jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Кибербуллингке тосқауыл

24 қыркүйек, 13:27
113

Кибербуллингке тосқауыл

Күні кеше Мәжілісте мақұлданған заң жобасы әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Кез келген жаңашылдықты бірден сынға алатындар сан алуан пікірін бүкпесіз жазып жатыр. Біреу жақтайды, біреу даттайды. Әйтеуір, селқос қалған ешкім жоқ.

Аталмыш заңның қабылдануына түрткі болған себептің бірі – кибербуллингтің көбеюі. Буллинг – адамға психологиялық түрде шабуыл жасау, ар-намысына тиіп кемсіту, күш көрсетіп жәбірлеу. Кибербуллинг – буллингтің әлеуметтік желідегі түрі. Мессенджерлерде, онлайн ойындарда бұл қалыпты жағдайға айналған. Кибербуллингке тіпті ересек адамның да төтеп бере алмайтын кездері болатынын естіп-біліп жүрміз. Кейде біреу-міреудің пікіріне қарсы шықсаң, әлгі адамның жақтастары өзіңе жабыла кетпей ме? Жер-жебіріңе жетіп, сілікпеңді шығармай ма? Ондайда «қап, бекер бірдеңе дедім» деп бас сауғалап әрең қашып құтыласың. Сосын көпке дейін өз-өзіңе келе алмай жүресің. Біздің сипаттап отырғанымыз әшейін бер жағы ғана.

Ал сана-сезімі қатпаған бала қалай шыдасын? Мұны психологтардың өздері де растайды. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының 2018 жылғы статистикасы бойынша, 11-15 жасар жасөспірімдердің 12 пайызы кем дегенде бір рет интернетте буллингге ұшырайды екен.

Сондықтан депутат Айдос Сарымның айтуынша, заң жобасына енгізілген осыған қатысты түзету бала құқығын қорғау үшін керек. Оның үстіне біздің елімізде кибербуллинг дерегі анықталғанда, бірен-саран әлеуметтік желі болмаса, көбі ақпаратты теріске шығаруға немесе алып тастауға асықпайды. Сол үшін де әлеуметтік желі мен мессенджерлердің қызметін реттейтін нормалар мен ереже енгізілгелі отыр.

Ал салық төлеу жағына келсек, бұл жағынан да ұтатынымыз сөзсіз. Шетелде менменсіген миллионер де, атағы асқан әнші мен футболшы да, қарапайым адам да салықтан құтыла алмайды.

Әр тапқан табысына салық төлеуі тиіс. Біздің елде мұндай жүйе жеткілікті деңгейде қолға алынбаған. Мәселен, әлеуметтік желіде жарнама жариялағаны үшін миллиондаған теңге алатын әншілер мен блогерлер мемлекет қазынасына көк тиын төлемейді. Ыстамбұл қаласының тұрғыны Ертолқын Гайнетуллах бізге мынадай мәлімет берді: «Түркияда тапқан табыстың 15-35 пайызына дейін салық төленеді. Қызметіне қарай салық мөлшері де ауысып отырады. Өнер адамдарының өздері де бөлінеді. Ол суретші ме, әнші ме, жеке табыс таба ма, компания арқылы табыс таба ма, соған қарай салық салынады. Егер әнші немесе актер компанияға тіркелмей, жеке жұмыс істесе, есебін беріп, 27-28% көлемінде салық төлейді».

Ендігі кезде әлеуметтік желі арқылы қалтасын қампайтып жүргендер салықтан қашып құтыла алмауы тиіс. Тек соны қадағалап, заңға бағынуды реттейтін тетіктерді жолға қою керек.
Сондай-ақ заң жобасында: «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтіп, елімізде ресми өкілдіктерін ашып, ол өкілдіктерді Қазақстан азаматы басқаруы тиіс. Егер бұл талаптарға көнбесе, онда олардың қызметі бұғатталады. Ал бұғаттау соттың шешімімен емес, уәкілетті орган – министрліктің шешімімен жүзеге асады» делінген.
Демек әлемнің әр бұрышында қолданушысы бар Google, Instagram сынды алпауыттар Қазақстанда да заңды түрде тіркеліп, жыл сайын қомақты салық төлеуі тиіс.

Мәулен Жексенбі

03 желтоқсан, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
03 желтоқсан, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
03 желтоқсан, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
03 желтоқсан, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды