jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жаздың жұты жанға батады

25 маусым, 12:24
668

Жаздың жұты жанға батады

Биыл Маңғыстау мен Қызылорда облысының шаруалары таяқ ұстап қалатын түрі бар. Қыста қар, көктемде жаңбыр жаумаған соң, жазда жайылымның шаңы шығып, қағырға өсетін қара жусан да қылтан басын көрсетпепті. Қуаңшылық қысқан екі аймақта маусымның басында-ақ мал аштан қырыла бастады. Газетіміздің №22 санында «Мал қырылып, қуаңшылық қысып барады» деген тақырыппен материал жариялағанбыз. Онда Маңғыстаудағы ағайынның жанайқайын бердік. Аралдағы жұрттың да хәлі мүшкіл. Құмнан от түгілі, жантақ таба алмаған ірілі-ұсақты мал шетінен арам қатуда.

Осы аптада Арал ауданында төтенше жағдай жарияланатын болды. Ұлттық сараптама орталығы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, топырақтың құрамын анықтаған. Сынама нәтижесі құрғақшылықтан кепкен жердің құнарлығы 2% аспайтынын көрсетіпті Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішевтің айтуынша, шөптің шығымына қарай ауданды үш санатқа бөлген. Қызыл, жасыл, сары деп. Қызыл аймаққа 13 елді мекенді жатқызыпты. Өйткені жайылымдық жері 90 пайызға қурап қалған. Ал сары аймақтағы елді мекендерде 30-40 пайыз көлемінде шөп бар. Жасыл түспен белгіленген елді мекендерде шөптің шығымдылығы жақсы. Қазір осы үш аймақтан 500 грамм топырақ алынып, сараптамаға жіберілген. Шөптің шығуына әсер ететін минералдың топырақ құрамында бар-жоғы анықталады. Е.Әбішев: «Сараптама қорытындысын төтенше жағдайлар департаментіне өткізіп, келісім аламыз. Содан кейін барып, төтенше жағдай жариялаймыз. Бұл мәселе күнделікті бақылауда», – дейді.

Қызылорда өңірінің жергілікті журналисі Ержан Қожас жаздағы жұтты, аштықтан малы қырылып жатқан ауылдарды аралап, Jas qazaq газетіне арнайы жолсапар жазды.

Аралда мал қырылды

Таңертең Аралдан шыққан ақ «Нива» бір тынбады. Өзі де сәлден соң ұзақ жолды ауырсынғандай жүйкеге тиер сырыл қосты. Жолсерік жігіт газды ышқынта басса да, «бар қауқарым осы» дегендей жүрісін өндітпеді. Ал менде – кешке дейін Сырдағы қуаңшылық қысқан ауылдарды аралап үлгерем бе деген уайым.

Жаздың жұты жанға батады

Азанмен Сапақ, Аралқұм, Қамыстыбас ауылының үстімен өткенбіз. Ұлы жолдың екі жағы көк атаулыдан биыл жұрдай. «Бұл байғұстар не тауып жүр екен» деп кездескен төрт түліктің бәріне жабырқай қарайсың. Әсіресе, түйе көп мұнда. Жерден бірдеңе шалып жеген болады. Былтыр ғана бес жасар баладай көрінген бұлардың қос өркеші қазір тым жұқа. Өлі жүні биыл түспейтін секілді…

Қамыстыбастағы теміржол өткелінен өткенде бір үйір жылқы ұшырасты. Мен де үйір деп жұмсарта салдым-ау, әйтпесе, мұндағы Қамбар ата тұқымының қатары селдір. Апырмай, үйірге ерген құлын аз екен-ау. Үш-ақ төл. Тірсегі майыса қалтырайды. Қалтырамай қайтсін, биеде сүт жоқ. Әлсін-әлсін енесінің бауырын түрткенмен, езуі көбіктенбейтінін құлыншақ қайдан білер?! Әсіресе, шеткері тұрған қасқа құлынның қимылы әлсіз. Көкке тойып, ойнақ салар оның «балалығы» жұтаңдық арасында жүр.

481 бас мал өлген

Қуаңшылық кесірінен қырылған малдың дерегін көрсетер цифрға әлсін-әлсін қараймыз. Қорек іздеп, тартылған көл мен дария жиегіндегі қалың батпаққа батқан біздегі шығын дәл осындай ма?! Тоқтай тұрыңыз, елді мекендерді аралауда бұдан көп шығын барын жергілікті тұрғындардың өзі-ақ айтып берер еді. Бірақ жоғарыдағы есепті түгендеп алсақ қайтеді?! Жақында ғана Аралға қарасты кент және ауылдық округ әкімдерінің мәліметімен өлген малдың есебі шығарылған. 321 бас жылқы, 159 сиыр, бір түйе. Осыларды қоссаңыз, тақырыптағы сан шыға қояды. Ойдан алмағанымызға осы дәлел.

Жаздың жұты жанға батады

Ал мал өлімінің бұдан да көп болуы мүмкін деген күдігімізді ауылдағы ағайынның өзі растап берді. Жаңақұрылыс ауылының тұрғындары: «Биыл қар болмады, жаңбыр да жаумады. Бұрынғы ата-баба дәстүрімен тасаттық та берілді. Халық судан, мал оттан тарықса, алдағы он жылда мұнда ел қалмауы да мүмкін. Үдере көшіп, қолдағы барын аз пұлға сатады. Сата алса, жақсы ғой. Қазір ауылда қозылы қой, не бұзаулы сиырын өткізе алмай жүрген адам көп. Құр өлтіріп алғаннан, аз болса да ақшаға айналдырам деген ой ғой. Басқа амал не?!» – дейді.

Қырдағы көп ауыл қолдағы малына жем-шөп таппай қиналуда. Мысалы, Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдық округтерінде жылқы, сиыр және қойды нарықтағыдан төмен бағада сатып жатқанын естідік. Онда да алушы аз. Ал жұтаған малдың өлексесі ен далада шашылып жатыр.
Жаңақұрылыс ауылындағы «Қожағұл ата» шаруа қожалығының төрағасы Елнұр Елшекенов: «Өзімнің шаруашылығымдағы малдың өлімі жетерлік. 150 бастан астам жылқы шығыны бар. Қыста қар жоқ. Одан қалды, бізде қара суық бар. Жүдеу малдың өкпесі зақымданса, белгілі ғой. Өкпесіне су толған жылқы кешегі ыстықта өз-өзінен құлады. Соңғы күні өлген бес-алты байталдың жағдайы дәл осындай. Өкпесі суға толған. Ал 50-60 бас сиыр, 40 шақты бұзаудың өлімі жұрттағыдай. Жүдеу мал өзінің тамағын таппай жүргенде, төлін қайдан асырайды?! Балшыққа батып, қоңын жимай кеткен мал бұл ауылда жетерлік», – деді күйініп.

Жаздың жұты жанға батады

Әр ауылдағы жауаптылар әлі де өлген малдың санын дұрыс жүргізбейтіндей көрінеді бізге. Өйткені елді мекендерден сұрастырғанымыздай, төрт түліктің шығынын есептегенімізде олар көрсеткен жоғарыдағы цифрдан асып кетті. Екінші жағынан, көбі қорасындағы малын есепке қоймайды немесе тіркеуден шығармайды. Шығынның нақты санын дүдәмал күйге түсіретіні де осы.

Жаңақұрылыс ауылындағы ветеринарлық пункт меңгерушісі Солдатбай Түрікпенов: «Бір ғана Бекбауыл ауылдық округіне Құмбазар, Үкілісай сияқты елді мекендер кіреді. 10 мыңдай төрт түлік бар мұнда. Ауданда мал шығыны бойынша біздің округ алда тұр. 64 сиыр, 47 жылқы өлексесін тіркедік. Мұның ішінде шаруа қожалығының да, жеке адамның да малы бар. Барлығын актілеп, есебін бердік», – деп түсіндірді.

Көтерем мал көп

Қазір Аралдағы ауыл әкімдері шөпке тапсырыс беру жұмысымен шапқылап жүр. Жақында ғана Қамбаш пен Аманөткел ауылында шөп сату жәрмеңкесі өткен. Жоңышқаның бір бумасы 1000 теңгеден сатылды. Қымбат болса да, қолындағы қарасын сақтап қалуға ұмтылады жұрт. Тіпті қалтасы көтермегендер 5-10 түйір ғана сатып алған. Ал Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қайрат Әбдірамановтың сөзіне сенсек, ауылдың айналасындағы көлшік атаулының барлығы тартылып қалыпты. Ол: «Біздің ауылдың өзінен 46 бас жылқы, 35 бас сиыр көтерем болып өлді. Бұл тіркеуде тұрғандары ғана. Ал негізгі көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Дұрысы, су жағалап, балшыққа батқан мал көп. Тартылған көлдің ұлтанынан кері шыға алмайды. Қыстан әлсіз шыққан мал бұл маңайдан не тауып жейді?! Айналаның бәрі ай тақыр», – деп ауылдың жайына күйінеді.

«Қызғаншақ» қожалықтар

Бұлай деуіміздің себебі бар. Қазір көп ауыл маңайындағы жайылымдық жердің көбі осындай қожалықтардың қарамағында. Жайылым жері мен көлі бар мұндай аймаққа жеке тұрғындардың малы аттап баспайды. Дұрысы, бастырмайды. Өйткені олар жерді ұзақ мерзімге жалға алған. Әрі мынадай қиындықта оның өз малына су да, шабындық шөп те жетпеуі мүмкін. Амал жоқ, тарылуға, яғни «қызғануға» тура келеді.

Қаратерең ауылының ақсақалы Мінәжат Биманов: «Олар мемлекетке белгілі салығын төлеп отырған соң, жерін сақтауға тырысады, бірақ бұл жерде екінші мәселе бар. Ол ауыл адамдарының азын-аулақ түлігі қайда барып жайылады деген сұрақ. Көп ауылға қиындық тудырып жүрген мәселе – осы. Бірақ біздегі шаруашылықтармен ауыл әкімі сөйлесіп, шөп шабуға, қыстық мал азығын алуға өзара келісіп отыр. Сосын мына ауыл маңына «Барсакелмес» мемлекеттік қорығының шекарасы тақалып тұр. Оған мал да кіргізе алмайсың, отын да шаба алмайсың. Ауыл маңында жайылымға тарлық ететін осындай мәселелер бар», – деді мәселенің көлеңкелі жағын ашып.

Қаратереңде 300-ден аса үй болса, 4 мың бас ірілі-уақты мал бар. Ауыл маңындағы «Жыланды» мен «Ақкөл» каналдары әбден бітелген. Дариядан бастау алатын өзектегі су суармалы жерге жылымшылап әзер барып тұр.

Ел ішіне кірмес бұрын аудандық әкімдікке аялдағанбыз. Аралға басшы болғалы ай толмаған Серік Сермағамбетовтің дәл қазір жайбарақат отыратын уақыты жоқ секілді. Қолы сәл қалт еткенде кездесіп үлгердік. Аудан әкімі: «Біздегі негізгі кәсіп – мал шаруашылығы. Статистикалық есепте 931-ден аса шаруа қожалық болса, оның 700-ден астамы мал шаруашылығына тиесілі. Биылғы қуаңшылық аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға кері әсерін тигізіп отыр», – деді жүре сөйлеп.

«Кәсіп аш, мал өсір, өнімін сат» деп айтармыз-ау. Бірақ қуаңшылық бұған деген ықыласыңды төмендетіп тұр. Неге? Күні кешеге дейін кәсіпкерлік арқылы несие алып, 10-15 жылқы, сиырмен тірлігін бастаған кейбір тұрғындар «енді қайтеміз?» деп дағдарады. Шөптің бағасы тым асқақтап тұр. Ал жемнің нарқы одан да қымбат. Дәл қазіргі уақытта Аралдағы төрт түлікке 7 жарым мың тоннадан астам шөп керек. Бұған қоса, 64 мың тонна жем қоры жиналуы тиіс.
…Ақ «Нива» кері қайтты. Сағат кешкі жеті болса да, мұндағы аптап қайта қоймаған. Қуаңшылық кеулеп тұр. Қасқа құлынның халі қалай болар екен?!

Ержан ҚОЖАС,
Арал ауданы
Қызылорда облысы

10 қыркүйек, 11:16
Жатақхана жетіспейді
03 қыркүйек, 11:49
Мектепке бала сыймайды
03 қыркүйек, 11:44
Қайда сол салынады деген бір емес, бірнеше қойма?
03 қыркүйек, 11:24
Мәжбүрсіз мәртебе
27 тамыз, 12:59
Ережесіз көліктер
27 тамыз, 12:55
Әркім арбасын өзі сүйреуі керек
27 тамыз, 12:52
Заңсыз ымыраның жолын кесу
20 тамыз, 12:28
Ауған түйіні