намыс жыры, ұлттық рух пен идеяның қайнар көзі. Амангелді Айталық айтқандай, «Елім-ай» – бірлік концепциясы. Ахмет Байтұрсынұлы «Сөздің ең сипаттысы, ұлысы тарих» дейді. Тарихтан тағылым түйіп, келешекке дұрыс бағдар жасау үшін бұл дастан әркімнің жазу үстелінен табылуы тиіс. Өйткені бұл ел бірлігі, алауыздықтан арылу, рушылдық, жүзшілдіктен тазаруға үндейтін, алаш баласына қалған аманат еңбек. Академик Қозыбаев оны «Илиада» мен «Одиссеяға» бекер теңемесе керек. Демек халықтың көз жасымен жазылған осынау алапат қиссаның 300 жылдығын ел көлемінде атап өту аса құптарлық іс. Бір әннің, тағдырлы туындының мерейтойын атап өту үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Бұл ретте кезінде орыстардың қыпшақ тарихына тұнып тұрған «Игорь жорығы туралы сөз» дастанының 800 жылдығын 1985 жылы академик Д.Лихачевтің басшылығымен қалай дүркіреп өткізгенін еске алсақ та болады. Оның жұмысына осы жырды аударған он академик жұмылдырылды.

«Елім-айдың» жанрын зерттеушілер оны қисса, дастан, шежіреге де жатқызып, әр қилы пікір айтады. Қайсысы да дұрыс. Тарихы қалың, қатпарлы елден ұлы өнер туындылары көп шығады. «Елім-ай» ел санасына алдымен ән болып сіңісті. Бұл – құдіретті әуен, әуен һәм зар. Бәлкім, әу баста күй болып туып, сосын барып әнге айналуы да. Әуенінің өзі бір қойылым, спектакль. Кез келген тарих, оқиға өнер туындысына айналса (егер ол сәтті шықса) оның тыңдарманға, көрерменге рухани қуаты, ықпалы, әсері айтарлықтай нәтиже береді. Сондықтан оның балетке, операға, симфонияға сұранып тұрғанын айту ләзім. Жаңа Қазақстан тарихқа жаңа көзқарастан басталуы керек. Мемлекет басшысы әрдайым өз сөзінде өткен тарихымызға, тарихи тұлғаларға құрметпен қарауға және бұл мәселеде популизм мен білімсіздікке жол беруге үндеп келеді. «Елімайға» да осы көзқарас, қазіргі өркениетті даму тұрғысынан қарау қажет.

Тарихыңды білу – рухани кемелденуге, рух биігіне жасалған ұмтылыс. Рухы биік ел ешқашан жеңілу, жалтақтау дегенді білмейді. Бұл реттегі көп ұсыныстың бірі – «Елімайды» толық мәтінімен жоғары оқу орындарында, мектептерде оқыту, оқу бағдарламасына ендіру міндеттелуі керек. Алдағы маусым айының 1-2-сі күндері Түркістан облысында ұлы дастанның мерейтойын атап өтуге арналған іс-шаралар басталады. Онда Созақ ауданы аймағында Қаратаудың баурайында «Елімайға» тұғыртас орнатылады. Көрнекті ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми практикалық конференция өтіп, мүшәйра жеңімпаздары белгілі болады. Міне, осы іс-шара аясында әлгінде айтылған ұсыныстар толықтырылып, ғылыми тұрғыдан дастанның маңызы жан-жақты саралана түсері сөзсіз.

Қали Сәрсенбай, Қаламгер

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?