jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын

09 шiлде, 12:00
556

Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын

Күні кеше Қарағанды облысы Ұлытау ауданына қарасты бірнеше елді мекеннің жайылымдық, шабындық жерін өрт шалды. 1 шілдеде тұтанған қызыл жалын әлі де бой бермей, ауқымды жерді шарпып, сөнер емес.

Etozhez инстаграм парақшасында жарияланған видеода ересек жігіт пен жеткіншек және әйел адамның қолына іліккен мүлікпен жерді жалмап келе жатқан қызыл оттың алдынан шығып, сабалап сөндіріп жүргені көрінеді. Көз ұшында құтырған қызыл өрт бәрін тып-типыл етіп жұтып келеді. Осы парақшада тек Байқоңыр ауылының өзінде 300 бас мал қырылғаны жазылды. Әрине, бұл ресми дерек емес. Қызыл жалыннан Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек ауылының да тұрғындары тілсіз жаудан зардап шегіп отыр.

Өрт аптаға ұласып, ырық бермей тұрғандықтан, жергілікті атқарушы билік өңірде төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады.

Өрттің тұтанып, сойқан салуына не себеп? Болмаса кім себепші? Адами фактор ма, әлде табиғи апат па? Мүмкін найзағай ойнап, жай оты селеуінің сөлі ағып, сырт-сырт сынып тұрған шөп атаулыға түсіп, лап еткізді ме? Көкейдегі көп сауалдың жауабын сұрап Қарағанды облысы Ұлытау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Медет Исмайыловқа хабарластық.

Jas qazaq: Ұлытау ауданында төтенше жағдай жарияланды. Арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен тұрғындарға тигізген залалды есептейді. Тұрғындарға сақтық шарасын қатаң ұстанып, бейқамдықтан арылуға шақырды. Жолаушылап алыс жолға шықпасын деді. Әкімдік қырағы қадағалап, назарда ұстап отырмыз дейді. Өрттің тұтану себебі анықталды ма?

Медет Исмайылов: Әзірге нақты себебі белгілі емес. Сан түрлі болжам айтылды, табиғи апат, найзағай оты түсіп, өрт тұтануы мүмкін дейді.

Jas qazaq: 1 шілдеде тұтанған өртті сөндіруге төтенше жағдайлар бөлімінен, әкімдіктен жіберілген техника саны аз болғандықтан, өрт күш алып кетті деп отыр ауыл адамдары. Аптаға айналған жалынды сөндіруге қанша адам араласып жатыр?

Медет Исмайылов: Қарағанды облысынан да құрамның қызметкерлері келіп көмектесуде, жергілікті тұрғындар да тілсіз жауды тоқтатуға күш біріктірді. 600-ге тарта адам өрт сөндіруге араласты.

Jas qazaq: Жалын шарпыған жердің аумағы шамамен неше гектар? Шығын болған малдың басы нақты белгілі ме?

Медет Исмайылов: 6 мың гектардан астам болуы мүмкін. Күштік құрамның бәрі де отты сөндіруге қол көмегін беруде. Қой-ешкінің өлгені – 200 бас. Биылғы төл саналатын он бас бұзау да өртеніп кетті.

Jas qazaq: Қазір шіліңгір шілде. Аптап ыстықта таңдайы кеберсіген адамдар табиғат аясына серуенге шыққанды, от жағып қазан асқанды, суға түсіп, салқындағанды қалайды. Өрт

қауіпсіздігін қатаң сақтау жөнінде айтудай-ақ айтылады.
Медет Исмайылов: Иә, қоршаған ортаны қорғау, өрттен аман сақтау әркімге міндетті. «Біреудің қорасы өртенсе, бас үйтіп алайын» деген арам пиғылдан арылу керек. Құрғақшылық та қос өкпеден қысып келеді. Біздің ауданға жаңбыр селдетіп жаумағалы да айдың жүзі. Жер-Ана кеберсіп тұр. Шөп біткеннің қурап, сыртылдап сынып тұрған шағы, өрт тисе, лаулап ала жөнеледі. Тілсіз жаудың тигізер залалы орасан, электр және байланыс желісін де үзеді, жолындағының бәрін жайпап, жалмап өте шығады. Сондықтан әркім де өрт қауіпсіздігі қағидасын қаперінде сақтап, сақтық шарасын қатаң ұстануы керек.

Jas qazaq: Өрттің ырық бермеуіне құрғақшылыққа қоса, өрт сөндіру қызметі көлігімен жеткізетін судың тапшылығы да кесірін тигізді емес пе?

Медет Исмайылов: Қоскөл деген ауылдың маңайындағы өртті сөндіру кезінде төтенше жағдай қызметкерлері мен өрт сөндірушілер суды шалғайдан, тіпті 30 шақырымдай жерден тасыды. Соның да әсері бар. Қазір от саябырсыды, халық болып жиналып, сөндіруге күш салып жатыр. Ағайынның арасындағы ынтымақ осындайда ғой. Жайылымдық жері өртеніп кеткен ауылдастарына басқа ауылдағы шаруа қожалық иелері өздерінің меншігіндегі жайылымдық, шабындық жерін беріп, көмек қолын созуда.

Жұттың жеті ағайынын көрсетпесе игі еді

Табиғи апаттың құрғақшылықтың қыл бұрауы буындырып тұрғанда, талмау түстен ұрғандай ауыр тигені анық өрттің. Қыстан әзер шыққан ағайынның жан бақтырып отырған малы көкке аузы іліне алмай, қала берді жаздың ыстығына ұрынып, қырылып жатқанда өрттің өршіп кетуі жығылған үстіне жұдырық болып тиді.

Өрт сөндіруге араласқан ауыл тұрғындары Қоскөлдің оңтүстік батысына қарай ұзап шығып, ауылдан 40 шақырымдай қашықта өртенген автокөлікті көрген. УАЗ мәшинесінің ішінде 1998 жылы туған адам да жанып кетіпті. Марқұмның өртті өшіруге келіп ажал құшқаны, әлде бара жатып, жолай жалынға ұрынғаны белгісіз. Өлімнің себебін анықтау аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің шаруасы.

Биылғы жылғы құрғақшылық адам баласының аңқасын кептіріп, шаруаға да, шаруашылыққа да жайсыз тиіп отыр. Мың түмен Маңғыстау жүртының бес жылдан бері қар көрмей келе жатқаны жаныңды ауыртады. Көктен көздің жасындай болса да жаңбыр тамбай қуырып жіберген құрғақшылық төрт түлікті баудай түсіріп жатыр, түсіріп жатыр. Екі жүз бас қойынан екі қозы алған шопанның шапанын қалай жас жумайды? Айғыр үйір жылқысына бірде-бір құлын ілеспеу дегенді бұрын естіп пе едіңіз? Тістерге шөп түгілі жердің астындағы тамыры да жоқ болғандықтан еті ағып, сүйегі терісіне сүйеулі қалған малдың бағасын да базар қазір «жерге ұрды». Қызылорданың қуаңшылығы да, оңтүстіктің өзге өңірінің де омырауы суалып, көгі қуарып топырағы ұшып жатыр. Қалай айт, қай жағынан ақтап алсаң да, бұл жұт. Алла жұттың жеті ағайынды екенін есімізге салмай-ақ қойса, жарар еді…

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
Бүгін, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
Бүгін, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
Бүгін, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды