jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ережесіз көліктер

27 тамыз, 12:59
252

Ережесіз көліктер

Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған бір аумақ бар. Өзен бойында орналасқан. «Терренкур» деп аталады. Жас та, кәрі де сонда. Былтыр пандемия қос өкпеден қысқанда таза ауа жұтып, серуен құрушылардың қарасы күрт көбейді.

Жаяу жүргісі келмейтіндер де бар. Бұлар — скутер, мопед, самокат немесе велосипедпен ары-бері жүйткіп жүретін қыз-жігіттер. Алаңсыз әңгімелесіп бара жатқан, қимылы баяу қартты, сәбиін жетектеген ананы қағып кете ме деп қорқасың.

Бұл жердің тек жаяу жүргіншіге арналғанын ескертетін тиісті жол белгісі бар екені бар. Бірақ желіккендер ережеге пысқырмайды. Енді шаһар полициясы осы аумаққа жаяу патруль мен учаскелік инспектор жіберуді ұйғарыпты. Полиция департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Алмасбеков тәртіп бұзғандардың әкімшілік жауапқа тартылатынын хабарлады.
Дұрыс шешім. Қаланың басқа да демалыс орындарында осындай талап қойылса, жөн болар еді. Әсіресе, көлік құралы ретінде тіркелмейтін әлгі скутер, мопед, самокат, велосипедтердің жолдағы қозғалысын реттейтін нақты ереже қажет. Өйткені осындай «жол талғамайтындардың» жүрмейтін жері жоқ. Үлкен көліктермен қапталдасып бағдаршамға ентелей түседі. Қызыл түс жанғанда, кілт бұрылып, жаяу жүргіншілердің алдын орап ойқастаған күйі көлденең бағытқа өтіп кетеді. Мұның соңы оқыс оқиғаға, кейде ауыр апатқа әкеп соғады. Көктемде скутер мінген тамақ жеткізуші қатты жылдамдықпен келіп, жолдың қақ ортасында бесік арбаны қағып кетті. Абырой болғанда, сәби жеңіл жарақат алды. Көлік иесі көмектесудің орнына оқиға орнынан ізін жасыруға тырысқан. Құқық қорғау орындары көп өтпей, жол бұзақысын құрықтады. Бірақ бұл басқаларға сабақ болса, қанеки!

Алматы көшелерінде мәшине мен мотоциклдің соқтығысып қалуы үйреншікті әрі жиі байқалатын көрініске айналып барады. Соңғысы көлік құралы ретінде тіркелген. Демек ережені бұлжытпай орындауы тиіс. Өкінішке қарай, желмен жарысқысы келетін мотошабандозға заң талабы жүрмей тұр. Иін тірескен көліктердің арасымен жүйткіп жүру, өзгенің алдын кесіп өту, бір қатардан екіншісіне бұрылыс шамын жақпай шыға салу оларға түк емес. Мұндай қауіпті әрекет шаһардың шет жақтарында емес, бақылау камерасы көп үлкен даңғыл мен көшеде болып жатады. Өткен айда алпысты алқымдап қалған мотоциклші орталық алаңда екі жаяу жүргіншіні қағып өте шықты.

Ережені мұқият сақтайтын жүргізушіні алаңдатын тағы бір түйткіл бар.

Жолдың ортасына жаяу немесе мүгедектің арбасымен шығып, қайыр сұрайтындар. Сірескен көлік арасында құдды серуендеп жүргендей маң-маң басады. Кейбірінің қолтығында бала. Бағдаршамға тоқтаған әр көліктің терезесін қағып, астына түсіп кете жаздайды. Бұларға да «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқтың қасы. Алда-жалда біреуін қағып кетсе, ол емес, жүргізушінің өзі кінәлі болып шыға келеді. Жалпы алақан жайғандардың қаптап кетуі оларға қатысты заң талабының орындалмай жатқанын көрсетсе керек.

Наргүл Мырзахмет

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі