Қазан қаласының мектеп оқушысы Амиль Нуруллин Татарстан президентінің көмекшісі атанды. Ол бүгінгі күнін Рустам Миннихановпен бірге өткізуде, деп хабарлады “Татар-информ”.
Оныншы сынып оқушысы Татарстан президентіне хат жазып, қала орталығы мен татар тілін дамыту бойынша ұсыныстарын айтқан. Оқушының талап-тілектерін құптаған президент ақырында оны бір күн бойы өзінің көмекшісі болуға шақырған.
Амиль Нуруллиннің бүгінгі күні апта сайын өтетін прзидент жиынынан басталды. Президент Рустам Минниханов оқушыны өзінің қызметкері әрі көмекшісі ретінде таныстырған.
Ресми жиналыстан кейін Рустам Минниханов пен Амиль Нуруллин Нижнекамск аймағына бет алды. Олар “ТАНЕКО” мұнай өңдеу кешенін аралады.
Бұдан кейін Амиль президентпен бірге елдің мұнайлы астанасы Альметьевск қаласына беттемек. Президент пен оның жас көмекшісі аурухананың ашылуына қатыспақ.
Сондай-ақ, Татарстан басшысы БАҚ өкілдерімен ресми жиын өткізбек. Аталған шараға оқушы Амиль Нуруллин де қатысады.