jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Заңсыз ымыраның жолын кесу

27 тамыз, 12:52
139

Заңсыз ымыраның жолын кесу

Бұрын «Той десе, қу бас домалайды» дейтін қазақ енді тендер десе, елең етіп, делебесі қозып шыға келеді. Талайдың түн ұйқысын төрт бөліп жүрген қазына қаржысын алуға келгенде қып-қызыл бәсеке, құрық бойламайтын қулықтың қырық түрі бар. Соның бірі – кәдімгі ауыз жаласу, мәдениетті тілмен айтқанда, баға белгілеуде ымыраласуы. Мұнда да адамның миына келмейтін қитұрқы амалдар жетерлік. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Ореп Space алаңында бір конкурс барысында анықталған алаяқтық әрекет жөнінде айтып берді.

Агенттік төрағасы тендерде бағаны келісіп белгілеу белең алып тұрғанын айтады. Сөйтеді де дәлел мен деректі көлденең тартады. Бағаны келісіп белгілеуге қатысты 2020 жылдың қорытындысы әлі жасалып жатыр. Бұл істе пандемияның кедергі тигізгені мәлім. Қазірдің өзінде ереже бұзғандарға 1,7 млрд теңгенің айыппұлы салынды. 2018-2020 жылдары сауда алаңдарында өзара ымыраласу арқылы жасалған 55 келісім анықталыпты. С.Жұманғарин тақырып түйінін тарқата отырып былай дейді. «Мысалы, автомобиль жолдарын салу нарығы жергілікті әкімдік пен «ҚазАвтоЖол» компаниясының құзырына кіреді. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Екі компания 7,2 млрд теңгенің конкурсына қатысқан. Жеңімпаз компания конкурста ұту үшін сатып алу бағасын 4 000 пайызға арзандатқан. Екі компания да араға 14 минут салып бір мезетте өтінім берген, екеуі бір ІР-мекенжайды қолданған. Екі өтінім де бір компьютерден жолданған. Компаниялар тіпті бір заңды мекенжайда орналасқан. Бір құрылыс консорциумына қарайды. Заттарды бір ғана орындау дайындаған, көрсетілген байланыс нөмірлері де ортақ».

Ореп Space кездесуінде алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін атқарылатын шаруа туралы да баяндалды. Осы мақсатпен бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2025 жылға дейін елдегі бірыңғай операторлардың тең жартысын қысқартпақшы. Соның ішінде 11 кәсіпорын бойынша түбегейлі шара қабылданды. Екеуінің жұмысы оңтайландырылады. Ал 9-ы «оператор» мәртебесінен айырылады. Бұл 9-дың бесеуі жекеменшікке берілсе, қалған төртеуі «оператор» мәртебесінсіз мемлекеттік органға бағынышты кәсіпорын болып қалады. Олардың да сатып алу кезінде ешқандай басымдықтары болмайды. Агенттік төрағасы осы ұсыныстарды Президент әкімшілігі қолдап отырғанын, жалпы 2025 жылдың аяғына дейін 20-25 операторды мәртебесінен айыру жоспарланғанын атап өтті. Ол «Бұл алаңды тазартсақ, шағын және орта бизнес өкілдері үшін 47 млрд теңгенің қызмет көрсету және тауар нарығына жол ашылады», – дейді.

Кездесуде тағы бір тосын дерек жария етілді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мемлекеттік сатып саласындағы бір көзден сатып алу тетігіне жол беретін негіздемелерді 50 пайызға қысқарту туралы ұсынысы мемлекеттік органдар тарапынан қарсылыққа тап болыпты. С.Жұманғарин осы мәселеге орай: «Біз ең алдымен монополияға қарсы заңнамаға өзгерістер мен түзетулер енгізуге кірістік. Жуық арада Парламентке бесінші пакетін өткіземіз. Ең әуелі бір көзден сатып алуға жол беретін негіздерді қысқартуға мән бердік. Олардың санын 52-ден 25-ке дейін түсіргіміз келді. Мемлекеттік органдардың тарапынан қарсылық бар екенін сезіндік. 17 негіздемені мүлдем алып тастағымыз келген. Бірақ тек үшеуі ғана алып тасталынды. Бұл алғашқы қадамдар деуге болады. Бәрі бірден бола кетпейтіні түсінікті», – деді. Агенттік бұдан бөлек 6 негіздеме бойынша елеулі шектеулер енгізген. Сондай-ақ, ұсынған 8 негіздеменің ішінде 6 негіздеме бойынша бір көзден сатып алу мүмкіндігін шектеуге қол жеткізілді. Бұл жерде бір көзден сатып алуға рұқсат беруді осы агенттік бекітеді. Ал бұл мекеме ондайға өте сирек жағдайда рұқсат береді. Осылайша, 3 негіздемені мүлде жойып, 6 негіздеме бойынша шектеу қою арқылы жылына 50 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік туды. Үнемделген қаражат бәсекелі ортаға беріледі. Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл аз ақша емес.

Талап Тілеген

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі