jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Сең қозғалды

17 қыркүйек, 14:32
392

Сең қозғалды

Жер-дүниені дүрліктірген, кейде көзіңді бақырайтып қойып, ақты қара, қараны ақ етіп көрсеткісі келетін әлеуметтік желінің қызметін заң шеңберінде реттеуге нақты қадам жасалды. Заңға толықтырулар енгізбекші. Парламент Мәжілісі аталған құжатқа түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады. Егер осы заң күшіне енсе, әлеуметтік медиа біздің елімізде де өзіне міндеттеме алып, өркениет өрісінде әрекет етуі тиіс.

Заң жобасын ұсынған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым құжат туралы өз пікірін былай білдірді: «Бірінші кезекте мына мәселеге назар аударғым келеді: біз әлеуметтік желілерді «жабу» үшін емес, балалар құқығын қорғау үшін түзету енгіздік! Өте көлемді заң жобасында әлеуметтік желілерге шағын ғана орын бөлінген. Онда басқа да көптеген жаңашылдық бар. Мысалы, депутаттар алғаш рет буллинг, кибербуллингтің не екеніне түсініктеме бергелі отыр. Өкінішке қарай, біздің заңнама цифрлық дәуірмен ере келген қауіп-қатерлерге, өзгерістерге дер кезінде үн қата алмауда».

Дегенмен қайсыбір хабар-ошар құралдары мен әлеуметтік желі арқылы қалтасын қампайтып жүргендер осы әлеуметтік медиа «бұғатталатын болды» деп байбалам салып жатқан жайы бар. Сауатты саясаттанушы-депутатымыз журналистермен тілдескенде олардың бұл күдігін дәйекті дәлел-дерекпен жоққа шығарды. Оның айтуынша, жерлестерімізге Тwitter, Facebook, Youtube және басқа техноалпауыттардың тағдырына уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені олар жарнама мен көрілімнен миллиардтаған доллар табыс тауып отыр. Ал олардың иелері Forbes пен Fortune журналдарының рейтингінде тізімнің бас жағында тұр. Осы қыруар табыстың шағын болса да, бір бөлігі Қазақстандағы желіні пайдаланушылардан түседі. Бұл жерде біздегі базбір желі қолданушылардың кейбір брендтердің жарнамасын жасайтыны немесе тапсырыспен материал жазып, миллиондаған пайда тауып жатқаны жасырын емес. Әлгі алпауыттар да, қоғам белсендісіне айналған блогер мен әншілеріміз, де осынау қыруар табыстан салық төлемейтіні, қазынаға көк тиын түспейтіні әмбеге аян. Қалтасының қағылатынын, қолындағы бопсалаушы құралының қауқары азаятынын білді ме екен, кім білсін, бұлардың кейбір заң жобасын дайындағандарға кіжініп жатыр.

Депутат өз аудиториясын, өз пайдаланушыларын сыйлайтын компания қазақша және орысша білетін бірнеше контент-менеджерді жұмысқа алып, Купертино немесе Силикон алқабындағы кеңсесіне отырғызып қойсын деген пікірде. Айдос Сарым осыған орай былай дейді: «Бізге олардың кеңсесі ғана емес, ондағы менеджерлері, яғни біздің соттармен және шенеуніктермен ынтымақтасатын адамдары маңызды. Бұл кеңсе теорияда, тіпті виртуалды болса да жарайды. Youtube компаниясы заңсыз контентпен күресу үшін ондаған мың контент-менеджерлерді жұмысқа алды. Олар тәулік бойы видеофайлдарды қарап, пайдаланушылармен қарым-қатынас жасайды, өз ережелеріне сәйкеспейтін конттенттерді жояды. Егер осылардың арасына 2-3 отандасымызды қосса, ештеңесі кетпейді. Біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден мүмкін емес нәрсені талап етіп отырған жоқпыз. Біз олардан өздерінің ережелерін сақтауды сұраймыз. Қазақстан заңнамасы әлеуметтік желі иелерінен өз шарттары мен ережелерін орындауда бір ізді болуды талап етеді. Себебі олардың ақылға қонымдылары біздің заңнама талаптарына ұқсас болып келеді».

Депутат осы арада қоғамды алаңдатып отырған кибурбуллингтің зиянды ықпалына тоқталып өтті. Үкіметке қарасты мекемелер мониторинг жүргізіп, кибербуллингтің мыңдаған дерегін әшкерелейді. Ата-аналардан әлгі мекемелерге көптеген шағым түседі. Бірақ заңға томпақ, құқыққа қайшы контентті жоюға не бұғаттауға бізде ешкім ықпал ете алмайды. А.Сарым әлеуметтік желімен ынтымақтастықтың оң тәжірибесі бар екенін айтады. Мәселен, келіссөзден кейін компанияның өзі заңсыз контентті жойып, ары қарай тыныш жұмыс істей береді. Бұған ресми органдардың заңды шағымын қарап, оны дұрыс деп танып, даулы контентті өз бетімен жойған LinkedIn жақсы үлгі. Депутаттың пікірінше, еліміздегі мемлекеттік мекемелер әлеуметтік желі атаулымен осындай достық пейіл, іскерлік байланыста болуы тиіс. Бұл үшін нақты, айқын жазылған заңнамалық тетіктер мен механизмдер жасалғаны жөн. Әйтпесе, белгісіз біреулер желіні «ағытып» тастай береді. Алда солай бұғаттаса, оны жасаған қандай мекеме екенін, жауапты тұлғаның аты-жөнін ел біледі. Тіпті, сотқа жүгінуге де болады.

Құрылған елінде заңды бұлжытпай орындайтын осы алпауыт компаниялар барлық жерде алшаң басып жүре алмайды. Жалған ақпарат таратса, оны түзетуге немесе жоққа шығаруға мәжбүр. Оған да көнбесе, айыппұл арқалайды. Осыдан біраз бұрын Үндістан байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі әлеуметтік желілерден «үнді штамына» қатысты кез келген мәліметті алып тастауды талап етті. Министрлік «Түрлі елдерде үнді штамы тарап жатыр» деген ақпараттың қып-қызыл жалған екенін, мұндай фейк-жаңалық елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретінін мәлімдеді. Терістік көршімізде «Роскомнадзор» мекемесі биылғы мамырда әлеуметтік желідегі Ресей азаматтарына қатысты деректерді оқшаулауды, яғни бүкіл әлемге ашық күйінде тұрмауын талап етті. Талап етіп қана қоймай, 1 шілдеге уақыт берді. Ал тамыздың аяғында Мәскеудегі Таган аудандық сотының шешімімен осы ұйғарымды орындамаған Facebook, Тwitter және WhatsApp жалпы сомасы 36 млн рубль (2016 млн теңге) көлемінде айыппұл арқалады. Бұл елде азаматтардың жеке деректерін жалпақ жұртқа жария етілмеуін қадағалайтын заң 2019 жылы күшіне енген. Сондай-ақ «Роскомнадзор» фейк-жаңалық таратқан алпауыттарды «сөзін қайтып алуға» мәжбүрледі. Ақпараттық қауіпсіздікке алаңдаған бұл елде күнделікті қолданушысы 500 мыңнан асатын IT-компанияларын Ресейде өз бөлімшесін ашуды міндеттейтін заң қабылданды. Ешкімге есесін жібермейтін ресейліктер бай компанияларға салық төлеттіруді де ұмытқан жоқ. Кезінде неше түрлі жалған ақпарат таратқан әлеуметтік желінің әлегін көп көрген Түрік үкіметі де IT-компаниялардың тіркеліп, салық төлеуін міндеттеді.

Мәжілісте мақұлданған заң жобасына оралсақ, көптен бері айтылып келе жатқан ақпарат кеңістігін реттеу ісінде сең қозғалды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де құжатты қолдайтынын мәлімдеді. Вице-министр Кемелбек Ойшыбаев ақпарат кеңістігіне жүргізілген мониторинг кезінде кибербуллинг дерегінің көптеп анықталғанын, бірен-саран әлеуметтік желі болмаса, көбісінің ақпаратты теріске шығару немесе алып тастауға құлықсыз екенін атап өтті. Сондықтан әлеуметтік желі мен мессенджерлердің қызметін реттейтін нормалар мен ереже енгізілгелі отыр.

Оң бастама шынайы журналистиканы құрметтейтін барлық әріптестер тарапынан қолдау табады деген үміттеміз.

Талап Тілеген

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі