jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ауру «сатқандар» Кімді алдайсың, қарағым?

23 шiлде, 14:41
1481

Ауру «сатқандар» Кімді алдайсың, қарағым?

Ақшаның жолында ардан аттау, ұяттан безу асқынып барады. Бұрын пара берудің де өзіндік жөн-жосығы болушы еді. Қазір шектен шыққан. Тіпті ауадан ақша жасауға дәніккен қулар аурудан ақша табуға көшіпті. Біреулер екі жылдан бері дүниені есеңгіреткен індеттен тиын-тауып жүр. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы.

Алматыда ПТР-тест сатқан әуежай қызметкерлері ұсталды. Ақшаға құныққандар басқа емес, ұшаққа жұқпалы сырқаты жоқ жолаушылардың мінуін қадағалауы тиіс жауапты тұлғалар боп шығыпты.

Екінің біріне теріс тест қорытындысын сатқандар – 28 бен 29 жастағы әйел мен ер адам. Жолаушыларды коронавирус жұқтыру қаупінен қорғаудың орнына, әуежайдың білдей қызметкерлері тест саудасын қыздырған. Аурудың бар-жоғын анықтайтын сынамадан өткен адамдардың құжатын ұрлап, оның үстінен ақша төлеген адамның атын жаздырған. Тест «саудагерлері» туристерге 15-20 шақты құжатты сатып үлгеріпті. Полиция екеуін қолма-қол ұстап абақтыға жапты. Жалған құжат жасап сатқаны үшін енді әрқайсысы 6 миллион теңге айыппұл арқалайды немесе бірнеше жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Ауруды саудаға айналдырған қызметкерлерінің қылығы жайлы Алматы халықаралық әуежай басшылығы ләм-мим демей отыр. Күдіктілер бұл қылмысқа өздері ғана бармаған. Жалған құжат сатып алған жолаушы ұшаққа кедергісіз кіруі үшін әлдебір әуе компаниясының қызметкерлерімен ауыз жаласқан. Бірақ нақты қай әуе компанияның қатысы бары айтылмай отыр.
Жалған құжат сату мұнымен шектелмейді. Жыл басынан бері екпе салдырмай, жалған құжат жасатып алғандардың саны күн сайын артып отыр. Жыл басталғалы коронавирусқа қарсы вакцинаның паспортын сату мен ПТР-тест нәтижелерін қолдан жасаудың ондаған дерегі анықталып, 65 қылмыстық іс қозғалған. ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, құжаттың құны 5 мың мен 15 мың теңге шамасында екен. Мысалы, Алматы қалалық №4 емхананың аға медбикесі 15 мың теңге үшін вакцина алғандарды белгілеу журналына заңсыз тіркеген. Енді ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Павлодар облысында да жалған паспортты сату және сатып алу ісі өршіп тұр. Полиция қызметкерлері «egov» базасы арқылы 5000 теңгеге вакциналау паспорттарын сатумен айналысқан медбикені құрықтады. Ақмола облысында екпені салдырмай, оны 26 мың теңгеге сатып алған 22 жастағы тұрғын ұсталды. ІІМ мәліметінше, бір жалған анықтаманың құны шамамен 5-6 мың теңгеден басталатын көрінеді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова: «Жалған вакцинциялау құжатын жасатып, сатып алу – ең аз дегенде реанимацияға жолдама алумен бірдей деп айтар едім. Сондықтан мемлекет тегін қорғануға мүмкіндік беріп отырған кезде, жалған құжатқа ақшаңызды жұмсайтын болсаңыз, өз қолыңызбен ауруға билет сатып алып жатырмын деп есептей беріңіз», – дейді.

Індеттің өте қауіпті екеніне былтырдан бері жұрттың көзі әбден жетті. Бірақ сонда да пысықайлар ақша жасап, адам өмірін саудаға салып отыр. Оған жалған паспорт жасаған медицина қызметкерлері де, соны жасатқан азаматтардың өздері де кінәлі. 15 мың теңгеге ауру сатып алғанша, екпе алып, індеттің алдын алған абзал еді. Амал қанша? Алаяққа бәрібір: қалтасына ақша түссе болды. Ал «өтірік» вакцина алғандар кімді алдайды?

Жарас ШӨКЕ

03 желтоқсан, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
03 желтоқсан, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
03 желтоқсан, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
03 желтоқсан, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды