Түркістан облысындағы Мақтарал ауданының тұрғындары үшін биыл ауыр жыл болды. Ала жаздай қызыл судың астында қалғаны аздай, қысымен суық пен дымқылдың үстінде отыруға мәжбүр. Көктемде көршілес Өзбекстанда бөгет бұзылды. Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан болған төтенше жағдайға байланысты Мақтарал ауданында Нұрлыжол, Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс сияқты 5 елді мекенде орналасқан тұрғын үйлер зардап шекті. Көптеген тұрғын баспанасыз қалды.
«Сенен кеткенше, маған жеткенше»
Мамырда табиғаттан келген зауал сондағы ағайынды әбігерге салғаны рас. Бауырларымызға дүйім ел болып, шама-шарқымызша еліміздің түкпір-түкпірінен көмек қолын созған сәлемдеме ағылып жатты. Әйтеуір, жыртыққа жамау болар деген үмітпен қаншама ақеділ азаматтар Жетісайға ағылды. Арыс жарылғанда біріккен қазақ Мақтаралды су алғанда да бірлігі бекем, ынтымағы мығым екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та, өңір басшысы Ө.Шөкеев те қолдан келген қамқорлығын аямады. Бұзылған үйлердің орнына жаңа қоныстың бой көтеруіне атсалысты. Мақтарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент ауылында Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері жаңа шағынауданның құрылыс жоспарымен танысып, алғашқы тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысып жатты. Зардап шеккендерге көмектесу үшін Болат Өтемұратов қоры 6 млн доллар бөліп, жаңа ықшамауданда 150 үйдің құрылысын бастады.
Бүгінде аудан орталығы Мырзакент кентінде әсем қалашық пайда болған. Онда 386 үй салынып біткен. «Ойбай, не дейсің, мырзакенттіктер қоныс тойын тойлап жатыр екен!» дегенді естіп, үйде отырып тақым қысып, тілеулес болдық. Сонда көңіл бір жайланғандай еді. Ойламаған жерден шатырсыз қалып, ойда-жоқта баспаналы болудың машақатын сол мақтаралдықтардан артық кім түсінсін?! Қуаныштан жүрегі жарылардай болған жұрт сонда бір жасап қалып еді. Бірақ… сол қуаныш көпке созылмапты. Тұрғындарға баспана кілті табысталғанына ай өтпей жатып, жаңа салынған үйлер сыр бере бастаған. Үйлердің сапасыздығы қарашаның басында жауған алғашқы жаңбырда-ақ білінді. Әсіресе, Нұрлыжол ауылы 3,4-жобаның үйлерінен көп шикілік шығып жатыр. Мәселен, 4-жоба, № 20-шы үйдің тұрғыны үйінің шатырынан су кетіп, қабырғаларына өткенін айтады. Төбеден тамшылаған суды шелектеп сыртқа төгіпті. Әйтпесе, жазда ғана салынған жап-жаңа үй. Жүректі атқақтатқан қуаныш сол кезде су сепкендей басылған. Мұндай үйлер Жеңіс ауылында да баршылық. Ауылдағы үйлердің 80 пайызынан көп ақау анықталыпты.
Сол ауылдың бір тұрғыны «Ас үйіміздің су ағатын жеріне бетон құйып кеткен. Сол жерді бұзып, құбырды қайта салатын мердігерді шақырдық. «Мен сендерге бүтін үй салып бердім, басқа не дейсіңдер?» деп мердігер компания зіркілдеді. Ас үйдің бір құбырын салдыру үшін оларды 10 күн күттік. Ақыр аяғы ауданға, облысқа шығып жүріп әрең шақырдық. Зорға дегенде шақырғанда тек құбырды ауыстырып берді де, «қопарылған жерді өздерің жөндеп аласыңдар» деп кетіп қалды», – дейді.
Ауыл тұрғындарының сөзінен байқағанымыз, шатырынан су аққан адамдардың көпшілігі қолдарынан келгенше, өздері жөндеп жатқан көрінеді. Мердігерлер 10-20 мың теңге қаржысын тастап кетеді екен. Ал ана ақау анықталған жердің шығыны одан 10-20 есе қымбатқа түсуде.
Жаңбыр тамшысынан тіпті төбесі опырылып түсіп қалған үйлер бар. Одан соң есіктері де дұрыс жабылмайды. Кейбірі орнатпай жатып, қирағалы тұр. Жылу жүйесін де дұрыс жүргізбеген. Бір бөлмеден екінші бөлмеге өтетін аралық кәріз құбырларының үстін цементпен жауып тастаған. Бүкіл үйді қопарып, жылу жүйесін қайтадан жасап жатқан үйлер көп. Айта берсек, әңгіме көп. Ең әуелі шатырдың өзін қалай болса, солай жаба салған. Кейбірінің үстіне қара қағаз жабылмаған. Шатырға қаққан шегенің өзі кәрі қойдың тісіндей, әр жерден бір-бір талдан қағып кетіпті. Сәл ғана жаңбырға қаншама адамның үйінен су өтіп кетті. Едені суланып, дымқылданып, линолеумі көтеріліп кеткені қаншама?.. Ал қардан кейін қабырғасы мұздап, көгеріп жатқандары ше?
Жеңістің тағы бір тұрғыны «Шүкіршілік етпейсіңдер. Вагонда тұрып жатқан адамдар бар. Су баспай тұрғанда екіқабатты үйде тұрған ба едіңдер?» деген сөздер жүрекке ауыр тиеді екен. Зәулім сарайда тұрмасақ та, жағдайымыз жасалған үйде тұрдық қой. Шүкіршілік етесің, есіл кеткен ақшаға жаның ашиды. Әрқайсысы 17 миллион теңгеге бағаланған үйлерге қарап қарның ашады. «Сенен кеткенше, маған жеткенше» салынған үйлер», – деп күйінеді.
Ынсап деген немене,
Ішіп-жеп кеткен
мердігер ме?
Біз сөйлескен қайсыбір тұрғын аты-жөнін атап айтуға қорқақтайды. Бір жағы «ынсапсыз, бәлеқор!» деген сөзден де аяқ тартады. Себебі олардың соңына түсіп, қызметі барларын қудалайды екен. Мүлде үндемейін десе, су өткені былай тұрсын, сапасыз арзан құрылыс материалдарынан асығыс салынған үйлердің құлап қалмасына кепіл жоқ. Сол баяғы журналистер мен әлеуметтік желі белсенділеріне арқа сүйейді-дағы. Сондай белсенділер мен жергілікті билікті шақырып жиналыс өткізген. Сол кезде:
– Осының арқасында бәрің жағдайларыңды жасап алдыңдар. Шіреніп келіп, шіреніп кетесіңдер. Жаңа үйлерді қабылдаған кезде сапаны неге қадағаламайсыңдар? «Технадзор» қайда қарады? Жауапты адамдарың телефонын көтермейді, – деді мырзакенттік бір тұрғын.
– Оны мен істеген жоқпын, ұста жасады, – деді жергілікті әкімдік өкілі.
Сол арада әлгі шенеуніктің джиппен келгені, «ондайлардың» қу құлқынынан әрі аса алмайтынын, тыңғылықты жұмыс істемейтіні айтылып үлгерді. Оған кері жауап та естілді. «Немен келетінімде сенің не жұмысың бар? Есекпен келем бе, атпен келем бе, кеп тұрмын ғой», – деп езеуресін.
Сонымен не керек, мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасы жайына қалды. Барлығын мердігерлерге итере салды. Халық жауапты адамдарды таппай құр сабылады.
