jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Мектепке бала сыймайды

03 қыркүйек, 11:49
307

Мектепке бала сыймайды

«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді.

Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін».

Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында білім саласында өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуін ойластыруды ортаға салды.
Бүгінде Президент тілге тиек еткен дерек бойынша 225 мың балаға мектепте орын жетіспейтін болса, енді төрт жылда бұл сан өсіп 1 миллионға жететіні соқырға таяқ ұстатқандай басы ашық жайт. Қайтпек керек, айналдырған екі жүз адамның тек қыс мезгілінде ғана жаттығуына жарайтын спорттық кешен салған тиімді ме, әлде үш ауысыммен оқитын, бір мың балаға лайықталған мектепке үш мың бала кептелетін мәселені шешіп, білім ошағын салған дұрыс па бізге?

Міне, күні кеше Алматының іргесіндегі Кемертоған ауылындағы мектепке төрт мыңға жуық оқушы барған. «Тарыдай болып кіріп», білім ошағының табалдырығын аттаған балдырғандардың саны артқаны сондай – 22 (!) бірінші сынып ашылған. Тіпті мектеп директоры өзі басшылық ететін мектепте бірінші сыныптың саны қанша екенінен жаңылып жүр. Сөгетін жайт емес, әрине. Алдына келген ата-ананың өтінішін екі етпей, үмітін үзбей балаларды оқуға қабылдаған. Елімізде кез келген мектеп жасына толған бала білім алуға құқылы. Сондықтан «мектепке бала сымайды» деп ешкімді кері итере алмаған. Ендігі мәселе – үш ауысым болып отыр. Тек 1-сыныптың өзі 22 болса, үшінші ауысымнан шыққан балалар үшін қазір ештеңе емес. Ертең күн қысқарып, қарашаның қары қаңтарға ұласып, қыс таянғанда үйіне жеткенше қас қарайып түн болады. Олардың қауіпсіздігі, бас амандығы – басты орында. Осы Кемертоғандағы мектепке жеті шақырым шалғай жатқан ауылдан балалар да қатынап оқиды екен. Оқушыларды тасымалдау тетігі дұрыс іске қосылмаса, мәселенің үстіне мәселе жамала берері белгілі.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы жаңа оқу жылын Ақмола облысына қарайтын Қосшы қаласында қарсы алды.

«Бүгін Ақмола облысындағы №2 Қосшы орта мектебінде болдым. Аймақтағы ең проблемалық мектептердің бірі болғандықтан, дәл осы білім беру ұйымын таңдадым. Бұл оқу орнында бүгін 600-ден астам бала мектеп табалдырығын аттады. Алфавит бойынша 1-сыныптың реттілігі «Ы» әрпіне дейін жетеді. Білім ордасындағы оқушы орындарының саны 1200 білім алушыға. Оқу процесі үш ауысымда жүргізіледі.

Дәл осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президент атап өткендей, урбанизация мен демографияның өсуіне байланысты, 2025 жылға қарай оқушы орнының тапшылығы шамамен 1 миллион орынды құрайды. Мәселені шешу үшін биыл 200 жаңа мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал, 2025 жылға дейін біздің алдымызға әкімдіктермен бірлесе отырып, 1 мың мектеп салу бойынша міндет қойылды», – деп жазды. Ақмола облысының Қосшы қаласындағы мектептердегі оқушы орнының тапшылығы мәселесі қалай шешілмек? Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін бұл жерде 2400 оқушыға арналған әрі екі ауысымда жұмыс істейтін жаңа мектеп ашылады деп жоспарланыпты. Келесі жылы 2400 оқушыға арналған екі ауысымда жұмыс істейтін тағы бір мектеп ашылуы керек. Жалпы 2023 жылға дейін қалада тағы бірнеше мектеп салу жоспарда бар.

Кемертоғандағы оқушылар «кептелісі», Қосшыдағы алты жүз балдырғанның бірінші сыныпқа баруы тек бүгін ғана бүр жарған мәселе емес. Бұл – бірнеше жылдан бері қордаланып, түйіні тұйықталып келе жатқан шаруа. Білім және ғылым министрі Қосшыдағы мектептің ауласында тұрып, журналистерге сұхбат берді. «Биыл жыл біткенше 200 мектеп пайдалануға беріледі» деді министр.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында бірінші сыныпқа 8 мың бала барса, жалпы білім беретін мектепке 75 мыңнан астам оқушы қатынайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 2,5 мың балаға артқан. Осыған қарамастан, теріскейдегі кейбір ауылдарда мектептер жабылды. Нақтырақ айтсақ, Ақжар, Аққайың, Есіл, Қызылжар аудандарында – 1, Жамбыл ауданында 2 бастауыш мектептің есігіне құлып салынған. Ірі мегаполис, іргелі қалалардың түбіндегі ауылдарда урбанизация есебінен халық саны күн санап артып келеді. Бой көтерген бір үйдің мүшелері арасында міндетті түрде мектеп оқушысы болатыны белгілі. Ал кейбір өркениеттен тым алшақ, шалғайдағы шағын ауылдарда тіршіліктің тамыры суалуына байланысты ел үдере көшіп, мектеп те, мекеме де қаңырап бос қалып жатыр.

Айтпағымызға қайта оралайық, жыл сайын жаңа оқу жылының түңлігін тамыз конференциясы түреді. Өткен жылғы жетістікті саралап, нәтижеге марқайып, түрлі мақтау-мадақтау айтылатын осы жиында мектеп жетіспеушілігі басты мәселе ретінде көтерілсе дейсің. Ертеректе маусым туа, тіпті мамырдың ортасын ала мамандар үй-үйді аралап, күзде мектеп табалдырығын аттайтын балалардың санағын жүргізетін. Қазір тіпті оңай ғой, бәрін онлайн режімде атқаруға болады. Тамыз конференциясы кезінде мектеп жетіспейтін жерлердің мәселесін шешу жолдары қарастырылып, бала оқытатын қосымша мекемелерді тауып, дайындық жүргізсе, қордалы түйін сәл де болса тарқатылар еді. Ал бізде бәрі керісінше, «ас ішерде…» деп бәрі тақалмаға таянғанда тыпырлаймыз.

Халықтың саны артқаны, оқушының қатары толыққаны жақсылықтың жаршысы. Көр де тұрыңыз, енді 2026-2027 жылдары мектеп табалдырығын аттайтын балардың саны бұдан да артады. Не үшін дейсіз бе, былтырғы жылғы пандемияның тұсаулап, карантиндік шектеудің жемісі басқа саланы қайдам, дәл осы демографияда жақсы нәтиже беріп отыр. Біз білетін Алматының өзінде биыл бала туу нәтижесі бұған дейінгі көрсеткіштен әлдеқайда артты.

Қуаныш КӨШЕК

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі