jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Әлемде үлкен сілкініс жүріп жатыр

20 тамыз, 12:19
1117

Әлемде үлкен сілкініс жүріп жатыр

Жемқорлық жайлаған саланың түбінде томары мүжіліп, морт сынатыны белгілі. 2004 жылдан бері елімізде мектеп бітірген түлектер аттестат алу һәм жоғары оқу орнына грантқа түсу үшін ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Жыл сайын жемқорлық, заң бұзушылық фактілері тіркеледі. Тест жауабын сатудан бастап оқушының орнына сынақ тапсыруға студент, оқытушының кіру дерегі тіркеледі. Биыл да солай болды. Басқа-басқа, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызының орнына өзге біреу сынақ тапсыруға «өтіп кетіп» орта жолда тұтылуы халықтың «қызуын көтеріп жіберді».

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым, әдебиет сыншысы Дандай Ысқақпен әңгімеміз қоғамның бүгінгі ағысы турасында өрбіді.

Jas qazaq: Дандай аға, Мағжан Жұмабаевтың өмірін, шығармашылығын зерттеп жүрсіз. Алаштың ақиық ақыны Мағжан айтқан ұлттық дәстүрмен өрілген жолды ұстанудан алшақтап барамыз ба? Бұрын батыстан естіп-білген ЛГБТ деген ұйымдар біржыныстылықты насихаттап, жалауын желбіретіп шығатын болды. Шымкентте ұлтжанды азаматтар дүрк көтеріліп шулатты, күні кеше Қарағандыда қасқыр мінез абадан жігіттер қуып шықты. Енді Ақтөбеде жиын жасаймыз деген ЛГБТ әуейілері әулекілігін қояр емес. Ұлттың тамырына құрт түсірушілердің тіршілігі, тіпті күш алып барады.

Дандай Ысқақ: Бұл әлемдік деңгейдегі күн тәртібінде тұрған мәселе. Тіпті сыздап тұрған, кәдімгі соқтасы солқылдатқанда шыбын жаныңды көзіңе көрсететін кесапаты үлкен кесел бұл. Ғасырдан ғасырға ұласып, жүлгесін үзбей жалғасып келе жатқан дәстүр бар, еңбек бөлінісі деген. Ер адамдар шаңырағын шайқалтып алмас үшін түзде жұмыс істеп, отбасын асырау үшін материалдық құндылықты қамтамасыз етеді. Ал әйел заты ерінің еңбекпен тауып әкелген дүниесін ұқсатып, отбасының ұйтқысы болып, ошағының отын сөндірмей отырады. Елді қорғау, жерді қору, отбасының тыныштығын күзету еркектің міндеті саналды. Сонда еркектің атқаратын шаруасы көп, әйелдің жұмысы шаш-етектен деп ешкім қабағын кіржитпейді. Әркім өзінің міндетін біледі. Бұл ұстанымға ислам мемлекеттері әлі күнге дейін мойынсұнады. Салт-дәстүріне берік, әдет-ғұрпына сергек қарап, сол жолмен жүреді.

Өкінішке қарай, бұл дәстүрдің Батыс елдерінде бұзылғанына біраз уақыт болды. Еркек пен әйелдің о баста айтқан еңбек бөлінісі қазір мидай араласып кетті. Гендерлік саясат дейміз, ер мен әйел тең құқылы деп ұран көтереміз, әйтеуір, еркектің қабырғасынан жаралған әйел баласы бұған дейін бір саты төмен саналып келсе, енді біз оны теңшеп, шендестіріп қойдық.

Jas qazaq: Бұған батыстан соққан боранның ықпалы зор дейсіз ғой.

Дандай Ысқақ: Қазір әлемде үлкен сілкініс жүріп жатыр. Ақпараттық соғыс, мылтықсыз майдан күннен-күнге бел алып барады. Әлем халықтарының бір-бірімен терезесі тең, қойы қоралас, ауылы аралас күн кешіп, мамыражай тірлікті бірге бөлісуіне осы Батыстың үлгісі орасан кесірін тигізіп отыр. Жаһандану деп жүрміз, сол жаһандануыңыз жұтып, жалмап барады.

Әл Фараби «Адамға не нәрсе пайдалы – сол адал, ал не нәрсе пайдасыз – ол арам» деген. Бұндай түсінік ислам дінінде де бар. Ал енді ненің адал, ненің арам екенін қалай айырамыз дегенде, мөлшерден асып, шамадан тыс жүктелетін болса, күштеп, сыналап енгізілген, адамның қалауынсыз, ырқынан тыс артылған нәрсе арам болып саналады. Әл Фараби әр заттың шегі, мөлшері болатынын, адам баласы сол мөлшерден асып кетпеуін меңзеп айтып отыр. Батыс қайтеді? Әлем халқын бір тілде сөйлетіп, бір өзі жусатып-өргізгісі келеді. Соған қалайда жету үшін өздерінің мүддесін сыналап болса да тықпалап әлек. Бұл күші басым ұлттың қауқары келмейтін ұлтқа тізесін батырудан шығып отыр.

Иран Ислам республикасының алтыншы президенті – Махмұд Ахмединежад. Профессор, көзі ашық, көкірегі ояу адам 2005 жылы президенттік таққа отырып, 2013 жылға дейін атқарды. 49 жасында президент атанған Махмұд Ахмединежад қайбір жылы Қазақстанға іссапармен келді. Баспасөз мәслихаты болып, бір журналист келіншек сауал қойды. «Құрметті президент мырза, сіз басқаратын елде ер мен әйелдің құқығы тең емес екен, әйелдерге жұмыс істейін десе, қызметке орналасқысы келсе, рұқсат жоқ екен, бұл демократияны аяққа таптағандық қой» деді. Қанша дегенмен басалқы, оқыған-тоқыған сұңғыла адам емес пе, бірден ақталған жоқ. «Құрметті журналист ханым, сауалыңыз орынды, мен сізге айтайын, біздің елде еркек түзде би, әйел үйде би» деді. Сұрақ қоюшы әйел жым болды.

Батыс елдері басшыларының отбасылық өмірін зерттеп көріңіз. Көпшілігінің баласы жоқ бедеу. Олар бала сүю дегенді білмейді, сезіне алмайды. Отбасы құру, некелі болуы дегенге ойланып-толғанады. Өзінде жоқ сезімді олар қалай елінен көргісі келеді? Қыдырымпаздық қасиет, аралас некелі болу үрдісі батыста белең алғандықтан да бала сүю, отбасының шырайын келтіру ұғымына үрке қарайтын болды. Соның зардабынан демографиясы нашар, халық қартайып барады. Соңғы жылдары Батыс елдерінде бала туу көрсеткіші төмендеп, керісінше, Азия мен Африка құрлығындағы мемлекеттерден, басқа да елден ауып барған халықтың өсімі өрлеп келеді. Өйткені олар отбасылық дәстүрлі құндылықты берік ұстанғандықтан да өркендеп отыр. Мәселен, Германияда жергілікті ұлт – неміс халқының өсімінен гөрі түріктердің туу көрсеткіші жоғары. Францияның Марсель қаласы, Қара теңіздің жағасындағы шаһар халқының алпыс пайыздан астамы арабтар екен.

Jas qazaq: Отбасылық дәстүрлі құндылықты қолдан сусытып алып опық жеп жүргендейміз. Оған ажырасудың шектен тыс шарықтап бара жатқаны дәлел.

Дандай Ысқақ: Былтырғы жылы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ажырасу көрсеткіші 40 пайызға дейін көтеріліпті. Бір айда шамамен 100 жас отбасы неке құрса, соның ішінде 40 жанұяның түтіні түзу ұшпай, шаңырағы шайқалды деген сөз. Тағы бір қорқыныштысы, бедеулік бел алып барады. Ерлердің 35 жастан асқаннан кейін белсіздігі басым, әйелдердің де 36-дан асқаннан кейін бала көтеру мүмкіндігі тым әлсіз. Ұлттық дәстүрімізді сақтап қала алғанда ғана біз болашағымызға алаңдамаймыз. Ал енді Батысқа еліктеп олардың үлгілі, пайдалы ісін үйренуді емес, жаман әдетін ғадетімізге айналдыруға ұмтылсақ, ұлт ретінде жойылуға өзімізді өзіміз итергеніміз.

Jas qazaq: Сіз еліміздің бас қаласы мен ірі мегаполисіндегі ажырасу статистикасын айттыңыз. Ал тұтастай алғанда, мемлекет мөлшерінде ажырасу көрсеткіші 30 пайызға жетіпті.

Дандай Ысқақ: Орталық Азия елдерінің ішінде Өзбекстанда ажырасу 18 пайыз, Қырғызстанда 12 пайыз, Тәжікстанда екі-ақ пайыз екен. Экономикалық қуаты жағынан Орталық Азияда Қазақстан қауқарлы мемлекет, әлеуметтік статусы бойынша басқа елдердегі халықтың тұрмысы бізден төмен. Мына дерекке мән беріңіз, Қазақстанда ғаламтормен қамтамасыз ету 80 пайыз екен. Өзбекстанда 38 пайыз, Қырғызстанда одан да төмен. Тәжікстанда тіпті ірі қалаларының өзінде ғаламтор жыпылықтап әрең тартатын көрінеді. Инновациялық технология дегеніңіз дендеп енген сайын батыстық ақпараттық соғыс күш алатыны, ұлттық құндылықтың тамырына құрт түсіріп, жегідей жейтіні осыдан көрінеді. Батыстық ақпаратқа көмілген сайын адамның ой-санасы да, таным-түсінігі де уланады.

Jas qazaq: Ұлттық болмыс-бітімі мен әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне ерекше мейірімін төгіп, қадірлеген ұлт қана биігіне көтеріледі ғой.

Дандай Ысқақ: Оны өмірдің өзі әйгілеп, дәлелдеп қойған. Ағылшындар ХХ ғасырдың басында 6 миллион болды. Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулла, 6 миллионға жеттік» деп қуанғанда, ағылшындар да бізбен шамалас еді, жан саны жағынан. Олар ұлтты ұлы ету үшін әдебиеті мен мәдениетін, руханиятын жандандырды, соған басым көңіл бөлді. Нәтижесінде бүгінде ағылшындардың саны 60 миллионнан асты, әлемнің жиырмадан астам елінде ағылшын тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Тілін, ділін, мәдениетін өрістету арқылы ағылшындар өздеріне кеңінен өріс ашып келеді. Экономикалық әлеуетін де тілін дамыту арқылы жақсартып отыр. Білім, ғылымға деген даңғыл жол ашылып, адам капиталы алдыңғы орынға шығып, державаға айналды.

Оңтүстік Корея – әлемде темір өндіріп, экспорттайтын бес елдің бірі. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кәріс халқының жағдайы қалай еді? Дамуы тежеліп, Азия елдерінің ішінде артта қалған болатын. Билік басына әскери төңкеріспен келген Пак Жон Хи Германиядан несиеге ақша сұрайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан тұралаған өндірісін қалпына келтіруге жұмысшы топ жетіспейтін немістер қаржыны адам күшімен қайтарса ғана ақша ұстататынын айтады. Президент елінің ертеңіне деп сұраған ақшаның өтеуін өтемекке адам қажет деп өз халқына сауын айтады. Отаншыл жастар алға шығып Германияға аттанады. Өрімдей жастар бір шақырым тереңдегі шахтада кен қазады, бойжеткендер медициналық мекемеде жұмыс істеп, өлген адамдардың мәйітін жуады, қысқасы, ең ауыр жұмысты кәрістер істейді. Жергілікті немістердің күнделікті жұмыс уақыты 8 сағат болса, кәрістер ешқандай да ақы алмай күніне 10 сағат еңбек етеді. Бірнеше жылда мемлекетке алған несиенің нормасын орындап, елдеріне қайтады. Немістерден несие алып, өндіріс ашқан кәрістер өздерінің тауарын экспорттауға шығарады. Міне, сол ақшаның жемісін бүгінгі буыны көріп отыр. Мемлекетті аяғынан нық тұрғызатын ұлттық идеология екенін кәріс халқы осылай дәлелдеп берді.

Jas qazaq: Биыл еліміздің отарлықтың қамытынан құтылғанына отыз жыл толады. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен де ана тіліміз әлі тұғырында емес.

Дандай Ысқақ: Менің «Тілдер тоғысындағы түркі әлемі» деген кітабым Германияның Берлин қаласында басылып шықты. Одан бөлек, «Тіл эпопеясы» деген еңбегімде де жаһандану процесінің тілді, ұлттық құндылықты жұтып, жаулап алуының қатері кеңінен қамтылады. Ұлттың ұлттық болмысын жою үшін небір қитұрқы жоспарлар жүзеге асты, асып та келеді, әлі де жалғасы болатыны белгілі.

Тілі тапталған елдің рухы да төмендейді, рухы күшті елдің ұлттық әлеуеті көтеріледі. Елдің мықтылығы экономикамен өлшенеді. Экономиканы көркейтетін адамның ақыл-ойы, миы. Ақыл-ойды дамытатын, танымын ашатын ол – білім, білімге бастайтын баспалдақ – тіл. Тілі дамыған елдің адами капиталы қуатты, экономикалық әл-ауқаты күшті болады.

Jas qazaq: Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың мектеп бітірген қызының орнына ұлттық бірыңғай тестілеуге басқа адамның кіруі үлкен дүмпу туғызды. Жемқорлықтың құрты білім, ғылым саласының да өзегіне ұя салып алғанын осы оқиға тағы да дәлелдегендей.

Дандай Ысқақ: Сүлеймен Демирел атындағы университетте 8 жылдан астам ректордың оқу ісі жөніндегі проректоры болып жұмыс істедім. Түрік елінің білімі мен ғылымында жемқорлық, парақорлық жоқ деуге болады. Өйткені адамның ақыл-ойын ақшаға сатып алудың арты үлкен қасіретке ұрындыратынын білетін ақылды халық қой. Білімді «инемен құдық қазғандай» еңбектену арқылы жинайтынын жете түсінетін жұрт. Ал бізде, міне, тағы бір мысал. Мұндай фактілер жыл сайын болады. Тек Қабатовтың есім-сойы елге жыға таныс болғандықтан да шаңы көтеріліп жатыр. Жемқорлықты, парақорлықты жоймай, тамыр-таныстықпен тірлігіңді шешу ісін тоқтатпай ұзаққа бармаймыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуде ғана емес, білім саудасы диплом сатуда, ғылыми еңбек жазуда, тегін гранттарды таратуда да қызады бізде. Балтық жағалауындағы елдерде баланың біліміне орай баға қояды. Білмейсің бе, көтермелеу жоқ. «Басқа салада демеп жіберуге, жетекке алуға жарайтын шығар, ал білім мен ғылымда мұндайға бару – ұлттың тамырын қурату» дейді екен оқытушы мұғалімдер. Білімнің қандай биік, қандай қастерлі саналатынын түсінген халық қана осындай ұстанымнан айнымайды.

Jas qazaq: Уақыт тауып сауалымызға жауап бергеніңізге рақмет айтамыз.

Сұхбаттасқан
Қуаныш Нұрданбекұлы

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі