jasqazaq.kz

2025 – Жұмысшы мамандықтары жылы: Шымкентте еңбекке ынталы жастарға мүмкіндік мол

05 тамыз, 12:18

Қазіргі қоғамда әр азаматтың адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі елдің өркендеуінің басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл бағытта мемлекет еңбек құндылығын арттырып, масылдықтан арылуды көздеген жүйелі реформалар мен нақты бастамаларды жүзеге асыруда. Соның бір айқын дәлелі – 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы. Бұл бастама жылдар бойы назардан тыс қалған, еңбегі еленбей жүрген кәсіби мамандардың мәртебесін көтеріп, қоғамда жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыруға жол ашты.

Бүгінде елімізде инженер, дәнекерлеуші, құрылысшы, механик, тігінші, агроном сияқты нақты еңбек иелеріне деген сұраныс артып келеді. Өйткені экономиканың негізгі тірегі – дәл осы сала мамандары. Шымкент қаласында да еңбек нарығында агрономия саласына деген сұраныс өскені байқалады. Әсіресе, соңғы жылдары жылыжай шаруашылығының дамуы агроном мамандығының қаншалықты маңызды екенін нақты көрсетті.

Осы ретте қаланың “Бозарық” индустриалды аймағы маңында орналасқан заманауи “ALARKO Agriculture” жылыжай кешені жаңа жұмыс күшіне мұқтаж. Атап айтқанда, агрономдар мен жылыжай жұмысшыларына қажеттілік жоғары. Осы мақсатта Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығының Абай ауданы бойынша Мансап орталығының басшысы Дария Ордабаева, еңбек ресурстарын болжау және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нуртаза Мынбаев, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің мансапты қолдау орталығының жетекшісі Таслима Аубакирова кәсіпорынға арнайы барып, бос жұмыс орындарымен танысты.

Жұмысшы топ кешен басшысы Төлкын Амерхановпен кездесу барысында субсидияланатын және тұрақты жұмыс орындары туралы мағлұмат беріп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы оқу орнын жаңа бітірген түлектерді жұмысқа тарту жолдарын қарастырды. Жас мамандар үшін бұл — тек табыс табу ғана емес, тәжірибе жинау мен еңбек нарығында өз орнын табуға үлкен мүмкіндік.

Аталған жылыжай кешені университет пен колледж түлектерін жұмысқа шақыра отырып, оларды тәжірибеден өткізуге және тұрақты жұмыспен қамтуға дайын. Бұл — масылдық ойдан арылып, нақты іске араласқысы келетін жастар үшін керемет бастама. Заманауи технологиялармен жабдықталған кешенде жұмыс істеу – олардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, еңбек етуге деген ынтасын арттырады.

Соңғы жылдары Қазақстанда агрономия саласына деген сұраныс артып, бұл мамандықтың маңыздылығы бұрынғыдан да айқын бола түсті. Су тапшылығы, климаттың өзгеруі, білікті кадрлардың жетіспеушілігі – осының бәрі агрономдарға артылған жауапкершілікті еселей түсті. Қазіргі агроном – тек жер жыртып, егін егетін адам емес. Ол – тыңайтқыштар мен биологиялық препараттарды дұрыс қолданатын, топырақты тиімді өңдеу әдістерін меңгерген, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізе алатын жоғары білімді маман.

Мемлекет те еңбекке ниетті жастарды қолдауға дайын. Бағдарлама аясында субсидияланатын жұмыс орындары, қысқа мерзімді оқыту курстары және кәсіптік бағдар беру шаралары жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы – ниет. Еңбек етуге ынта болса, мемлекет мүмкіндікті ұсынады. Масылдықтан арылу – қоғамның ғана емес, әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.

Бүгін, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
Бүгін, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті