jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Үй салу – үлкен тәуекел

18 маусым, 13:55
714

Үй салу – үлкен тәуекел

Газетіміздің өткен санында азық-түлік бағасының қымбаттап кеткенін, оның ішінде халықтың күнделікті тұтынатын картоп пен сәбіз, қызанақ пен қияр сияқты өнімдердің бірден бірнеше есе өскенін жазған болатынбыз. Бұл жолы құрылыс материалдарының бағасын зерттеп көрдік.

Үй салу – үлкен тәуекел

Арматура «аспандап»…

Алматы сияқты алып қалада баспана – басты мәселе. Мұнда құрылыс жұмыстары жыл он екі ай бойы бір тоқтамайды. Мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй болсын, жұрттың табан ет, маңдай терімен салған жеке баспанасы болсын, құрылыс базары саудасын тоқтатпайды. Дегенмен үй салу алты ай жаздың еншісіне бұйырған шаруа. Сол үшін де басқа маусымға қарағанда, жазда құрылысқа қажетті зат бағасы шарықтап кетеді. Жылда солай. Бірақ биылғы баға көз ілеспес жылдамдықпен өсті. Тіпті екі айдың ішінде қарапайым қоңырқалтаға салмақ салардай қымбаттаған.

Базарларды аралап көрдік. Алдымен Алматының іргесіндегі Тұздыбастау ауылындағы құрылыс дүкендеріне соқтық. Былтырғы баға жоқ. Сатушылар да «жанып» тұрған жоқ. Келген адаммен самарқау амандасады. Сауда жасамайтынымызды білетін сияқты. Көлеңкеде отырған күйі «не керек?» дегендей иек қағады.

– Темірдің бағасын білсем деп едім.

– Не темір?

– Үй салатын. Іргетасқа пайдаланатын ше?

– Арматура ма?

– Иә.

– Қайсысы керек?

– Қайсысы керек дегеніңізді түсінбедім?

– Мұнда неше түрлі арматура бар. Сіз өзі үй саласыз ба, жоқ ерігіп жүрсіз бе? Темір танымайсыз ғой, – деп сатушы жігіт қабағын қыржитсын.

– Бәрін көрсетсеңізші. Жұрт алып жүргендерін.

– Әркім әр түрлі арматура пайдаланады. Үйдің тағаны мықты болу үшін жуан темір қажет. Қалтаңыз көтермесе, жіңішкесін ала берсеңіз де болады. Күнде жер сілкінетін жанартаудың үстіне салғалы жатқан жоқсыз ғой, – деп қыржиған қабағын ашып қиқ-қиқ күлді.

– Бағаларын айтсаңызшы. Сіз өзі саудагерсіз бе? Зат сататын адам кісінің іші-бауырына кіріп кетуші еді. Отырған орныңыздан қозғалуға ерінесіз, – дедім. Сөзім қамшы болды ма, ол орнынан тұрды да:

– Күніне сіз сияқты жүз адам келеді. Бәрі бағасын сұрайды. Бірақ біреуі алмайды, – деді қолын беріп, амандасып жатып.

– Не үшін алмайды? Мүмкін, сіз дұрыс қызмет көрсетпейтін шығарсыз?

– Қазір баға қымбат. Жұрт осының бәрін біз қолдан жасап жатқандай көреді, – деп атан түйенің беліндей буылып жатқан арматураның жанына барып, әрқайсысының бағасын жеке-жеке айта бастады.

– Мысалы, мына 12-лік арматураның (12 мм) былтырғы бағасы 180 теңге болатын. Қазір 350 теңгеге бір-ақ көтерілді. Ал 14-тік арматура былтыр 280 теңге болды. Биыл 450-ден сатып жатырмыз. 16-лықты өткен жылы 350-ден саттық. Биыл 650 теңгеге секірді. Үлкен базарлардағы баға менікінен сәл арзан болуы мүмкін. Бізге затты жеткізу құны қосылады ғой. Қазір бензин де қымбаттап кетті, – деп сатушы көлеңкеге тығылды.

Ағаш «күйіп» тұр

Ауыл ішіндегі бағаның дені осындай. Бір-бірінен 10-20 теңге арзан, не қымбат. Үлкен базарға соқтық. Жетісу базарының қысы-жазы қайнап жататын жері – құрылыс материалдарын сататын бөлігі. Базардың астыңғы жағындағы ат шаптырым аумақ. Жаяу адамға басынан аяғына дейін 15 минуттық жол. Сол аралықта құрылысқа қажетті тас пен құмнан басқа заттың бәрі сатылады.
Алдымен ағаш сататын жерге тоқтадық. 2016 жылы өзім үй салғанда қалыңдығы 5, биіктігі 20 сантиметр (см) болатын бір арқалықты (балка) 2000 теңгеден алғаным есімде еді. Бірден соны сұрадым.

– 7500 теңге болады, – деді сатушы жігіт.

Қалыңдығы 4,5 см болатыны 6200 теңгеге «ұшыпты». Былтырғы бағасына екі есе қосылып кеткен. Өткен жылы қалыңдығы 5 см болатын арқалық 3500 теңге болса, 4,5 см-ліктері 2500 теңгеден сатылыпты. «Стропило» деп аталатын шатыр тіреуіші де қымбаттаған. Былтыр қалыңдығы 5, биіктігі 12 см болатын стропило 1800 теңгеден сатылса, биыл 4300 теңгеге өсіпті. Стропилоның үстіне шегелейтін, шатырды ұстап тұратын көлденең тақтайларды (торлама) осыдан 4 жыл бұрын 350-450 теңгеден алған едік. Қазір мұның қалыңдығы 2,5, биіктігі 10 см болатындары 1700 теңгеден сатылып тұр. Былтыр 600 теңге болған. Сатушының айтуынша, баға күн сайын құбылып тұрады.

– Бүгінгі баға ертең жоқ, ертеңгі бағаны арғы күні таппайсыз. Сондықтан, үй салатын кезде келіп алсаңызшы. Күні бұрын көрген бағаңыз болмай қалса, бізге ренжіп жүресіздер, – деп, шоқша сақалды сатушы жігіт ағаш бағасын ашып айтып, мән-жайды толық түсіндіріп берді.
Темір-терсек сататын саудагерлерге бұрылдық. Тұздыбастауда көрген бағадан бірі – арзан, бірі – қымбат. Мысалы, 12-лік арматура 300 теңге болса, 14-тігі 480, ал 16-шы арматура 600 теңге деп тұр.

– Ағаш Ресейден келеді. Ал темір өзімізде өндірілмей ме? Неге қымбаттап кетті? – деп сұрадым темір сатып, темірдей қатып қалған қараторы жігіттен.

– Бізге қымбат келіп жатыр. Біздікі Ресейдің темірінен арзан. Олардың бағасы бұдан қымбат. Қарапайым халық өзіміздің арматураны алады. Сапасы жақсы, бағасы да қолайлы. Қатып қалған баға жоқ. Алсаңыз, келісеміз ғой, – деді. Сатушының «Қатып қалған баға жоқ, келісеміз ғой» дегеніне қарағанда, бұлар бағаны қолдан көтеріп отырған жоқ па? – деген күдік көбейе береді екен.

Шеге де қып-қызыл ақша

Базарды аралап жүргенде бір түсінгеніміз, тауардың бағасына көліктің жеткізу құны қосылады. Ол да аз емес. Оның үстіне, «Жетісу» базары қаланың шеткі аймағында. Сондықтан қала ішіндегі базар бағасы бұдан арзан болуы заңдылық. Осы оймен Тұрар Рысқұлов көшесінің бойындағы «Береке» базарына ат басын бұрдық. Ерғанат Қақатаев есімді сатушыны әңгімеге тарттық.

– Былтырғыдай сауда жоқ, – деп бастады ол әңгімесін. – Қымбатшылыққа өзімізді кінәлі сияқты сезінеміз біз. Халыққа да обал. Бұрын бір үй салатын ақшаға қазір үйдің іргетесін әрең құясың. Бәрі қымбат. Ағаш та, темір де, тіпті басқа да құрылыс материалдары «ұшып» кетті. Шегенің өзін қып-қызыл ақшаға аласыз. Әдетте шегені ешкім есептей бермейтін. Қазір ол да қалтаға салмақ салады.

– Былтырғы мен биылғы бағаны салыстырып көрдіңіз бе?

