Оңтүстік Қазақстан полицейлері Төлеби ауданының жергілікті тұрғындарының малдарын жайылымнан ұрлап кеткен қылмыстық топты ұстады. Алтауы да жергілікті тұрғындар, екеуі бұрын сотты болған. Олар жайылымда адамдардың жоқтығын пайдаланып малды ұрлап отырған, деп хабарлайды Baq.kz.
Қазан айында Төлеби аудандық ішкі істер бөліміне 1957 жылы туған жергілікті тұрғын арызданған. Ол белгісіз адамдар жайылымнан 15 бастан тұратын бір үйір жылқысын ұрлап кеткенін айтады. Құны шамамен 4 миллион теңге. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, бірыңғай реестрге тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188 бабына сәйкес («Ұрлық») қылмыстық іс қозғалды.
Төлеби аудандық ішкі істер бөлімінің полицейлері жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында 6 күдіктіні ұстады. Олар 1979, 1991, 1992 және 1995 жылы туған Сайрам және Төлеби ауданының тұрғындары. Ұрланған малдарды полицейлер ОҚО-ның 25 жастағы тұрғынының үйінен табады. Негізінде ұрланған малдарды барымташыға сатып жіберген. Тәртіп сақшылары 10 жылқыны заңды иесіне қайтарды, қалғандарын күдіктілер сатып үлгерген, ал ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсап отырған.
Ұсталғандардың мал ұрлығының 10 жайтына қатысы бары анықталды. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 10 миллион теңге.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты заттар тәркіленді. Күдіктілер қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.