jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?

25 маусым, 12:34
1968

Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?

Біз ұзақ жылдар бодандықтың бұғауына бас үйреткен, бұғып жүрмесек, басынан айырылған елдің ұрпағымыз. Біз еркіндікке ішкі дайындықсыз: ұлттық рухсыз, имансыз, өз тарихымыздан, салт-дәстүрімізден, ата-баба жолынан, ата кәсібімізден, елдік патротизмнен айырылып, құр сүлдеріміз, сыртқы «қазақтығымызбен» ғана жеткен, есесі кеткен ұлтпыз.

Тәуелсіздікке қолымыз жетісімен жеріміз бай, кеніміз бай деп, далиған даламыздың кеңдігіне біреулер көрімдік беретіндей, сырттан келер қауіп-қатерді ойламай, еркіндіктің жөні осы екен деп есік-тереземізді аңқита ашып тастадық.

Бабалардан қалған «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз мұраны ескермедік. Енді, міне, арада 30 жыл өткенде осы уақытта туып-өскен ұл-қыздарымыздан көрмегенді көріп, тірідей «өліп» отырмыз. Бұл «не ексең, соны орасың» деген қазақтың даналығы.
Иә, қазір ұлттың бетіне күйе жақтым-ау деп сезінбейтін ұрпақ көбейді. Ұлымыз қазақ болғанын мақтаныш етпейді, қазақтыққа қызмет ету – түсінігінде жоқ. Қызымыз – үйіме «қонақпын», негізгі өмірім – ақ босағамда, соған бар абыройыммен, сіңіп кетер мінез-құлық, іс-әрекетіммен, ата-анама сөз келтірмейтін әдеп-әдетіммен барайын, жіңішке жолымнан аман өтіп, өз бақытымды табайын дей ме?! Демесе оған кім кінәлі?

Меніңше, бүкіл қоғам! Кемеңгер Абай «Единица кеткенде не болады өңкей нөл» деп тегін күйінген жоқ. Бұқараны алға сүйрейтін мықты, ұлттық идеология болғанда, ортақ тәртіп қалыптасар еді.

Ұлтымыздың кеткен есесін түгендейді деп жүрген ұлдарымыз у ішкізіп, қыздарымыз запыран құстырып, ішке толған «дертімізді» сөзбен, ақылмен емдеу мүмкін бе? Білмеймін! «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегенге сенемін.

Осы кезге дейін сыртқы қазақтығын «сыпыра» шешіп тастаған жастарымыз енді жан жоғалтуын місе тұтпай, тәнін өзгертуге қол салды. Шектен шығудың, Құдайдан қорқып, адамнан ұялмаудың, қазаққа жаны ашымаудың бұдан асқан сорақылығы бар ма? Бұндай бейбастықтықтан арылтуға ата-ананың күші де, әлі де келмейді. Өйткені еліктегіш, ессіз жастық қоғаммен өмір сүреді. Олардың бойындағы бұла күш отбасындағы шағын әлемге сыймайды. Кешегі адамдардың адамгершілік қасиеттерін, кісілік ұстанымдарын, еңбексүйгіштік, табандылық дағдыларын бағаламайды. Бар қызығушылығы – ақша табу.

Қазақы тәрбиеден ажырау – бір күннің кеселі емес. «Ел тәуелсіздігіне 30 жыл» деп бөркімізді аспанға атып, жақсылықтарды жанымыз қалмай тізбелегенімізбен, қазақтыққа қасқайып тұрып қанымыз тулап, жоғалтқанымызды іздеп шулап, қызмет етуге барымызды салғамыз жоқ.
Қазақы тәрбиенің ыстық ұясы – ауыл қамқорлықсыз, қараусыз қалды. Өлместің күйін кешкендердің ұл-қызы тентіреп қала кезді. Құлдық пен күңдікке жалданып қорлық көрді, көнбеске көнді. Шаршап-шалдығып, үмітсіз шайтанға айналып, арақ пен темекіні жолдас етті. Олар жалған сөйлеп, ұрлыққа барды, қылмысқа қолын малды.

Нарық заңы үстемдік құрғалы ауыл түгіл қаладағы қабілетті жас жеткіншектердің өзі ақшасыз алға баса алмайтынын біліп, жанбай жатып өшуге дайын тұр.

Қысқасы, қазақылық болмысқа құрмет мемлекет қамқорлығына зәру.

Сөз жоқ, балаға отбасы тәрбиесінің жөні бөлек. Ол бүкіл құндылықтардың іргетасы болып қаланады. Санасыз туған сорлы ғана оны кәдеге жарата алмас. Әйтпесе, Бұхар шайыр айтқандай: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да – тартпай қоймас негізге». Бүгінгі бала тәрбиелеу ісінде ата-ана шүйіркелесіп сөйлесуден, әңгімелесуден қалып барады. Тілі шыққан балаға сөздік қор жасауды, сөзден сөйлем құрауды үйретуге мән бермеуден бар пәле басталатындай. Сөйлесе білу, тіл табысу адамдық қарым-қатынастың негізгі құралы екенін ескермеуден бала жаны өспейтінін ойламаймыз. Перзентінің ар-намысын, ұяты, жігер-күші – сүйектен өтер сүбелі сөз арқылы, даналық ой арқылы дамитынын, ол үшін өздері үлгі-өнеге көрсетіп, кітап, газет-журнал оқуы керектігін қалай ұқтырсақ екен?! Материалдық игіліктерден: дүниеқұмарлықтан, ақшаға деген ашкөздіктен, тойымсыздықтан, қанағатсыздықтан, иә, күнкөріс үшін жанталастан артылып, баланың рухани әлеміне жанашыр болатын күніміз қашан туар екен?! Орыстың педагог-жазушысы Сухомлинский: «Біздің бүгінгі балаларымыз – біз қартайғандағы не бақытымыз, не қайғымыз», – депті. Бұдан асырып бірдеңе айта алмаспын. Қазір үлкеннің де, кішінің де қолында бір-бір телефон. Ол – бүкіл ғалам алақанында деген сөз. Дұрыс, онсыз тірлік жоқ сияқты. Өкініштісі, ешкім өзіне шектеу қоя алар емес, есі-дерті ауып, «кіріп» кеткен. Керегін табу үшін телмірсе мейлі ғой, жоқ, түкке тұрғысыз алданыштарға, біреудің жеке өміріне таңданыстарға кетіп жатқан қайран уақыт! Керісінше, уақытты босқа өлтірмей, әркім қабілет-қарымына қарай отбасылық дәстүр қалыптастырып, ағайын-тума, көрші-қолаң, дос-жаранмен араласып, амандық-саулық сұрасып, барысып-келісіп, сыйласып, бір-біріне қарайласып, тілекке тілек, жүрекке жүрек қосылып, кісілікке ұмтылса, елдік те, қазақы қалпымыз да қанатын жайғалы тұр. Қазақтың қазақтығы, мықтылығы – қазаққа ғана керек. Соны ұмытпасақ екен.

Қымбат Әбілдақызы,
«Айгөлек» журналының
автор-редакторы,
түркі әлемі ақпарат
саласының үздігі

10 қыркүйек, 11:16
Жатақхана жетіспейді
03 қыркүйек, 11:49
Мектепке бала сыймайды
03 қыркүйек, 11:44
Қайда сол салынады деген бір емес, бірнеше қойма?
03 қыркүйек, 11:24
Мәжбүрсіз мәртебе
27 тамыз, 12:59
Ережесіз көліктер
27 тамыз, 12:55
Әркім арбасын өзі сүйреуі керек
27 тамыз, 12:52
Заңсыз ымыраның жолын кесу
20 тамыз, 12:28
Ауған түйіні