Ұлтты ұйыстырған Ұлытау

17 маусым 2022, 11:37

Әр тасында таңбасы бар тарихтың,
Заңғар шыңы бірлігіндей халықтың.
Кең даласы, кең қазына қоймасы,
Тұлғасы өзге Ұлытаудай алыптың.

Киелі топырақтың перзенті, танымал ақын Батырбек Мырзабеков жырға қосқан Ұлытау – ұлт ұясы, қаймана қазақтың басын қосқан алтын бесік. Бүгін де ұлтымызды ұйыстыратын, бірлік пен бүтіндікке шақыратын қасиетті мекен. Мемлекет басшысының бастамасымен кеше Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтай мұның айқын дәлелі болса керек. Келелі істі көппен кеңесіп шешкен басқосу туралы 2-беттен оқыңыздар.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы болды. «Қазақпарат» агенттігі хабарлағандай, алқалы жиын араға ширек ғасыр салып облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде өткізілді. Ұлттық құрылтайды сөз сөйлеп ашқан Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдумның табысты өткенін атап көрсетті.

«Азаматтарымыз шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Ұлытаудағы Ұлттық құрылтай неге шақырылғанын түсіндірді. «Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім», – деп, құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін еске салды. «Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздің ресми атауын өзгертуге қатысты былай деді: «Стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны қисынды деп айтуға болмайды. Себебі әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар». Президент осыған дейін Қазақстан Республикасы атауымен өз тарихындағы маңызды келісімдерге қол қойғанын еске салды. «Ең басты мәселе – біз тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық. Мемлекеттік шекарамызды бекіттік.

Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе», – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, дербес облыс мәртебесі Үлытау аймағын тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтеріп, туристік әлеуеті артуы тиіс.
«Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталды. Ұлт ұясы Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты. Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлатын жастардың тың идеяларын қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Мен Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар, бірақ құрылтайдың орны бір бөлек. Бұл жерде халықтың үні естілуі тиіс. Кез келген адамды құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек. Бұл ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына кәміл сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару жөніндегі ұсынысын айтты: «Қазанның жиырма бесінде жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».

Ұлттық құрылтайдың қазіргі құрамында ақын Мұхтар Шаханов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, академик Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саясаткер Әлихан Бәйменов және тағы басқа танымал тұлғалар бар.

Талап Тілеген

27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»