jasqazaq.kz

«Дені саудың – жаны сау»

25 желтоқсан 2017, 10:26

Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі дені сау ұрпақтың қолында. Салауатты ұрпақ қалыптастыруда «Керемет» медициналық қызмет көрсету орталығының рөлі аса маңызды. Оңтүстік Кореядан айтулы профессорлардың арнайы келіп, науқастарды қарап, диагноз қоюы бұл клиниканың үлкен жетістігі. Соңғы кездері, корейлік мамандар науқастарға кеңес беру барысында жергілікті дәрігерлерге шеберлік-сыныптарын да өткізіп жүр.

Клиниканың қазіргі таңдағы қызметін жете білу үшін бірнеше қызметкерлеріне сауал жолдаған едік.

Эрнест Қалиев, «Керемет» медициналық қызмет көрсету орталығының директоры

2011 жылы Оңтүстік Корея Президенті Пак Кэн Хе Алматыға іссапары кезінде, біздің Қазақ ұлттық университетіне келді. Сонымен қатар, Ёнсе университетіндегі Кангнам Севернас клиникалық орталығының басшысы Ли Бенг Сок Оңтүстік Корея Президентімен бірге келген еді. Ёнсе университеті әлемдегі үздік университеттердің үштігінде тұр. Бұл ҚазҰУ-да жаңа мамандандырылған медицина-биологиялық жобаның дүниеге келуіне мұрындық болды. Бір кездері ҚазҰУ медицина саласы бойынша мамандар даярлады, алайда 2007 жылдан бастап нормативтік-құқықтық базаның белгілі бір түрленуі болды. Барлық медициналық мамандықтар бойынша сертификаттау мен лицензиялау енгізілді. Яғни, медицина университеттері денсаулық сақтау саласына мамандар дайындауды монополияландырды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында тікелей медициналық көмек көрсетпейтін көптеген профильді мамандар жұмыс істейді. Ал әлемдік тәжірибе медициналық мектептердің денсаулық сақтау жүйесінің барлық секторлары үшін мамандарды даярлау мүмкін еместігін көрсетеді. Осыған байланысты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерді оқыту үшін айрықша маңызды бағытты қалпына келтіруге тырысты. Халықаралық рейтингтер тұрғысынан университеттің осы бағытта мамандарды даярлауы оны жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы Кангнам Северанс клиникасының басшылығымен бірге ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Нәтижесінде Алматыда «Керемет» студенттерге медициналық қызмет көрсету орталығының кореялық үлгідегі орталығы құрылды. Мұнда медицина қызметкерлерінің біліктілігі жоғары болуы керек. Қызмет көрсету деңгейі пациенттердің Оңтүстік Кореяда алған нәтижесін алуға кепілдік беруі керек. Диагностикалық орталықты қаржыландыруға ҚазҰУ 3,7 млн. АҚШ долларын бөлді. 2012-2013 жылдары екі жақтан да мамандар тобы көптеген байланыстар жасады. Төрт айда бір рет «Кангнам Северанс» клиникасынан мамандар тобы келіп, ұсыныстар мен ескертулерін айтып отырды. Жобаға қажетті өзгерістер енгізілді, жабдықтардың тізімі жасалды. Университет сондай-ақ қызмет көрсету, денсаулық сақтау, дәрі-дәрмектер және т.б. жүйесінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Медициналық орталықтың құрылуына бір жылдан астам уақыт қажет болды. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы құрылғаннан кейін, бізге тиісті аумақ бөлінді. 2014 жылы 37 медициналық техника сатып алып орнаттық. Басқарушы компания құрып, оны тіркедік. Сосын қызметкерлерді жұмысқа қабылдадық. Тәжірибеден өту үшін Кангнам Северанс клиникасына 6 дәрігер, 4 орта білікті маман және 2 IT-маман жіберуге мүмкіндігіміз болды. Осылайша, жоғары білікті кадрлармен, тиісті жабдықтармен және қондырғылармен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. 2014 жылдың қазан айында лицензия алдық.

Бірлескен қызметтің ең маңызды нәтижесі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ҚазҰУ-ға келуі. Елбасы Оңтүстік Кореядан келген көптеген қонақтардың қатысуымен, виртуалды лентаны кесіп, диагностикалық орталықты ашты. Біз өте жас медициналық орталық болғандықтан, әлі де даму үстіндеміз. Бірақ бұл даму қарқынды түрде жүзеге асуда.

Гүлмира ЖҰМАБАЕВА, кардиолог дәрігер:

Бүгінгі таңда кардиолог мамандығы өте маңызды. Әлемдік статисика бойынша жүрек ауруларына шалдыққан адамдар саны бірінші орында. Жүрек қан тамырларының, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық аурулары т.б. Сондықтан медицина саласындағы кардиология мамандығы өте үлкен маңызға ие. Мысалы, 40 жастан асқан адамдардың жүрегі сыр бере бастайды. Біз «Кереметтегі» диагностикалық орталықта жүрек ауруларының алдын алуға, медициналық кеңес беруге барынша септігімізді тигіземіз. Біздің орталықтан жалпы анализ (талдау) тапсыруға болады. Кардиология бөлімінің басшысы қабылдау бөлімінде, нұсқау, талдау (анализ) тұжырымдарын жасаса, мен ЭКГ зерттеуін оқып, жүрекке УДЗ жасаймын. Ол емделушінің жүрегінде қандай ақау бар екендігін 80 пайызға дейін білуге мүмкіндік береді. Сол арқылы науқастың диагнозын анықтауға болады. Біз жүрек қантамырларын, ішкі қуыс пен қабырғалардың барлығын бүге-шүгесіне дейін қараймыз. Біздің басқа медициналық орталықтар мен ауруханалардан басты артықшылығымыз – кешенді қаралудан бөлек, науқастың анализін анықтап, диагнозын бірден қоямыз. Барлығы бір жерде қарастырылған. Бұл Еуропалық стандарттарға сай. Бір кардиологтың өзі науқасты УДЗ-ге түсіріп, анализін зерттеп, ем тағайындауға мүмкіндігі бар. Мысалы, қан қысымы көтерілген адамның кардиологиялық анализін жасап, біршама уақыт қадағалаймыз. ҚазҰУ-дағы медициналық, диагностикалық орталық студенттермен қатар оқытушылар үшін өте қолайлы.

2015 жылы қаңтар айынан бастап «Кереметтегі» медициналық қызмет көрсету орталығында қызмет етіп келемін. Өз тәжірибемді негізге ала отырып студенттердің медициналық тексеруі кезіндегі оқиғаны баяндайын. Мысалы, өткен жылы 18-19 жас шамасындағы екі студент жүрек ауруына шалдыққан. Бірақ, оған дейін мектеп қабырғасында ешқандай ауру белгілері байқалмаған. Бірден отаға жібердік. Қазіргі таңда екеуі де ауруынан айықты. Ал тағы бір ҚазҰУ оқытушысы Оңтүстік Кореяға тегін гуманитарлық көмек негізінде ота жасауға жіберілді. Өткен жылы, қараша айында диагностикалық орталық мені Оңтүстік Кореяға тәжірибе алмасуға жіберді. Серіктестеріміздің жұмыс барысын өз көзіммен көріп келдім. Бір артықшылығы, барлық қызмет түрлері бір жерге топтастырылған. Кардиология саласындағы жаңа техникалық қондырғылары мен қызмет көрсету өте жоғары деңгейде. Қазір бізде «телемедицина» жүзеге асырылуда. Skipe электронды веб қызметі арқылы шалғайдағы Оңтүстік Кореямен байланысқа шығамыз. Мен келешекте Зальцбург медициналық семинарына қатысқым келеді. Ол жақтағы жаңа әдіс-тәсілдерді игеріп келуді жоспарлап жүрмін. Күнде әртүрлі пациенттер келеді. Студенттер вегетотамырлы дистония ауруларына шалдықса, орта жастағы емделушілер артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық аурулары т.б. шалдығады. Болашақта Холтер құрылғыларын сатып алу жөніндегі мәселені басшылықпен талқылаудамыз. Холтер (аппараты) көп функционалды. Науқастың жүрегінің ЭКГ, қан қысымын 24 сағат бойы қадағалап отырады. Аурудың асқынып кетуіне жол бермейтін, алдын алатын көмекші құрал. Ғалымдардың айтуынша, адам күніне кем дегенде 30-40 минут қарқынды түрде іс-қимыл жасауы қажет. Яғни дене жаттығулары, жүру, жүгіру және т.б. Тіпті спорт залдарына баруға мүмкіндік болмаса да, ғаламтордағы жаттығулар видеосын қосып, билеп, шынығып қимылдау қажет. Болашақта емдеу әрі денешынықтыруды біріктіретін орталық ашылса, нұр үстіне нұр.

Нұрбике НҰРСҰЛТАНҚЫЗЫ, егу бөлімінің қызметкері

1984 жылы Алматы қаласындағы Республикалық медициналық училищесін тәмамдаған соң, Республикалық балалар емханасында 32 жыл бойы жұмыс атқардым. 2014 жылдан бастап «Керемет» клиникасында емдеу-егу бөлімінде қызмет етіп келемін. Біздің медициналық орталықта ұлттық университеттің оқытушылары мен студенттер қаралады. Әрқайсысын жылы шыраймен қарсы алып, медициналық көмек көрсетеміз. «Кереметте» халыққа қызмет етудің өзі өте ыңғайлы. Барлық жағдайлар жасалған. Біз үшін әрбір емделушінің денсаулығы, жай-күйі аса маңызды.

Гүлзабира МЫРЗАХЫМЕТҚЫЗЫ, егу бөлімінің қызметкері

1983-89 жылдар аралығында Ташкент қаласындағы медициналық оқу орнын бітіріп, Ресейде 2005 жылға дейін медицина саласында қызмет еттім. 2005-2017 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Ақсай балалар ауруханасында жұмыс істедім. Үстіміздегі жылдың шілде айынан бері «Керемет» медициналық қызмет көрсету орталығында жұмыс істеп келемін. «Кереметте» барлық қызмет түрлері бір жерде қарастырылған, оңтайлы әрі қолжетімді. Бұл медициналық орталық өте жас. 2014 жылдан бастап ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларына қызмет жасаса, 2017 жылдан бастап қызмет көрсету аясы кеңейтіліп, қала тұрғындарына да медициналық қызмет көрсете бастады. Жаңа технологиялық қондырғылармен жабдықталған тіркеу, егу, қарау т.б. бөлімдер бар. Медициналық жабдықтар бойынша Оңтүстік Корея мемлекетіндегі бірнеше емханалар мен медициналық білім беретін университеттер қолдау көрсетеді. Қызмет көрсету бағыты Оңтүстік Кореяның жобалау моделіне сай келеді.

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ

Студенттік баспасөз Орталығы

Бүгін, 12:45
Бейбіт елдің бітімгерлік миссиясы немесе Калай-Хумбтан Голан жотасына дейін
Бүгін, 10:45
Ғалам – «сауда соғысына» алаң
19 шiлде, 21:21
Түркістан: Қоғамдағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі
19 шiлде, 20:49
Түркістан: Төлеби ауданының экономикалық әлеуеті қаралды
19 шiлде, 20:28
Түркістан: Төлеби ауданында кәсіпкерлік дамып, маңызды жобалар жүзеге асып жатыр
19 шiлде, 19:55
Түркістан: Кентауда 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
19 шiлде, 17:32
Түркістан: Жүзім шаруашылығы қарқын алды
19 шiлде, 11:25
Экономика: Тұрақсыз әлемдегі тұрақты өсім
16 шiлде, 15:14
Түркістан: Сайрамда 32 отбасына пәтер кілті тапсырылды