«Біреулер үшін өмірдің мәні көп ақшада, қымбат көлік пен зәулім үйде, одан қалды шетелге шығып, саяхаттауда болса, мен үшін өмірімнің мәні – балаларым. Қазір менің жүзден астам балам бар. Рас, олар басқаларға ұқсамайды. Бірінің аузынан су ағуы, бірінің ақыл-есінің кеш дамуы, бірі тіпті жүре де, қозғала да алмауы мүмкін. Бірақ, сол балаларымның алғашқы дауысы, алғашқы қадамы, риясыз күлкісі – мен үшін зор бақыт. Одан басқа байлықтың маған керегі де жоқ» дейді жалпақ жұртқа саналы өмірін қайырымдылыққа арнаған «алтын жүректі адам» ретінде жақсы таныс Ерлан Күмісқалиев. Күні кеше «100» жаңа есім жобасы жеңімпаздарының қатарынан көрінген Ерланның қайырымдылық жолындағы өмірін том томдық кітапқа арқау етуге болады…
Түнектен кейінгі сәуле
Ерланды қарапайым отбасылар, соның ішінде сәбилері сал ауруы, яғни ДЦП, дауна, аутизм сынды ерекше ауыр диагнозбен туылған аналар жақсы біледі. Себебі, Ерлан – дәл осындай сәбилерге жүрек қалауымен көмектесіп жүрген бірегей дәрігер. Кәдуілгі ит терапиясы арқылы емдеген бүлдіршіндерінің ішінде балабақшаға, мектепке қосылып кеткендері де бар.
«Көпшілік мені түсіне бермейді. «Нәтиже беру, бермеуі екіталай дүниеге осыншама жанкештілікпен ұмтылатыныңыз не?» деп сөгетіндер де бар. Бірақ, бұл жолды таңдауыма мені тағдырдың өзі итермеледі. Үлкен әпкем бар. Сол кісінің белі ауыратын. Науқасы шыдатпағаннан кейін ол кісіні Қытай дәрігерлеріне көрсетуге алып бардым.
Бұл 2006 жылдың аяғы болатын. Процедуралардың ұзақтығына байланысты, әпкеммен бірге екі кісілік палатада жатуыма тура келді. Сол кезде әпкем мені де қан сараптамаларын тапсыруға көндірді. Нәтижесінде өте қауіпті дертке шалдыққаным белгілі болды. Сол сәттен бастап мен үшін қорқынышты өмірдің есігі ашылды. Өз өзімді екі-үш жылға дейін жоғалтып алған кездерім де болды. Бірақ, адамның өлгісі келмейді екен. Бүкіл Қазақстанның, бірқатар шет мемлекеттердің таңдаулы деген клиникаларын араладым. Сауыққым келіп, кәдімгідей аласұрдым. Бірақ, еш нәтиже болмады.
Ауыр сырқатқа әбден көндіккен кезімде Ресейдің атақты деген ауруханаларының бірінде жатқан едім. Өмірмен қош айтысуға шындап бекінген мен палатадағы төсегімді терезенің алдына орналастыруды өтіндім. Таңнан кешке дейін сол терезеге қарап, сыртқы көріністерді тамашалап жататынмын. Сөйтіп, ұйқылы-ояу күндер мағынасыздықпен, белгісіздікпен жалғасып жатты.
Сенімнен гөрі үмітсіздік басым түскен түндердің бірінде ұйқыдан оянып кеттім. Әдеттегідей терезеге көзім түсті. Кенет, міне, ғажап, кемеліне келген ай терезені керіп жіберердей дәл алдыма келіп тұр екен. Сүттей аппақ сәулесі жүзіме түсіп, суық тартқан сүреңсіз палатаның ішін жарқыратып кеп жіберді. Мынадай көріністі кинодан ғана көретін мен бұл жағдайды Жаратушымыздың кереметіне балап, Алладан саулық сұрадым. Және сауыққан жағдайда денсаулық деңгейі ауыр адамдарға өмір бойы көмек қылуға ниет еттім. Сол дұғам қабыл болса керек, қазір, міне, алдыңызда ел қатарлы отырып, әңгімемді айтудамын» деп шаттанды кейіпкеріміз.
Канистерапия кәдімгідей көмектеседі
Бүгінде ауыр диагнозбен туылған балаларды емдеп жүрген ит терапиясын да ол кезінде Ресейдің өзі жатқан ауруханасынан көрген екен. «Төрт аяқты жануардың аурухана төсегіне таңылғандардың арасында не істеп жүргендігін бастапқыда түсінбедім. Бірақ, уақыт өте келе канистерапияның адамға зор пайда әкелетініне көзім жетті. Сол иттер пайда болғалы бері мен жатқан бөлімшенің өміріне үлкен өзгерістер енді. Адамдардың бойынан сенімділік, қуаныш лебін көрдім. Олар иттердің келуін күтетін. Аптадан аптаға дейін деген бір үміт пайда болды. Сол жағдайдан кейін канистерапияны Атырауға енгізу туралы идея туындады.
Жағдайым жақсарған соң, осы терапияға дайындала бастадым. Әуелі ғаламтор арқылы ақпараттар жинап, кейін тақырыптық семинарларға, конференцияларға қатысып жүрдім. Осы мәселе бойынша Ресейдің Мәскеу, Самара, Саратов, Кіші Новгород сынды біраз қалаларын араладым. Өзімнің де бірінші мамандығым фельдшерлік болғандықтан, тақырып маған аса жат көрінбеді. Тек лайықты күшіктерді табу қиындау болды. Зерттеулер мың күшіктің үшеуінің ғана пайдаға асатынын көрсетті. Сондықтан, хабарды көп күттім. Тек, 2012 жылдың жазында ғана Саратовтан хабар келді. Сөйтіп, туылғанына он күн болған екі күшікті қолтығыма қысып, Атырауға алып келген жайым бар» деген Ерлан арнайы иттерді асырап-бағу, күтіп-баптаудың да өз алдына үлкен ғылым екенін айтты. Оның үстіне ауыр науқасқа шалдыққан балалардың ішкі қорғаныс қабілетінің төмен болатындығы белгілі. Сондықтан да, иттерді ерекше жағдайда күтіп, олардың ас-ауқатын да арнайы тапсырыспен алдыруға тура келеді екен.
Ұзақ жылдық кешенді дайындықтан кейін Ерлан иттеріне тоғыз ай толған кезде алғашқы ем терапиясын бастап кетеді. «Менің алғашқы екі емделушімнің екеуі де қыз бала болды. Бірі үш жасқа келсе де сөйлей алмады. Екіншісі – алты жасар бүлдіршін. Оны ит талаған екен. Сол оқиғадан бері бала иттерден қорқып, үлкен психологиялық соққы алған. Әрине, қобалжу менде де болды. Күткен нәтижеге қол жеткізе алмасақ, бұл терапияны біржола қойып кетуім де мүмкін еді. Бірақ, Жаратушымыз жолымды оңғарды. Үш жасар пациент сөйлеп, балабақшаға қосылды. Ал, екінші пациентіміз қалыпты өмірге қайта оралды. Әлі күнге дейін бізге келіп тұрады. Иттерді де жақсы көріп кетті. Сол оқиғадан кейін қарапайым атыраулықтардың көмегімен орталық ашудың сәті түсті. Бүгінде сол орталықта жүзден астам бала оңалту сатысынан өтуде. Біз туралы ғаламтор арқылы оқып-білген ата-аналар кейде Алматы, Астана, Петропавл, Қарағанды, Өскемен қалаларына шақыртып жатады. Ол қалаларға да барамыз. Балалардың бойында сәл де болса оң өзгеріс байқалса, бізге содан асқан қуаныш жоқ» дейді Ерлан.
«Сәбилердің жанары – ӘРКЕЗ ЖАДЫМДА»
Әрине, өмір болған соң, өзгеріс те, күтпеген жайлар да орын алып тұрады. Сөз арасында Ерлан оңалту сатысынан толық өте алмай, ана дүниеге аттанып кетіп жатқан сәбилердің де болғанын айтып, қатты өкінді. «Ол балалардың көз жанары қашан да менің жүрегімде сақталып қалады. Себебі, мен оларды өз баламдай қабылдадым. Қатты жақсы көрдім. Және бір жақсылықтың болатынына сендім. Мүмкін, олар біздің орталыққа сәл кешігіп те келген болар. Бірақ, «мен неге үлгермедім екен?» деп те өз-өзімді кінәлаймын» деді ол.
Кейіпкерімізді толғандыратын қазір бір мәселе бар. Ол сөз етіп отырған қауіпті аурулардың көбейіп кетуіне алаңдаулы. «80-90 жылдары мұндай тенденция мүлде байқалған да жоқ. Ғалымдар 2025 жылға қарай әр туылған екінші баланың аутизмге шалдығып өмірге келетінін айтуда. Зерттеулер баланың ана жатырында жатып-ақ, ауа тарлығынан немесе оның мүлде жетіспеушілігінен қиналып, нәтижесінде сәби миының зақымдануға ұшырайтындығын көрсетіп отыр. Бұл жерде зерттеуді қажет ететін дүние көп. Бастысы, болашақ аналар өз денсаулығына күтіммен қараса екен» дейді ол.
P.S. «Жаңа жыл мерекесі жақындап қалды. Осындай мейрамдар қарсаңында мерекелік ертеңгіліктерге шақыртулар көп түседі. Біздің балаларымыз ондай көпшілік шараларға барудан тартынады. Себебі, өздерін өзгелерден төмендеу сезінеді. Осындай психологиялық кедергілерден баланы алып шығып, шараға келген кезде жас аналар оларды қабылдамай, «баланы әрі алыңыз» деп, кейде тіпті шу шығарып жатады. Рас, қоғам тұтастай мүгедек жандардан тұрмайды. Бірақ, біз мұсылманшылығынан айрылмаған қазақ едік қой. Осындай ерекше балаларға көңіл жылуымен, жанашырлықпен қарасақ екен деген тілегім бар. Өкінішке орай, мүгедек жандар біздің қоғамнан айтарлықтай алыстап кетті. Адамдар бір-біріне қамқор болудан ажырамаса екен» деп аяқтады Ерлан сөзін. Кейіпкеріміздің бұл сөзіне қосарымыз, кәсіпкерлер орталық жұмысына қолдау көрсетіп, ондағы мұқтаждықтардың шешілуіне оң әсер етсе екен дейміз.
Баян Әли, Атырау