jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз

05 қараша 2021, 13:40
581

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз

Таяуда алдағы үш жылдың бюджеті бекітілді. Мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражат тиімді жұмсалып, тиісті жеріне жетсе, көп шаруа оңынан шешілері сөзсіз. Бұл, әсіресе, әлеуметтік салаға қатысты. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Әлия Маратқызы Әбсеметовамен сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді.

Jas qazaq: Әлия Маратқызы, алдағы үш жылдық бюджет бекітілді. Бөлінетін қаражаттың жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталмақ. Рас, бізде қордаланып қалған шаруаның дені осы әлеуметтік салада. Алғашқы сауалды өзіміздің мамандыққа қатысты қойсақ. Өзіңіз де журналист, медиа-волонтер болып жұмыс істедіңіз. Осы үш жылдық бюджеттен ешқандай мәртебесі жоқ журналистер қауымына арнап, әлеуметтік тұрғын үй де салу керек шығар?

Ә.Әбсеметова: Ел дамуының барлық қыры, барлық аспектілерінің түп негізі, іргетасы болып, мемлекеттің әлеуметтік хал-ахуалы тұратынын ұмытпауымыз қажет. Үкімет тарапынан әлеуметтік салаға қаражаттың көптеп бөлінуі, әрине, қуанарлық жайт. Осы уақытқа дейін әлеуметтік сала қызметкерлері, мойындау керек, мардымсыз жалақыға еңбек етіп келді. Сол себепті, олардың еңбегін елеп, ынталандыра түсу маңызды. Расымен де, еңбектері зор. Енді, әлеуметтік саладан бөлек, елімізде басқа да саланың мамандары бар. Журналистер, өнер адамдары, техникалық-кәсіптік мамандық иелері және тағы да басқалары. Олар да, әлбетте, қолдауға, көмекке мұқтаж. Әсіресе, жастар үшін тұрғын үй мәселесі бірінші кезекте тұр. Жалпы кез келген салада сапа болуы үшін, білікті кадрлар болуы үшін мамандардың әлеуметтік жағдайы дұрыс болуы керек деп есептеймін. Сондықтан сіз көтеріп отырған мәселе де орынды. Негізінде, қазіргі таңда бірқатар жас мамандар «Алматы жастары» сынды шарттары жеңілдетілген бағдарламалармен үй алып жатыр. Олардың қатарында көптеген журналист әріптестеріміз де жоқ емес. Менің ойымша, болашақта бұл мәселе қолға алынатын болады. Бұл бірден емес, кезең-кезеңімен шешілетін дүние деп ойлаймын.

Jas qazaq: Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік көмегі, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, басқа да төлемдердің мөлшері тым мардымсыз. 10-20 пайыз деп алдаусыратпай, неге екі-үш еселеп көтермейміз?

Ә.Әбсеметова: Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық жәрдемақылар мен көмектер мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігіне қарай, экономикалық жағдайға сәйкес қарастырылады.

Мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан тиісті көмектер көрсетілуде. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж басқа да азаматтарымыз бар. Олардың ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да бар. Қазіргі уақытта мемлекеттің назары осы бағытқа да аударылып отыр. Бұл ретте, 2021 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 2021 жылғы 12 қазанда қол қойды.

Jas qazaq: Қоғамның әлеуметтік әлеуетін әбден зерттеген, көрген, таныс маман ретінде Парламенттің мәжілісінен мандат алдыңыз. Бүгінгі таңда кезек күттірмейтін, алдымен шешілуі тиіс қандай мәселелерді атар едіңіз?

Ә.Әбсеметова: Парламент Мәжілісінің депутаты болып жұмыс бастаған күннен бастап, әріптестеріммен бірге көптеген өзекті мәселелерді көтердік. Солардың қатарында, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың түйткілдері туралы айтып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша мәселелерді көбірек көтеріп жүрмін. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан бөлінетін үйлер тегін берілсе екен деп үміт артамын.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек

21 қантар, 11:52
Тәрбие құралы Тик-Ток боп тұр
21 қантар, 11:45
Елдігімізді қадірлейік!
21 қантар, 11:11
Нұрғали Нүсіпжанов: Біздің заманымызда жастарымыздың патриоттығы ерекше еді
30 желтоқсан 2021, 20:07
“Құрманбектің Ақтотысы” (Видео)
24 желтоқсан 2021, 12:05
Айтылмаған әңгіме
24 желтоқсан 2021, 11:55
Желтоқсан ақиқаты мен ақтаңдақтары
24 желтоқсан 2021, 11:38
Желтоқсанды ойласам, өзегімді өрт қабады
24 желтоқсан 2021, 11:28
Дінмұхаммед Нұрлан: Тәуелсіз елде туғаныма мақтанамын!