jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік

01 қазан, 11:51
439

Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік

Жазды жапқан Токио жазғы Олимпиадасынан кейін неге боксшыларға көп шүйлікті жұрт? Көзіқарақты оқырман жақсы біледі, Қазақ елінің спортшылары тәуелсіз елдің атынан Токиоға дейін алты рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Осы сайыстарда боксшыларымыз алтынсыз қайтқан емес. Сондықтан да оларға зор сенім артылып, үлкен міндет жүктелді. Олимпиадалық спорт түрлерінің ішінде елімізде боксқа алабөтен көңіл бөлінеді, шұғылданушылардың да саны басым.

Енді аз күнде, нақтырақ айтқанда, 26 қазан мен 6 қараша аралығында Сербияның Белград қаласында бокстан ерлер арасында әлем чемпионаты өтеді. Қазақ боксының тоқырауына не себеп, қайта қаз тұруға қайтпек керек? Білікті бапкер, ел боксының өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан Жұмабек Өмірзақовты әңгімеге тартып, көкейдегі күпті ойды ортаға салдық.

Jas qazaq: Қазақ боксының тоқырауына не себеп: бапкер біліктілігі ме, жоқ, әлде буын алмасу процесінің болмауы ма? Бұл мәселе осы саланың пұшпағын илеушілер арасында талқыланды ма?

Жұмабек Өмірзақов: Оқырмандар келмеске кеткен Кеңес одағын көксеп отыр демесін, бірақ біз соны көрдік. Сол кезеңде жыл сайын әр спорт түрі бойынша үлкен жиын өтетін. Қатардағы көп жиналыстың бірі емес, талқылау болады. Оған кімдер қатысатын: шалғайдағы бапкерлер, спорт мамандары, осы саланы басқаратын жауапты тұлғалар. Жиында жеткен жетістік те сараланады, кемшілік те талқыдан өтеді. Не жетпеді, бабымыз кем болды ма, күшіміз жетпеді ме? Басқадай себеп бар ма? Міне, осындай мәселе талқыланатын. Әрі бұл жыл сайын өткізілді. Енді қараңыз, ұмытпасам, 1996 жылы боксқа қатысты жиын өтті, кең ауқымда. Жер-жерден, шалғайдағы елден бапкерлер қатысып, өзінің ой-пікірін ортаға салды. Қандай қордалы мәселелер бар, барлығы тыңдалды дегендей. Содан кейін өз басым мұндай жиынды көргем жоқ.

Jas qazaq: Бұл жиынның ұтатын тұсы – жас бапкерлердің деңгейін көтеруге таптырмас мүмкіндік тудырды ғой.

Жұмабек Өмірзақов: Ұмытып барады екем, сондай басқосуларға спорт ардагерлері де қатысып, өздерінің ой-орамын ортаға төгетін, жастармен тәжірибесін бөлісетін. Сосын бапкерлердің білімі мен біліктілігін көтеру мақсатында түрлі семинар өтуші еді. Одақтас республикалардың жетекші жаттықтырушылары арнайы дәріс оқып, жас бапкерлер бір-бірімен шеберлігін бөлісіп, білгенін үйретіп, білмегенін үйреніп, араласу жүретін. Төрешілерді оқыту, турашылдыққа тәрбиелеу. Қазір мұның бірі де жоқ, әркім өз қазанында қайнағанды қабыл көреді.

Jas qazaq: Спорттағы құлдыраудың бірден-бір тетігі бапкердің білігі мен білімінде дедіңіз. Өте дұрыс айтасыз.

Жұмабек Өмірзақов: Қазір нарықтық қоғам. Шынын айтқанда, нан тауып жеу уайымы басым бапкерлердің көпшілігінде. Неге? Айлық жалақысы мардымсыз, оқу-жаттығу жиынына, жарыстарға деп бөлінген қаражат жетпейді тиісті жерге, жол ортадан бөліске түседі. Басында баспанасы жоқ, пәтер жалдап күнелтетін бапкердің ойында отбасының қамы тұрмағанда қайтеді? Ертеректе айлық жалақы да тәуір, баспанамен қамтамасыз ету де ұзаққа созылмайтын. Нәтижесінде жас бапкерлер беріліп жұмыс істеп, таланттардың томағасын сыпырды. Бапкер ретінде айтайын, бір шәкіртті шыңға шығару үшін, әбден пісіріп, дайындауға бес жыл уақытыңды сарп етесің. Енді ішінде аса талантты, табиғи дарындылары кезігіп, екі-үш жылдың бедерінде нәтиже көрсетуі мүмкін. Сосын қоғамның ауруына айналған кесел бар – бұра тарту деген. Сенің бір жыл бойы тер төгіп дайындаған, баптаған балаңды төрешілер түлкібұлаң тірліктерімен аяқтан шалып, ұшырып жібереді. Екінші жылы да сондай келеңсіздік қайталанса, баланың меселі қайтады, рухы сынады. Сондай төрешілердің бұра тартуынан қаншама талант жанбай жатып өшеді.

Jas qazaq: Біздің боксшылар Орталық Азия елдерінің ішінде өзбек боксшыларынан соңғы жылдары ұтылып жүр. Әсіресе, 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасынан кейін Өзбекстан боксы өрлеу жолына түскендей.

Жұмабек Өмірзақов: Менің жеке пікірім, «өзбек боксшыларынан ұтылдық» болмаса «біз оларды жеңдік» деп айтқан дұрыс емес. Әркімнің өз жолы бар, таңдаған бағытымен жүреді. Рас, өзбек ағайындардың боксы қарқынды дамып келеді. Тікелей соның әсері деп айтпаймын, бірақ олар жаңағы мен айтқан жиынды әлі күнге өткізеді. Дене шынықтыру институттары арасында америкалық боксшы Джексон атындағы және Андрей Борзенконы еске алуға арналған турнир өтеді Өзбекстанда. Бір жолы соған елімізден шәкірттерімді алып бардым. Өзбекстанның әр аймағынан бапкерлер, төрешілер, спорт мамандары жиналып жиын өткізді. Ел боксының кем-кетігін қалай бүтіндейтінін талқылады, жоспарларын түзді. Жас бапкерлер бір-бірімен танысып, табысып, шеберліктерін бөлісті. Осы үрдісті әлі де сақтап, жүлгесін үзбей жалғастырып келеді.
Жуырда маған Өзбекстандағы жолдас жігіттердің бірі, бапкер бейнежазба жолдады. Қарасам, қарақұрым жастар жүгіріп барады. Сосын әлгі досымнан сұрадым «бұлар кімдер» деп. «Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына шақырылған боксшылар» дейді. Саны қанша екенін білдім, үш жүз бала жүр. Тек боксшы саны, оның сыртында бапкерлері бар. Жергілікті мекемеден, одан сырт орталықтан қаражат бөлінеді екен. Осы үш жүз баланың ішінен 10 боксшыны таңдап алып, шыңдау қандай керемет! Біз сексенінші, тоқсаныншы, тіпті екі мыңыншы жылдардың басында өзбектерден бір бас жоғары болдық, бокс спорты бойынша. Қазір енді қараңыз, кешегі Токио төріндегі жазғы Олимпиада ойындарын. Олардың еншісінде бокстан 1 алтын бар.

Jas qazaq: Токио жазғы Олимпиадасында сенім артқан боксшылар қирай жеңілді емес пе?

Жұмабек Өмірзақов: Біздің құрама Токиоға ұшқанға дейін AIBA-ның бокс академиясында жаттығып, сол жерден Алматыға келді де ұшып кетті. Бокс академиясы қайда орналасқанын білесің, таудың тепсеңінде, теңіз деңгейінен қаншама биік. Токио, керісінше, теңіз деңгейінен төмен. Боксшылар жекпе-жектерінен бір апта бұрын ұшып барды. Таудан түскен адамның тым төмендегі температураға үйренісе алуы ұзақтау. Жеңіліске бұл басты себеп емес, бірақ. Жалпы боксшы болсын, спорттың басқа түрімен шұғылдансын, адам темір емес қажитын, күш-қайраты кемитін кезеңі болады. Мысалы, Василий Левит. Бес жыл бұрын Рио жазғы Олимпиадасында Левит қандай қарулы еді! Тіпті финалда ресейлік боксшыны ұтқан да, бірақ төрешілер бұра тартты. Сол Левитті біз Токио төрінде жоғалтып алдық қой. Олимпиаданың алдында, яғни 2019 жылы Азия чемпионатының жартылай финалында оңтүстіккореялық боксшыдан нокаутпен ұтылды. Токио Олимпиадасында испандық боксшы сұлатып түсірді. Қазақта мақал бар, «Өткел үстінде ат ауыстырма» деген. Василий Левит Рио Олимпиадасынан кейін астанамыз Нұр-Сұлтанға көшті, жеке бапкерін ауыстырды. Бапкер ауыстырған ең жаман нәрсе. Жаңа бапкері секеңдеп секіруді үйретті. Қоқаң-қоқаң етіп секіріп жүру деген «ескі мода» ғой. Азия чемпионатында кәрістен де осылай секеңдеп жүріп, нокаутпен жеңілген. Бұл жолы да сол көрініс қайталанды.

Қазір ерінбегеннің бәрі боксты сынап, боксшыларға ауыр сөздер де айтылды. Алда енді әлем біріншілігі тұр. Біздің құраманың құрамы сексен пайызға жаңарады деді, бұл қаншалықты оң нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.

Jas qazaq: Токио Олимпиадасына AIBA-ны араластырған жоқ, шеттетіп жақындатпады. Соның өзінде де бұра тартушылық болды, жекпе-жектер сатылды дейтіндер көп.

Жұмабек Өмірзақов: Спортта сауданың жүретіні рас. Мәселен, бокстағы үлкен сауда-саттық 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында болды. Әлемде бокс державасы атанған Куба боксшыларына бір алтын да бұйырмады. Бәріне күйе жақпаймын, бірақ кейбірі ақшаға сатылғаны анық. Куба кедей ел, боксшыға жекпе-жегін 50 мың АҚШ долларына сатса, жетіп жатыр, жырғап қалады. Токио Олимпиадасында саудагерлер болды ма, болмады ма, айта алмаймын.

Jas qazaq: Дәреже деңгейі өзімізбен қарайлас елдермен салыстырғанда, біз спортшыларымызды әспеттеуден ұялмаймыз. Мемлекеттің беретін сыйақысы, пәтер, көлігінің сыртында жекелеген атымтай-жомарт азаматтар да ат мінгізіп, оқалы шапандарын жауып құрмет көрсетеді. Кейде осындай құрметтің кейбірі әсіре көтермелеуге ұласып, спортшының танауы көк тіреп қалмай ма деп ойлайсың.

Жұмабек Өмірзақов: Жаңа айттым ғой, спортшы кәсіби мансабында биік шыңға шығуы үшін аз тер төкпейді, жұмсалатын капитал да көлемді. Денсаулығын құртады – бір, материалдық шығындалатыны тағы бар. Соның өтеуіне мұндай қошеметке бөленгені жақсы. Бірақ кілтипаны да бар мұның. Спортшының жеке бапкері атанып жүргендердің арасында «күріштің арқасында күрмек су ішіптіні» оңтайлы пайдалануды көздейтіндері болады. Шәкіртін қалайда Олимпиада чемпионы, не болмаса жүлдегері атандырып, өзі де сый-құрметтің ортасына топ ете түскісі келеді. Осыған жетуі үшін болмай жатса, ұятты жиып қойып, арсыздыққа да барудан арланбайды. Ондайлардың көкейіне «менің шәкіртім елдің туын көтерсе екен» дегеннен гөрі «қалайда қаржыға көмілу керек, дүниені қағып түсу қажет» деген дәме ұялап алады. Осы жағы да бар.
Jas qazaq: Қазір қоғамда талқыға түскен Назым Қызайбайдың жеке бапкері болдыңыз.
Жұмабек Өмірзақов: Назым – өте талантты қыз. 9-сыныпта әкесінің ағасы, әлде кіші әкесі ме, ертіп келді. Талдырмаштай ғана қара қыз, бірақ қимылы ер балаға ұқсайды. Баскетболға барсам дейді. Алайда ертіп әкелген ағасы маған «көріңізші, боксқа ыңғайы келе ме?» деді. Күш-қуатын сынап көріп, турникке тартылды. Ер балалардан да артық күші бар екенін байқадым. Сосын өте қағылез, айтқаныңды қағып алады. Боксты бастаған соң бір жылға жетпей, жастар арасында ел чемпионы атанды. Содан ары қарай жеңісті жолы басталды. Түрлі кедергі мен жол кесуді бірге көріп, тар жол, тайғақ кештік. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен Алматыдағы бір басқосуда айттым: «Біле білсеңдер, Назым Қызайбай осы 550 жылдың ішінде әйелдер арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы» деп.

Jas qazaq: Қандай кедергі болды, өз ішімізде ме, жоқ сыртта ма?

Жұмабек Өмірзақов: Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатына баратын делегацияның тізімінен мені сызып тастады. Өзіміздің дөкейсымақтар сол баяғы. Назымды да бір емес, бірнеше рет жекпе-жегінде «қысып», жеңісін бермей қойды. Әлем чемпионатына қатысу үшін Оңтүстік Кореяға жеткеніммен қонақ үйден орын бермеді. Өз қалтамнан төлеп тұрдым. Ақшамды үнемдеу үшін таңғы асты ғана ішемін де әлем чемпионаты өтіп жатқан спорт кешеніне жаяу барамын. Екі орта 7-8 шақырым. Түнде жекпе-жек аяқталған соң таксиге төлеп, қонақ үйге қайтамын. Таңғы аспен ғана күні бойы ашқұрсақ жүремін. Назым сол әлем чемпионатында жеңіске жетіп, Қазақ елінің тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанды. Несін айтасың, аяқтан шалу, орға итере салудан тым шеберміз.

Тағы айналып соққандай болдым, бізді жарға жығатын – жершілдік деген жаман әдетіміз. Әсіресе, спортта бұл қатты белең алып барады. Әркім өз көрпесіне қарай тартып, өзінің жерлесін, не болмаса, руласын шығаруды көздейтіні өкінішті. Осындай сорақылығымыздан қаншама таланттар тасаланып жатыр.

Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек

Бүгін, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
Бүгін, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
Бүгін, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
Бүгін, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды