jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жынысынан жерігендерді желіктіріп отыр

18 маусым, 14:02
1593

Жынысынан жерігендерді желіктіріп отыр

Бағила Балтабаева, «Қазақстан Ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

Jas qazaq газетінің 11 маусымдағы санында жарияланған ұлт жанашыры, білікті журналист Марат Тоқашбаевтың сұхбатындағы оқшау ойдың көтерген мәселесі аса ауқымды. Расында да, бүгінгі алмағайып заманда, әлемнің өзі қылт етпе мінезбен тыныстаған мезетте бала тәрбиесі, жас ұрпақтың санасын бүлдірмеу шаруасы тым күрделеніп кетті. Өйткені айналамызда ақпараттық майдан жүріп жатыр. Жан-жақтан ағылған еркін дерек көздері де, біздің таным-түсінігімізге мүлдем жат, миымыз қабылдай алмайтын кереғарлықтарға құштарлығы артушылардың саны ұлғайып бара жатқаны алаңдатады. Осы орайда өзекті өрттеп тұрған тақырыпты көтеріп, қоғамға үндеу тастаған газет ұжымына алғысымды айтамын.

ЛГБТ ұйымының біздің елде осыншалықты дамып, қанат жаюына үлес қосушылар, өкінішке қарай, көбейіп келеді. О баста, сонау 2000-жылдары, мүмкін одан да әрірек, әйтеуір, ең алғашқы «қоңыраулары» сыңғырлай бастады. Сол кезде қоғам болып қарсы тұрмадық. Одан кейін гей-клубтар ашылып, олардың жасырын түрде жұмыс істегеніне де етіміз үйрене бастады. Көшедегі сабылған адамдардың арасынан гей-жұптарды да көзіміз шалып қалған кездерде, көрмегендей болып, естісек те, естімегендей болып, мән бермей, «сен тимесең, мен тименің» кейпін танытып, бейжай қарағанымыздың кесірі осы дәрежеге жеткізді деп ойлаймын. Екіншіден, басқа елдермен келісілген халықаралық пактілер мен келісімшарттардың адам құқығы жайлы бөлігінде бұлардың қосымша құқығы жайлы тармақтары болуы әбден мүмкін. Үшіншіден, бұған дейінгі көрініспен салыстырсақ, былтыр мен биылғы жылы ерекше бас көтеріп, өз-өздеріне сенімдері арта түскенін байқауға болады.

Бұқаралық ақпарат құралдарында ЛГБТ-ның насихатын арттырып, көгілдір экраннан осындай дүниелерді көрсетіп отырғанның өзі біздің қазақы санамызға сыймайтын, қабылдай алмайтын дүние. Осындай оспадарлықты олар Қазақстан мемлекетінің азаматы ретінде, осы ұйымның сөзін сөйлеп, тіпті болашақта бір жынысты некені талап ететінін ашық айтып жүр. Биыл 8 наурызда «feminita.kz» ұйымының бастауымен дүркіреп бейбіт шеру өтті. Әйел құқығын қорғайтын болып бастап, соңыра ашықтан-ашық ЛГБТ насихатымен аяқталды. Тағы басқа белсенді жұмыс жасай бастаған парақшасы бар. Онда қазақтың қаракөз жігіттері бір жынысты неке мен бір жынысты некедегілерге бала асырау туралы сөз қозғап отырады. Ол да насихат. Осылардың барлығының қарқынды жұмыс жасап жатқандары Батыстың қолдауы деп ойлаймын. Қайткен күнде де біздің елде мұндай сұмдықтың ары қарай өркендеуіне жол бермеуіміз керек!

Біздің «Қазақстан Ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен отбасына қатысты түйткілді мәселелер жиі талқыланады. Оның ішінде бала тәрбиесіне аса мән беру керек екенін бұрын-соңды болмаған үреймен айтып отырамыз. Өйткені құбылмалы қиын заман қазір. Балаларымызды жан-жақтан бақылап, қадағалап отырмасақ, бір мезетте санасы ауып кетіп жатқан жас ұрпақ қаншама. Қиын болса да неғұрлым смартфоннан алыстатып, кітап пен «жанды» қарым-қатынасты нығайту керек. Әр ата-ана өзінен бастап, ұлттық, отбасылық құндылыққа бет бұрып, соны ұл-қыздарына сіңірсе, жынысынан жеріген ұрпақтың саны азаятын еді. Қазақы тәрбиені қайта жандандырып, жаңғырту керек бізге. Ата-бабамыз, «Ұят болады, обалына қалма, Жаман әдеттен аулақ жүр» деп тәрбиелеп, «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деп үш сөйлеммен қайырып отырған. Сосын имандылыққа аса мән берген жөн. Өйткені иман бүгінгі «түрлі-түстілермен» күресу жолында, бірден-бір мықты қаруымыз, иманы күшті бала, ешқашан жаман жаққа бұрылмайды. «Отан – отбасынан» демекші, әр отбасы өз баласының тәрбиесіне жауапты. Бір бала теріс тәрбие алса, болмаса ата-анасының салғырттығынан ЛГБТ секілді жат ұйымдарға қосылып кетсе, ертең қоғамның да, ата-анасының да маңдайының сорына айналары анық. Ал енді бір бала болса да дұрыс тәрбие алса, ертең қоғамының да, ата-анасының да басына қонған бағы, мақтанышы, тірегіне айналады.

Бір жыныстылардың есіріп, тайраңдағаны бүкіл есті қазақты дүр сілкіндірді. Еліміздің шалғайында әлі де бұлардың кім екенін толық білмей, танымай жатқан халық баршылық. Білсе, олар да қарсы боларына сенімдімін. Өткенде Шымкенттің азаматтары өз өңірінде тойлатуға, тайраңдатуға жол бермеді. Алдағы уақытта біздің елде бұлардың бас көтеріп, ашық және жасырын түрде насихаттауына жол бермеуіміз керек. Сол бағытта заң аясында қарсылық әрекетті тоқтатпауымыз керек. «Қазақстан Ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ЛГБТ әрекетіне қарсы шаруаны бірнеше бағыт бойынша жүргізіп келеді.

Ең әуелі, электронды петицияға қол жинап жатырмыз. ЛГБТ ұйымының елімізде өркендеп, ашық және жасырын түрде насихат жүргізуіне қарсылығымызды білдіре отырып, ел Президентіне хат жазамыз.

Елім деген әр азамат 15-20 секундттық қысқа видеоүндеу түсіріп, парақшасына #менлгбтғақарсымын деген хэштегпен жүктеп салса, азаматтық өз ойын білдірген болады. Өңірлерде жергілікті әкімшілікке бейбіт шеру өткізу туралы өтініш білдіру. Егер әкімдік тарапынан рұқсат беріп жатса, бейбіт шеру өткіземіз. Бұл – халық өз ойын ашық жеткізе алатын тәсілдің бірі. Хаттың үлгілері, толық түсініктемесі және сілтемелері @bagiaizere @kazsouzrod парақшаларында жүктелген. Мінекей, осылайша заң аясында қарсылығымызды білдіріп, күресуіміз керек. Өйткені бүгінгі әрекетсіздігіміз, бейжайлығымыз, немқұрайдылығымыз ертеңгі болашағымызға балта шапқанмен пара-пар іс. Ұрпағымыздың санына, сапасына, тәрбиесіне мән беріп, барынша ұлттық құндылығымызды сақтап қалу «Ел боламын десең, бесігіңді түзеуге» (Мұхтар Әуезов) ұмтылған әрбір адамның парызы болуға тиіс.

Жазып алған Қуаныш Көшек

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады