jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Құрметтің бастамасы

23 шiлде 2021, 14:14
54

Құрметтің бастамасы

Биыл Қызылорда мен еліміздің батыс өңірін қуаңшылық қысып тұр. Соның кесірінен мал қырыла бастады. Алыстағы ағайын шарасыздықтан қиналған шақта Сарыағаш тұрғыны Құрмет Талапқазы бей-жай қала алмады. 24 жастағы жігіт қолына шалғы алып, шөп шабуға кірісті. Осы игі бастамасын ол әлеуметтік желіде жариялап, көпшілікті қуаңшылық басқан аймаққа көмектесуге шақырды.

Құрметтің осы бастамасына оңтүстіктегі ағайын қолдау білдіріп, шөп шабуға жұмыла кірісті. Оның ішінде ерікті жастармен қоса, мекеме ұйымдардың да қызметкерлері бар. Олар жинаған шөпті жемшөптен тарығып отырған өңірлерге жіберді.

Жас жігіттің бастамасына алғашқы болып үн қосқандардың бірі – Сарыағаштағы ерікті жастар. Орағын сайлап шыққан олар бір аптадан бері тынымсыз еңбек етуде. Еріктілер Шымкентке апарар күре жолдың бойындағы қамыс пен құрақтарды орып, бір жерге жинады. Бастамаға коммуналдық мекемелер, жастар ресурстық орталығы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де атсалысуда. Ал аудандағы ірі шаруашылықтар игерусіз жатқан жердегі шабындықты техникамен оруда.

Одан бөлек, бастамашыл топтың есепшотына көмек ретінде ақша аударып жатқандар да баршылық.

Сарыағаш аудандық әкімдігі тасымалдауға дайын шөпті уақытша жинау үшін күре жолдың бойынан арнайы жер бөлді. Шымкент қаласы мен Төрткүл ауылы маңында да шөп сақтайтын орын жасақталуда. Еріктілер жиналған шөпті қуаңшылық болған аймақтарға пойыз немесе жүк көліктерімен жеткізіп беруге бекініп отыр.

Құрмет Талапқазы Шымкентте саудамен айналысады. Аштан қырылған мал туралы жаңалық ауыр тиген. Сондықтан ол дереу іске кірісуді ұйғарыпты.

Біз оның бастаған ісіне сәттілік тілеп, игі бастамасы жайлы айтып беруін сұрағанымызда, ел ішіндегі жаңалықты қалт етпей қарап отыратынын айтты. Ол: «Маңғыстаудағы жағдайды естігенде қатты қапаландым. Қолыма шалғы алып, шөп шабуды бастап кеттім. Қазір қатарымыз күннен-күнге көбейіп жатыр. Еліміздің басқа да өңірлері арнайы есепшот ашып, қаржылай көмек жиналуда. Ата-әжелер көзіне жас алып, алғысын жаудырып жатыр, батасын берді. Әрбір қазақ, өз елінің азаматы менің ісімді жасар еді. Қазір бәрін жиналып, көмектесуге шақырамын», – деді.
Құрметтің бастамасы бүкіл елді жұмылдыруға түрткі болды. Үкімет те бұл игі іске араласып, жиналған шөпті мұқтаж аймаққа тегін жеткізуге пәрмен берді.

Ерікті жігіт Маңғыстау, Қызылорда өңірін аралап, ол жақтағы жағдай туралы әлеуметтік желі арқылы хабардар етті. Еліміздің барлық аймағынан ерікті жастар жиналып, Құрметке қолдау көрсетуде.

Құрмет алдағы қысқа алаңдайтынын жасырмады. Ол: «Қазақстанның батысын шөппен қазір қамтамасыз етпесек, қыста мал қырылады. Қыста тіпті батыста ғана емес, оңтүстікте де, Қызылорда мен Аралда да мал қырылады. Келесі жылы шөп те қымбаттайды. Күз бен қыс келмей тұрып, шөп әзірлеуіміз керек. Әр облыстан 10-15 вагоннан жіберсек, жақсы болар еді. Қазір Түркістан мен Шымкентте Қазығұртқа, Қаратауға және Созаққа барар жолдағы шөпті шауып жатырмыз. Сосын Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысына барамыз», – деп өз жоспарымен бөлісті.

Біз оған сәттілік тіледік. Осындай жалынды жастармен кез келген қиындықты еңсеруге болады.

Мақпал Ноғайбаева

21 қантар, 11:52
Тәрбие құралы Тик-Ток боп тұр
21 қантар, 11:45
Елдігімізді қадірлейік!
21 қантар, 11:11
Нұрғали Нүсіпжанов: Біздің заманымызда жастарымыздың патриоттығы ерекше еді
30 желтоқсан 2021, 20:07
“Құрманбектің Ақтотысы” (Видео)
24 желтоқсан 2021, 12:05
Айтылмаған әңгіме
24 желтоқсан 2021, 11:55
Желтоқсан ақиқаты мен ақтаңдақтары
24 желтоқсан 2021, 11:38
Желтоқсанды ойласам, өзегімді өрт қабады
24 желтоқсан 2021, 11:28
Дінмұхаммед Нұрлан: Тәуелсіз елде туғаныма мақтанамын!