jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Вирус не жұғады, не жұқпайды

12 қараша 2021, 14:19
693

Вирус не жұғады, не жұқпайды

Кейде неше түрлі ой келеді. Мәселен, тәжтажалдың таралуына жол бермейтін шаралар туралы. Дүкеннің кіреберісіне тұрғызып қойып, әркімнің маңдайына тигізген құралмен ыстығыңды өлшемейтін болды. Одан құтылдық. Есесіне, қазір «қызыл, жасыл, көк» деп бөліп тастады.

«Қызылдар» қауіпті, сондықтан үйінде отыруы керек. «Қызылға» жақындап кеткендер «сарғайып», олар да ешқайда шыға алмайды. «Жасыл» мен «көктер» анда-мында шауып жүре береді. Енді «көктерге» де тықыр таянған сияқты. Келесі аптадан бастап Нұр-Сұлтанда «Ashyq» жүйесінде «көк» мәртебені иеленгендер ойын-сауық орталығына бас сұға алмайды. Бұған дейін жұмыс күндері емін-еркін кіре беретін. Естуімізше, бұл «пилоттық жоба», яғни вирустың таралуын азайтуға әсер етсе, басқа қалаларда енгізбек. Сондағы уәж: ойын-сауық орталығында вирус жұқтыру қаупі бәрінен де зор екен. Басқа жерден ол пәлекет айналып қашатын сияқты. Өйткені сауда үйі, сауда орталығы және базар-пазарға ондай тыйым жоқ. Санитарлық ахуалға жауапты азаматтар мен азаматшалар вируспен меморандумға отырған жоқ па осы? «Жарайды, Тәжеке, ойын-сауық орталығында ұшып жүре бер, бірақ құдай үшін, супермаркет, базар дегенге жоламашы» деп тізімін ұстатып…

Әйтпесе, кез келген қоғамдық көлікке кіріп көріңіз. Бұрынғыдай жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын уақытта ғана лық толы дейтін емес, тапа-тал түсте мінсең де сол. Қайдағы бір вирусты ойлайтын шама қайда! Қайтсең де үйге жету керек. Содан жау қамалын шабуылдаған әскердей лап қоясың. Тәжекең тайраңдап, ойнақ салатын-ақ орта. Бірақ біздің қаулы шығарғыштар қоғамдық көлікті айтса, құлағы естімей қалады. «Бетпердені шешпеңдер» деп міңгірлегені болмаса. Естімегені де дұрыс шығар. Ертеңгі күні автобусқа «Ashyq»-пен кіресіңдер десе, қайтеміз?

Сонымен ойын-сауық орталықтарына «көктер» кіре алмайды (әзірге Нұр-Сұлтанда). Алматыға бұл әлі жете қойған жоқ. «Көктер» жұмыс күні кіре береді. Сенбі-жексенбі күндері «жасылдарға» ғана жол ашық. Демалыста вирус еселеніп, ерекше құтырынып кете ме, бұған енді біз сияқты пенделердің миы жетпейді.

Жалпы біздің шенеуніктердің логикасын түсіну қиын. Кез келген ойын-сауық орталығының ішінде супермаркет бар. Оған бәрі кіре алады. Мәртебеңді ешкім тексермейді. Базар атаулының қақпасына «Ashyq»-тың белгісі ілініп тұрғанымен, оған пысқырмай өте шығуға болады. Таяуда «Ashyq»-пен той өткізуге рұқсат берді (сол талаптың шынымен орындаларына өздері сене ме екен).

Логиканы былай қойғанда, санитарлық сала мамандарының сөзін де түсіне алмайсың. Күні кеше денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетоваға журналистер: «Тек «жасыл» мәртебесі бар адамдар сауда, ойын-сауық орталықтарына бара алса, бетпердесіз жүре ала ма?» – деген сауал қойды. Ол былай деп жауап берді: «Бетперде тағу міндетті. Өйткені қазір вакцина алғандардың да ауру жұқтыратыны белгілі болды. Тиісінше, олар да қатер төндіруі мүмкін. Дегенмен, вакцина алғандар оңайлықпен вирус жұқтырмайды және ауруды да жеңіл өткереді».

Түсінбедік, вакцина алғандар вирус жұқтыра ма, жұқтырмай ма? Әлде Есмағамбетова ханым «өтірік» екпе алғандарды есепке алып отыр ма? Шынында да, вакцина төлқұжатын сату туралы әңгіме тынғалы қашан. Ол сауданың жолы кесілген күннің өзінде, сатып алғандар «жасылдардың» арасында жүрген жоқ па? Онда «жасыл, қызыл, көк» деп бөлуден не пайда?
Осы арада А.Есмағамбетованың өткен жылы еліміздің бас санитарлық дәрігері қызметін атқарғанда «бетпердені жабық жерде де, көшеде де тағу керек» деп қаулы шығарғаны есімізге түсіп отырғаны. Сол кезде санитарлық сала мамандары біресе «көшеде тағу керек», «тақпау керек» деп жұртты әбден шатастырған болатын. Сол сияқты «қызыл, көк, жасыл» түстің де дәуірі өтер.

Ал әзірге сақтанып жүрейік. Өйткені вирус не жұғады, не жұқпайды!

Гүлнар Ахметова

21 қантар, 11:52
Тәрбие құралы Тик-Ток боп тұр
21 қантар, 11:45
Елдігімізді қадірлейік!
21 қантар, 11:11
Нұрғали Нүсіпжанов: Біздің заманымызда жастарымыздың патриоттығы ерекше еді
30 желтоқсан 2021, 20:07
“Құрманбектің Ақтотысы” (Видео)
24 желтоқсан 2021, 12:05
Айтылмаған әңгіме
24 желтоқсан 2021, 11:55
Желтоқсан ақиқаты мен ақтаңдақтары
24 желтоқсан 2021, 11:38
Желтоқсанды ойласам, өзегімді өрт қабады
24 желтоқсан 2021, 11:28
Дінмұхаммед Нұрлан: Тәуелсіз елде туғаныма мақтанамын!