Ал Мақтарал ауданының әкімдігіне хабарласқанымызда, мынадай жауап алдық: «Мақтарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде жаңадан бой көтерген шағынауданда ауа райының қолайсыздығына байланысты он шақты үйдің шатырынан су кеткен болатын. Осы бойынша аудан әкімі Бақыт Асанов аталған шағынауданда тұрғындармен кездесіп, барлық орын алған кемшіліктер қайта түзелетінін атап өтті. Осы мақсатта үйлерді салған мердігерлерге қатаң тапсырма берілді. Сондай-ақ үйлерді аралап көрген аудан басшысы жағдайды өз бақылауына алды. Қазіргі таңда жаңа шағынаудандағы үйлерге жылу беріліп, суық және ыстық су іске қосылған. Сонымен қатар мердігер компаниялар тарапынан орын алған кемшіліктердің барлығына түзету жұмысы жүргізілді», – деп жауап берді.
Мырзакенттік тұрғындар шулаған видео әлжеліге салынғаны сол-ақ екен, көп адамдар үнсіз қала алмады. Данияр Кожабек есімді желі қолданушысы «Тапсырма берілді, кемшілік түзеледі, жұмыс жасалады, мәселе шешімін табады, ескеріледі деген әкімшіліктің жаттанды сөздері ғой сол баяғы. Жаңа үйлер салынды, бірақ шатыры ұшып кеткен. Қызық, иә?» деген пікірін қалдырды.
Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің журналисі Аман Жайымбетов Мақтаралда жерасты суы жақын, бір-екі метр қазса, су шығатынын айтады. «Сол себепті ол жерде үйлерге міндетті түрде ағаштан еден төсейді. Өйткені цемент құйып, линолеум төсеу ауруға шалдықтырады. Ал жаңадан салынған үйлерге ағаш еден төселмеген. Жылы еден (теплый пол) дегенді айтпай-ақ қояйық. Демек ол үйде бірер жыл тұрғандар бел ауруына душар болуы мүмкін. Сол үшін әлі де кеш емес, 17 млн теңге алған мердігерлер ең болмағанда, отыратын бөлмелерге ағаш еден салып берсе, сауап іс жасар еді», – дейді.
Әріптесінің сөзін ақын, журналист Боранбай Құдияров та қостайды. Ол «Мырзакенттегі жаңа құрылған үйлерге ағаш еден төсеуге қосымша жұмсалатын шығынды осы үйлердің жобалық-сметасын жасаған құрылысты жобалау институты мен оны Мақтарал ауданында салуға өткізген облыстық тендерлік комиссиялардың мүшелері мен төрағаларының еңбекақыларынан өндіретін ету керек. Жазымен, қара күзге дейін, алғашқы салқын жаңбыр бір күн бойы жауғанша «тамаша әсем үйлер салынуда» деп мақтаған газеттер мен блогерлер мұндай жауын үш күн жауса, онсыз да жерасты суы деңгейі жер бетінен небәрі 20-30 сантиметр тереңдікте жататын Мырзакенттегі жаңа салынған үйлердің жыларман күйін көрер еді. Алғашқы жаңбырда жаңа үйлердің су сорғалаған шатырлары сыр берді. Ертең жаңбыр мен қар жиілей түскенде «еден астынан су шықты, екі иінімізден бу шықтыға» куә болмасақ жарар еді», – деп отыр.
Иә, бір ай өтпей жатып осынша былық анықталуда. Бір жылдан кейін қандай болар екен?! Бір үйдің төбесінен су өтсе, енді бірінің терезесі дұрыс орнатылмаған. Едені тастай суық. Есігі анау: ашсаң – жабылмайды, жапсаң – ашылмайды. Жақтауы жарылып жатыр. Тізе берсең, ақауы көп. Әрқайсысы 17 миллион теңгеге бағаланған үйлердің сиқына қарап, «қара халық қанағатшыл болу керек те, шенеуніктер мен мердігерлер ашкөз болу керек пе?!» деп қынжыласың. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» дегендей, ақыры салып берді екен, ақауы анықталған үйлерді соңына дейін жөндеп беруін өңір басшылығы қадағалайды деген үмітіміз бар.
Мәриям АЙТБАЙ,
Түркістан облысы