– Айтудың өзі ұят. Мысалы, былтыр 12-лік арматураны 175 теңгеден сатқанмын. Биыл 350-ге өсті. 14-тің бағасы қазір 478 теңге болып тұр. Өткен жылы 237 теңгеден сатып едім. 16-шы арматура былтыр 309 теңге болса, биыл 625 теңге. Бұдан бөлек, «катанка» деп аталатын арматураны бір-біріне байлайтын жіңішке бұрауыш темір болады, оның өзі «алтын» болды ғой. Мысалы, соның алтылығы былтыр 65 теңге болатын. Биыл екі есе өсті, 120 теңге. Ал сегіздігі қазір 180 теңге, өткен жылы 90 теңгеден сатқанбыз.

– Тұздыбастау ауылындағы құрылыс материалдарын сататын дүкендер мен «Жетісу» базарын аралап шықтым. Сіздің бағадан қымбат сияқты.

– Олар тауарды бізден алады. Мен сізге көтерме сауданың құнын айтқан жоқпын. Егер көп алсаңыз, әр материалдан 20-30 теңгеден түсіріп беруге болады. Ол алатын затыңыздың аз-көптігіне байланысты, – деп әңгімесін аяқтады.

Базардағы арматураның дені – отандық өнім. 2020 жылы елімізде 769,3 мың тонна арматура шығарылыпты. Ішкі нарыққа 574,1 мың тонна өнім жөнелтілген. Оның 1 тоннасы орташа есеппен 311,4 мың теңгеден сатылған. Ал былтыр цемент өндіру бойынша рекорд орнаған. Бір жылда 10,25 млн тонна цемент шығарылыпты.

Қара тас қымбаттап…

Биылғы қымбатшылықпен жағаласып, үй салу оңай шаруа емес. Әріптесіміз, белгілі журналист Ришат Асқарбектің үй салып жатқанын естігенбіз. Соған хабарластық.

– «Мен ұрлық қылғанда айдың жарық болғаны-ай» деп өкініпті дейді бір ұры. Сол ұры айтпақшы, мен үй салғанда құрылыс материалдары «ұшып» кетті. Мысалы, маусым айының басында цементтің орташа бағасы 1400-1500 теңге болса, қазір 2000-2500 теңгеден сатылып жатыр. Арматураның тоннасы жыл басынан бері бірнеше есе өсті. Бұрын 1 тоннасы 230 мың теңге болса, қазір 440 мың теңгеге жеткен. 250 маркалы бетонның бағасы маусым айының басында 12000-13000 теңге болатын. Қазір 18 000-20 000 теңге. Былтыр осы маркадағы цементті 9500-10000 теңгеден алуға болатын. Шеттен келетін ағаш материалдары ғана емес, өзен арналарында жатқан құм-шағыл мен қара тастың да бағасы шарықтап кетті биыл. 35 тонна құм жыл басында 35 мың теңге болса, қазір 70-80 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Қымбат болса да, амал жоқ, аламыз. Бірақ үй салуға үлкен тәуекел керек екен, – дейді.

Құм да қалтаны қағады

Әріптесіміз айтқандай, үй салу үшін шағыл тас, қиыршық құм да қажет. Қазір мұның да бағасы удай. Тіпті үш есе өскен. Шеттен келмейді. Бірақ неге осынша қымбаттағанын ешкім түсіндіріп бере алмайды.

Біз үйдің қаңқасын тұрғызуға ғана қажетті заттардың бағасына тоқталдық. Құрылысшы мамандардың айтуынша, үйдің сыртынан гөрі ішкі жұмысына қаржы көбірек кетеді екен. Шатырдың өзі шетелден келеді. Бағасының удай болатыны анық. Есік-терезеге үйдің сүйегіне кеткен ақшадан көп қаржы жұмсайсыз. Ал сылау, әктеу, түсқағаз жапсыру, еденіне тақтай немесе паркет төсеу, су құбырын жүргізу, жылу жүйесі мен электр желісін жүргізу сияқты ішкі жұмыстарының бәрін есептесеңіз, шашыңыз ағарады. Өйткені нарықтағы баға күн сайын құбылып тұр. Оның үстіне, құм мен цементтен басқа өнімнің бәрі шетелден келетінін ескерсек, құрылысқа кететін қаржының қайда құйылатынын өзіңіз де бағамдай беріңіз.

Жарас Кемелжан

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады