jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез

19 қараша 2021, 11:29
430

Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез

Күздің қара суығы басталды. Мезгіл – қарашаның қақ ортасы. Әне-міне дегенше, қылышын сүйретіп қыс келеді. Желтоқсан мен қақаған қаңтардың аязы мен боранына аз-ақ қалды. Алайда елімізді кейбір өңірлерінде, жұрт тас көмірдің тапшылығын сезінуде. Көмір үшін күрес әлі жалғасып жатыр.

Иә, қар түсіп, күн суытса да, қала тұрғындары «қара отынға» қол жеткізе алмай отыр. Кезек көп. Көмір жоқ. Баға қымбат. Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы «Қалада көмір жеткілікті» десе, тұрғындар көмір тапшылығының зардабын тартып отыр. Олардың айтуынша, көмірді әдейі ұстап отыр.

Мән-жайды анықтау үшін кешкі 5-тер шамасында қаланың сыртында орналасқан «Бірлік» шағынауданындағы негізгі көмір өткізу орнына бардық. Көзімізге бірден түскені – кезекте тұрған көліктердің көптігі. Жұмыс орнында ешкімді кездестіре алмадық. Көрші шаруа қожалығының қызметкерлерінен бағытымызды айқындап алдық. Кейін анықталғандай, көмір келмепті. Тиісінше, қызметкерлері де жоқ екен.

Аумақты аралап жүріп, бір-екі адамның қарасын көзіміз шалды. Кезекте тұрған адамдар екен. Сөйлестік.

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны Алтынбек Нұрпейісов 200 шақырым жерден Көкшетауға көмір алу үшін келген. Алайда осындай ұзын-сонар кезекке тап боларын күтпеген. «Көмір Атбасарда, Новоишимкада да жоқ. Көкшетауға таңертең келдім.

Міне, әлі тұрмын. Көмір жоқ. Вагон келеді. Көмір 2 сағатта жоқ болады. Алыстан келеміз. Мен, міне, 200 шақырым жерден, Чистополье жақтан келдім. Оған қоса, 5 тоннадан артық артпайды. Кезек баяу жылжиды. Тұрамыз енді, басқа не істейміз?..», – деді Алтынбек.
Шаһардың «Жайлау» шағынауданының тұрғынымен сұхбаттастық. Ол өзінің есімін атаудан бас тартты. «Барлық мән-жайды айтып берейін, тек аты-жөнімді атамаңдар, өздерің білесіңдер ғой…», – деді. Сөзін қаз-қалпында келтірейік: «Дүйсенбіден бері, міне, үшінші күн кезекте тұрмын. Көлігімді қойып кетемін. Сосын жүк көлігіме мініп, өз жұмыстарымды істеймін. Кезекті жоғалтып алмау керек қой. Сол үшін жеңіл көлікті қалдырамын. Осылай келіп, кетіп жүрмін. Бәрі солай. Ал егер түнде осы мәшинелердің дөңгелегін шешіп алып кетсе ше? Бірдеңесін ұрлап кетсе ше? Кім жауап береді? Ал көлігі жоқтар не істейді? Қалай кезек алады? Өздері келіп тұра ма осы жерде, қақаған суықта?! Көмір бәріне жетеді. Вагондар тиелген, естігем жігіттерден. Ұстап тұр анау жақта жібермей!».

Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бұл мәселеге қатысты өз жауабын берді: «Қазіргі таңда «Шұбаркөл» көмірінің жетіспеушілігі байқалады. Бұл халықтың жоғары сұранысы мен тасымалдың кешеуілдеуімен байланысты. Күніне 1000-1200 тонна көмір сатылады», – дейді.

Сөз көп. Пәтуә жоқ. Жиылыс көп. Тиянақ жоқ.

Қала халқы көмірді қыркүйек айынан бері күтіп отыр. Қала тұрғыны, «Көкше» телеарнасының тілшісі Сәния Көпжасарова да аталмыш мәселемен бетпе-бет келіп, әлеуметтік желіде өз ойымен бөлісті. «Адамдар қатты мұқтаж болғанда, сондай-ақ көмірдің аз екендігін естігенде, артық төлеп жіберуден тартынбайды. Бұл – дәлелденген жайт. Жыл сайын осылай. Менің кезегім тоқтап қалатын немесе кезек келгенде көмір бітіп қалатын…», – дейді Сәния.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, көмір республика бойынша 2,1 пайызға қымбаттады. Әсіресе, Қарағанды облысында баға көтерілген (9,5%). Көкшетау қаласында қазір көмірдің 1 тоннасы 13 200 теңгеге сатылып жатыр. Бұқара «баға алдағы уақытта тағы өседі» деп алаңдайды. Тұрғындардың сөзіне құлақ ассақ, көмірді кейін бағасын көтеру үшін әдейі ұстап отыр. Өйткені көмір саудалайтын орындар пайда тауып қалғысы келеді. Осы мәселеге жауаптылар да халықтың жоғын жамасудың орнына барын жырымдап жатыр. Қу құлқынның қамы қымбат боп тұр ғой…

Мерген Тоқсанбай

21 қантар, 11:52
Тәрбие құралы Тик-Ток боп тұр
21 қантар, 11:45
Елдігімізді қадірлейік!
21 қантар, 11:11
Нұрғали Нүсіпжанов: Біздің заманымызда жастарымыздың патриоттығы ерекше еді
30 желтоқсан 2021, 20:07
“Құрманбектің Ақтотысы” (Видео)
24 желтоқсан 2021, 12:05
Айтылмаған әңгіме
24 желтоқсан 2021, 11:55
Желтоқсан ақиқаты мен ақтаңдақтары
24 желтоқсан 2021, 11:38
Желтоқсанды ойласам, өзегімді өрт қабады
24 желтоқсан 2021, 11:28
Дінмұхаммед Нұрлан: Тәуелсіз елде туғаныма мақтанамын!