jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Әлемді дүрліктірген Squid game не туралы?

29 қазан 2021, 14:13
371

Әлемді дүрліктірген Squid game не туралы?

Әлемдік Netflix компаниясы оңтүстіккореялық Squid game
(Калмар ойыны) атты сериалын көпшілікке ұсынды. Небәрі 9 бөлімнен тұратын сериал тұсаукесерден кейін бірден ТОП-10 тізіміне енді. «Калмар ойыны» біздің елде де әжептәуір танылды. Әдеттегідей жұрттың пікірі екіге жарылды. Бірі жақтаса, бірі даттап әлек. Біз де әлемді жаулаған сериалды зерттеп көрдік.

Бүгінде әлемдік Netflix компаниясы әр елдің өз мәдениетін көрсететін сол елдің тілінде өнім шығара алатындай үлкен қаражат бөледі. Компания 60-тан астам тілде туынды шығарады. Squid Game аталатын туынды Netflix-те ең көп қаралаған сериал екенін жоғарыда айттық. Squid Game, «калмар ойыны» дегенді білдіреді. Бұл Кореяда балалар ойнайтын ойын. Сериал көрермен қауымға қалай жетті? Ғаламтор пайдаланушылар статистикасы бойынша, көрермендердің 80 пайызы Netflix ұсынған фильмдерді ұнатады. Squid Game-де жаһандық аудиторияны не тартады? Ағылшын тілі бүгінде жер бетіндегі ең көп таралған тіл, онымен келісеміз. Біз екі жыл бұрын Оскардың ең үлкен сыйлығын алған «Parazite» фильмін ұмытқан жоқпыз. «Snowpiercer» немесе «Burning», «Memories of Murder», «Oldboy» сияқты табысты фильмдер әлі де жадымызда. Осыған қарап: «Кореяда жасалғандықтан, біздің алдымызда автоматты түрде өте жақсы драма бар» деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Шын мәнінде, Squid Game сондай керемет емес. Жас көрермендер үшін сериалдың бәрі тың болып көрінуі мүмкін. Дегенмен «ойын алаңы тәрізді жерде кедейлерді байлар аулайды» деген тақырыпта түсірілген фильмдер қаншама! Онда көпшіліктің мұншама қызығушылығының сыры неде? Бұл әрбір оқиғаның терең философиялық немесе саяси салдары болуы керек дегенді білдірмейді. Кейде тіпті бір ғана көзқарас көп нәрсені айта алады. Әсіресе, көпшілікке қымбатшылық немесе өлместің күйін кешкен оқиғалар шындықты айтады. Бұл сериалдан әр адам өзін көрді. Нәпақасыз, жұмыссыз қоғам. Оңай олжаны ойлап, бәс тігетін кейіпкер. Әйелімен ажырасып, жалғыз қызымен қарым-қатынасы бұзылған жігіт. Ер адам қызын жақсы көреді, бірақ әкелік мейірімін төге алмайды. Басты кейіпкер – отбасынан қол үзген орта жастағы ер адам. Сериалдың бірінші бөлімі кейіпкердің күйін сипаттау үшін өте баяу өрбиді. Көрермен оның аянышты жағдайын көріп, оған жанашырлық танытуы қажет. Бірақ бірден айта кетейін, сериалдағы барлық көріністер өте қарапайым жасалған. Кейіпкер метро стансасында әдемі киінген жұмбақ жас жігітті кездестіргенде, оған тосын қоңырау келеді. Оқиға осылай басталады. Кейіпкерге қомақты қаржыны иемдену үшін әлдебір ойын ұсынылады. 60 мың долларға жуық несие қарызы бар кейіпкер жоқ деп айта алмайды. Басты кейіпкердің мотивациясы – «ақша». Ойынға түрлі себептермен несиелік қарызы бар басқа да адамдар қатысады. Ал ойынның әр кезеңінде ережені бұзған адам өледі.

Шоудың классификациясы ересек көрермендерге арналған. Ересек адам кейбір елдерде 18 жастан жоғары, ал кей елде – 21 жас. Көрермендер тарапынан бұл жас шектеуін түсіну қиынға соғады. Ойын платформаларында, фильмдерде немесе телешоуларда бұл жас шектеуі сіз үшін нені білдіреді? «О, мен бұл сериалды көре алмаймын, менің жасым сай келмейді» дейтін адамды кездестірдіңіз бе? Әй, қайдам. Сол кезде қашықтан басқару пультінің түймесін түрту – бұл сіз бен экран арасындағы ресми таңдау. Бұл – ар-ождан мәселесі! Дәл осы себепті, Squid Game-ті 18 жасқа толмаған көрерменнің көруіне кеңес бермес едім. Біз онсыз да зорлық-зомбылық белең алған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Біз адамдарды аяусыз өлтіруге немқұрайды қарауымыз керек пе? Сілеміз қатқанша күлуіміз керек пе? Сериал көру жағынан рекордтық нәтиже көрсетті. Бұл «рекордтық» көрсеткіште сіз бен біздің де үлесіміз бар.

Squid Game Кореядағы әлеуметтік құрылымды ашық көрсетіп, капитализмді сынағанда, қалың бұқара сериалды бірден қабылдады. Бұл жаңа буын неолибералды бұқарасы өнер әлемінде де өте белсенді. Шын мәнінде, «Паразит» фильмі дәл осындай себеппен дәл осындай әсерге ие болды. Тек «Оскар» алып қойған жоқ, сонымен қатар барлық өнер ортасынан оң реакцияға ие болды.
Корей қоғамында шынымен осындай түйткілдер бар ма? Оңтүстік Корея – автомобиль және электроника саласындағы әлемдегі ең ірі сауда белгілеріне ие ел. Ендеше, мұндай дәулетті қоғамның гүлденуі күтілмей ме? Бірақ статистика олай демейді. Бұл ел әлемдегі суицид деңгейі ең жоғары елдердің бірі. Сериалдағы бір кадрда жаңалықтар жүргізушісі теледидарда отбасылардың қарыздық қатынасы туралы пессимистік ақпарат береді. Кейіпкерлер бастан кешкен жағдайлар да жүйенің қатыгездігінен туындаған. Әсіресе, аға буын өкілдері бұл жүйенің ең ірі құрбандары. Сериал басқа да көптеген тақырыптарды қамтиды. Олардың барлығы қатыгез капиталистік жүйемен байланысты. Фильм барысында басты кейіпкердің моральдық кемшілігін байқамаймыз. Ол жағымсыз әрекеттерге аман қалу үшін барады. Шындығында, кейіпкерлердің де, оқиғаның да тереңдігі жоқ. «Тірі қалу» негізгі мақсат болғандықтан, бұл тақырыпта жақсы түсірілген фильмдер мен телехикаялар көбінесе сәтті шығады.

Соңғы аман қалған адам 40 миллион доллар үшін бәріне дайын. Ол барлық қадамнан өтеді. Қалғандары – құрбан.
Қандай ой түйдік бұдан?

Тақырыпқа орай

Әлемді дүрліктірген Squid game не туралы?

Гүлзат КӨБЕК, киносыншы, өнертану PhD докторы:

Жүйкемен ойнау

«Экрандағы қантөгіс қауіпті емес. Біз онсыз да қатыгез жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Жүйке тозған. Бәсекелестік жоғары. Рухани әлем құлдырады. Материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шықты. Ақша табу жолында адамдар бірін-бірі аямайды. Сенім азайды. Сатқындық көп. Бұл сериалдың идеясы бүгінгі әлемдік жүйенің ойын ережесін айқын ашып берді.

Көзіқарақты көрермен, керісінше, бұл сериалдың мазмұнынан өзі үшін ой түйе алады. Қарызға батпау, жүйенің құрбаны болмау, өз өміріңе жауапкершілікпен қарау, жақындарыңа опасыздық жасамау, анаңнан, балаңнан, бауырыңнан ақшаны жоғары қоймаудың маңызын түсінеді.

Сериал талғаммен жасалған. Идея, сценарий, актерлік ойын шеберлігі, декорация, стилі жоғарғы деңгейде. Атмосферасы тынысыңды тоқтатып тастайды. Бұл – динамиканың магиясы. Әсер беру шеберлігі. Көрерменнің де бір сәтке дамылдап, өмір жайында ойлануына мүмкіндік береді
Қантөгіс көп. Адам өмірінің құны – көк тиын. Мәйіттің дене мүшелері донорлық бизнес көзіне айналған заманның ережесі қатаң. Ойын ережесі бар. Кім мықты?! Сол – жеңімпаз! Финалға дейін жүлдеге тігілген ақша салынған шар төбеде ілулі тұрады. Бұл – символ. Ақша үшін өмірін жоғары қоятын адамдардың саны бүгінгі заманда артпаса, азайған жоқ. Ойын – құмарлық. Міне, бүгінгі әлемдік жүйенің тамыр соғысы.

Кепілдік – өз күшіңе сенсең ғана аласың. Сәттілік те бар. Режиссерлік шешім осы сәттілік деген ұғымға екпін береді. Кейіпкерлердің бет-бейнесін салыстырмалы түрде ашады. Мықты бизнесмен болғаныңмен, көшедегі жұмыссыз қаңғыбас құрлы жан сақтай алмауың мүмкін.
Сериалдың басты мотиві – бұл өмірде қиындық көргеннің емес, еріккеннің ережесімен ойнайды деген қағиданы көрсетеді. 001 нөмірдегі қарияның қалауы – балалық шағындағы шынайы эмоцияларды қайтадан басынан өткеру. Қарттық өмір басталып, өлімі жақындаған адам балалық тазалығын армандайды. Бұл адам табиғатының болмыс философиясы жайында ой салады. 001 нөмірлі кейіпкер де ойынның басты ұйымдастырушыларының біріне айналған беделді тұлға. Ол бар болғаны ойынды ішінен бақылаудан ләззат алады. Адамдардың басынан өткеретін эмоциясын қызықтайды.

Биліктің күші мен ақша үшін құл болған тобырдың психологиясын көреміз. Ұйымдастырушылар санаулы. Олар ықпалды. Оларға қызық керек. Уақыт өткізу керек. Қажет болса, өз өмірінде өзін қайыршы деңгейіне дейін жеткізген адамға әділ ойын ережесіне қатысуға мүмкіндік береді. Жүйенің жүйкесімен ойнау – олар үшін ең жоғарғы нота. Сериалдың басты философиясы – осы».

Әлемді дүрліктірген Squid game не туралы?

Ұлбике Жақсыбаева, мұғалім:

Бұл сериалдан баланы аулақ ұстайық!

«Бұл фильмді оқушыларға көрсетуге қарсымын. Әсіресе, 13-15 жас аралығындағы балаларға көруге болмайды. Сериал үлкен сұранысқа ие болғанын естіп, мен де не туралы екенін көрейін деп 1-2 сериясын көрдім. Шыны керек, бала емес, өзіме де қатты әсер қалдырды. Фильм балаларды қатыгездікке тәрбиелейтіндей көрінді. Өйткені қантөгіс көп. Оны көрген бала қантөгісті қалыпты жағдай екен деп қабылдауы мүмкін. Ата-ана да балаларының не көріп жатқанын бақылауға алуы тиіс. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін қазірден түсіндіріп отыруымыз керек. Фильмде белгілі бір шектеу бар, ол 18 жастан асқан ересектерге арналған. Сондықтан, ең алдымен, ата-аналар осы фактіге назар аударуы қажет. Мен өз балаларыма бұл сериалды көруге тыйым салдым. Бірақ бала қызығушылық танытып көретін болса, ол жасырын болса да көреді. Дегенмен ата-ана тарапынан бақылау болған жөн».

Әлемді дүрліктірген Squid game не туралы?

Ақгүл Нұрбек, балалар психологы:

Баланы қатыгездікке тәрбиелейді

«Балалық шақпен астасатын ойындар тобы барлық аймақта кездеседі. Тіпті кей мемлекеттердің балаларға арналған ойындары бір-біріне ұқсап жатады. Командалық ойын болсын, жеке ойын болсын, жеңілгені ойыннан шығады. Автор дәл осы идеяны негізге ала отырып, ересектерге арналған балалар ойынын ұйымдастырады. Баланы қатыгездікке тәрбиелейтін фильмді жас балаға көрсету дұрыс емес. Ештеңенің байыбына барып көрмеген жас буын көзімен көрген дүниені дұрыс деп қабылдайды. Әсіресе, ойын десе, ойы елең ете қалатын жасөспірімнің жамандыққа әуес екені белгілі. Мектеп қабырғасында жүрген балаға тіптен болмайды. Иә, соңы жақсы аяқталғанымен, жақсылыққа жету үшін қатыгездіктен өтуді ұсыну дұрыс емес. Үлкен адамның өзі есеңгіреп қалады, ал баланың күйін ойлау мүлдем қорқынышты».

Әлемді дүрліктірген Squid game не туралы?

Әділет Әділ, оқушы:

Мақсаты – қоғамның қазіргі бейнесін көрсету

«Squid game» (Калмар ойыны) сериалын көріп шықтым. Тіпті сыныптастарымызбен өз арамызда талқылап көрдік. Сыныптастарымның пікірі екіге жарылды. Бірі «Қантөгіс көп. Фильмде аяушылық сезімі жоқ. Адамдардың өмірі де бір тиын» дегенді айтты. Ал екінші жағы басты кейіпкерді ақтап алуға тырысты. Несие өтей алмау, қарызға бату, құмар ойыны сынды дүниелер бізде де бар. Тіпті кейбіріміздің ата-анамыз несиесін өтеу үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, жанталасқанын көріп жүрміз. Меніңше, сериалдың мақсаты да осы. Қоғамның қазіргі бейнесін көрсету. Фильмді 12-13 жастағы балалар түсінбеуі мүмкін. Қабылдауы қиын болады. Өйткені өзімнен 2 жас кіші інім алғашқы сериясынан-ақ түсінбеді. Оған мұндай кино көру әлі ерте екенін ескерттім. Бұл фильмде қантөгіс көп, ол балаға зиян деп жатыр. Қазір ғаламторды ашып қалсаңыз, кантөгіс. Қатыгездікке толы фильмдерге де жол ашық. Сондықтан қандай да бір киноның мақсатын әр бала әрқалай түсінеді деп ойлаймын».

Дайындаған
Ахмет Атак,
Мақпал Махаметқызы

21 қантар, 11:52
Тәрбие құралы Тик-Ток боп тұр
21 қантар, 11:45
Елдігімізді қадірлейік!
21 қантар, 11:11
Нұрғали Нүсіпжанов: Біздің заманымызда жастарымыздың патриоттығы ерекше еді
30 желтоқсан 2021, 20:07
“Құрманбектің Ақтотысы” (Видео)
24 желтоқсан 2021, 12:05
Айтылмаған әңгіме
24 желтоқсан 2021, 11:55
Желтоқсан ақиқаты мен ақтаңдақтары
24 желтоқсан 2021, 11:38
Желтоқсанды ойласам, өзегімді өрт қабады
24 желтоқсан 2021, 11:28
Дінмұхаммед Нұрлан: Тәуелсіз елде туғаныма мақтанамын!