jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тұйық шеңбер

20 тамыз, 12:23
152

Тұйық шеңбер

Осы жұрт ештеңеден қорықпайды. Былтырдан бері алқымнан алып, тынысты тарылтқан тәжтажалға да пысқырмайды. Әйтпесе, ақ халатты абзал жандар «екпе алды» деп жүйеге енгізіп, ақшаны сытырлатып санап ала ма? Ал енді тауып көр, кесел таратқыш екі аяқтыларды!

Олар да «чип салдырмай» алдап соққанына мәз. Құдды коронавируспен мәмілеге келгендей. Әлгі құжатымен анда-мында барып, көпшіліктің (ең алдымен жақындарының) өміріне қатер төндіретінінде шаруасы жоқ. «Аңқаулар» вакцина салдыра берсін, бір жылдан кейін өледі де қалады» деп миығынан күледі. Жарайды, бұлар әлеуметтік желідегі антиваксерлердің қырық өтірігіне имандай сенген соң сондай қадамға барды делік.

Ал адам жанының арашасы атанған медицина қызметкерлеріне не жорық? Алғаш рет бір-екеуі ұсталғанда «басқаларға сабақ болды» деген үміт ақталмады. Керісінше, сауда қызған сияқты. Рас-өтірігін қайдам, қазір ел арасында «екпе салғандардың жартысы құжатты сатып алды» деген сөз желдей еседі. Оны анықтайтын кім бар?

Бізде жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық жаза қолданылады. Дайындаған адам төрт жылға бас бостандығынан айрылады. Пайдаланған адам 40 тәулікке қамалады. Оған қоса, пара беру және пара алғаны үшін жаза тағы бар. Бүгінгі күні қылмысы әшкереленген медқызметкерлерге қатысты тергеу жүріп жатқан көрінеді. Шынымен олар жазасын тарта ма, әлде солқылдақтық танытамыз ба? Олай дейтініміз, өткенде ғана «СК Фармацияның» бұрынғы басшысын ақтап алып, босатып жіберді емес пе.

Жалған құжат сатып алғандар жауапқа да тартылмайды. Қайта оларға кешіріммен қарап, қатесін түзеуге мүмкіндік беру керек деген ұсыныс айтылды. Коронавирус пандемиясына қарсы күрес жөніндегі азаматтық штаб вакцина төлқұжатын сатып алғандарға амнистия жариялауды ұсыныпты. Штаб мүшесі, медицина ғылымының докторы Вячеслав Локшиннің пікірінше, бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін қажет. «Құжатты сатып алғандарға жойып жіберген вакцина құнын төлеп, екпе алуына жағдай жасалсын. Кінәсін өз аяғымен келіп мойындағандар қудаланбауы керек», – дейді Локшин.

Мұны Алматының бас санитарлық дәрігері кұптайтын сияқты. Бекшин мырза «жалған құжат алғандар ендігі кезде вакцинаның ақшасын төлеген соң екпе жасатсын» дейді. Өйткені қазір вакцинаны өтірік салдырғандар не істерін білмей отыр екен. Олардың ақылы кіріпті-мыс.
Соңғы дерекке сәйкес, бүгінге дейін
5,7 млн адам екпе салдырса, оның

4 миллионы екі компонентін алған. Қызмет көрсету саласында, үлкен ұжымда жұмыс істейтіндер (дәрігер, мұғалім, полицияны қоспағанда) 1 қыркүйекке дейін екпе алуы тиіс. Осындай қамшылаудың арқасында қазір вакцина науқаны қарқынды жүріп жатыр. Бірақ жалған құжатты саудаға салған пысықайларға тосқауыл жоқ-ау. Ертегідегі басын шапса, орнына бас өсіп шығатын айдаһар сияқты. Мұндай лас әрекет шынымен жалғасып жатса, онда тұйық шеңбердің ішінде қалғанымыз қалған.

Гүлнар Ахметова

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі