jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Шығысқа көш неге баяу?

04 маусым, 13:40
435

Шығысқа көш неге баяу?

Елімізде көші-қон саясатын жандандырып, жаңғырту бағытында мемлекеттік бағдарламамен оңтүстіктен солтүстік облыстарға көшу шаруасы қарқын алып, кейін бәсеңдеп қалғандай көрінген. Оның басты себебі «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегенге саяды. Өйткені басы таудай болып, дабырасы мен дақпырты басым болған салқар көштің керуеніне қатысты біраз жайттар сөз күйінде қалды. Баспанамен, мемлекет тарапынан берілетін бір реттік қайтарымсыз грантпен, басқа да әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету, тұрақты жұмысқа орналастыру секілді «ауыздан ақ май ағызатын» уәделердің кейбірі оңтүстіктен көшіп келгендердің алдында орындалмай жатты. Құрғақ уәдеге тойған кейбір ағайындардың арасында кері қайтқаны да болды.

Газетімізде осы көші-қон саясатына қатысты журналистік талдау жасап, сериялық мақалалар жарияладық. Оңтүстіктен солтүстік облыстарға көшкен елдің жайынан оқырманды хабардар еткенбіз. Бұл жолы құйылған көштің басы шығысқа қарай шығандап шығуының жай-жапсарына тоқталайық.

2014 жылы оңтүстік халқының шығысқа қарай көші басталды. Жұмыссыз жүрген ағайындарға шығысқа барып екі қолға бір күрек таба алатын ақжолтай ақпарат айтылған соң ықылас танытқандар болды. Ауыл шаруашылығы саласына мамандар, мұғалімдер, техниктер қажет деп сауын айтқан шығысқазақстандықтардың шақыртуы шамалы болды ма, бұл өңірге көшіп барушылардың қатары қуантарлықтай емес. Көші-қон мәселесіне қатысты өңір басшысы оңтүстікпен әріптестік келісім жасасып, арнайы бағдарлама да түзілген. «ШҚО-ға қоныс аударамыз» деп аталатын жобамен танысу үшін Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сайтынан ақпараттар алуға да орай туғызды. Көшіп келгендерге баспана беріп, әлеуметтік көмекпен қамтамасыз ету де шешілген. Сайттан электронды карта алып, сол арқылы шығыстың қай пұшпағына барып тұруды тұрғынның өзі таңдайтыны, мектеп пен балабақшаға баласын орналастырудың да қиындық тудырмайтыны айтылды. Шығыс Қазақстан облысына мыңдаған отбасы көшіп келіп, халық саны біршама артады деп жоспарлады.

Шығыс Қазақстанда әлгіндей мамандықтарға кадрлар жетімсіздігі байқалып тұрғанда, оңтүстікте жыл сайын сегіз мыңға тарта жас маман қолына диплом алады екен. Олардың барлығына бірдей дайын тұрған жұмыс қайда? Көпшілігі сенделіп жұмыссыздардың қарасын молайтады. Ал солтүстіктегі облыстарға көшіп барған отбасыларға атқарушы билік тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қоса, жергілікті тұрғындар, яғни ауыл адамдары жаңадан көшіп келген отбасының қорасына сиырын әкеліп, қойы мен қозысын қосақтап қамап береді.

Тіпті кәсіпкер үй салып берген. Қайрат Жәнібеков есімді елжанды азамат әр отбасының есігіне он сиырдан көлденең тартыпты. Үш жыл бағады, сүтін сауып май-қаймағын айырады, айранын ұйытып, қатығын сүзіп, құртын кептіреді. Төлін өсіріп, соғымға соя ма, сата ма – өзінің еркі. Үш жылдан кейін он бас сиырын аман-есен иесіне қайтарып береді.

Жылына екі сиыры қысыр қалып, біреуінің бұзауы шығынға кетті дегеннің өзінде жеті бас ірі қара сіздікі. Үш жылда орта есеппен бес-алты бастан төл алсаңыз, он-он бес ірі қараның басын құрайсыз. Бұдан бөлек, қораңызда сіз көшіп барған ауылдың атымтай-жомарт азаматтары байғазыға байлаған қой-ешкіңіз де бір басы үш жылда беске жетіп, ырысыңызды арттырады.
Мұндай мүмкіндікті, яғни ағайынның ақ пейілімен берілетін халықтың өз көмегін әзірге шығысқа көшіп барғандар көре қоймапты.

Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда басталған көштің жоспары бойынша оңтүстіктен шығысқа халық ағылып келіп, төгіліп түсуі тиіс болатын. Бірақ бүгінде бұл шаруа өңірде тым баяу жүріп жатқан көрінеді. Жалпы оңтүстік халқын солтүстік облыстарға көшіру шаруасын қарқынды жүргізу мақсатымен теріскейліктер тынбай еңбектеніп жатыр. Мәселен, осы жылдың сәуір айында Түркістан облысының Түлкібас ауданында Шақпақ, Жабағылы, Ақбиік, Кемербастау, Мичурин, Түлкібас ауылдарының тұрғындарын жинап, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облысынан келген делегация үгіт-насихат жүргізіп, кездесу өткізіп кетті. Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында теріскейге көш түзеуге сауын айта келгендер бейнеролик көрсетіп, Алматы, Жамбыл облыстарынан солтүстікке барғандардың жағдайынан хабардар етті. Әкімдік тарапынан берілетін көмек пен әлеуметтік бағдарламаларды алудың арқасында мал жинап, өрісін кеңейтіп, несібесін молайтып, шаңырағын шаттыққа кенелтіп отырған ағайынның тыныс-тіршілігін көрген түлкібастықтардың арасынан да көшке ілесуге ықылас танытатындар болды. Міне, нәтижелі жұмыстың көрсеткіші деген осы. Мүмкін шығысқа қарай оңтүстіктен көшіп келушілердің қатары артпауына жұмыстың белсенді жүргізілмеуі себеп болған да шығар.

Осындай қордалы мәселенің түйіні оңтайлы шешіліп келе деп, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Оралбек Тұрғазиевтен сұрадық.

Шығысқа көш неге баяу?

Оралбек Тұрғазиев, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

– 2017 жылдан бастап «Еңбек» бағдарламасымен 1 отбасы көшіп келді. Одан кейін өз қалауымен көшінің басын бұрған отбасылар да бар. Ертеректе Тарбағатай ауданына көшіп кеткен ауыл тұрғындары қайта айналып қазығын тауып келушілер де аудан халқының санын көбейтуге үлесін қосуда. Оларға да көші-қон қаражаты мен тұрғын үй қаражаты, мемлекеттік қайтарымсыз грант секілді әлеуметтік көмек түрлері беріледі.

Жас кадрлар, білікті мамандар әзірге келе қойған жоқ. Мемлекет тарапынан салынып, дайын тұрған үй де жоқ. Бәлкім, сол себепті де келушілердің саны аз болып тұрған шығар.
Қайтарымсыз шағын гранттың сомасы биыл 583 мың теңгеге жетті. Оны алғандар он шақты қой, болмаса екі сиыр сатып алып төрт түлігін көбейтіп, мал шаруашылығын дамытуға үлесін қосады. Кейбірі қайтарымсыз гранттың қаражатына құрт жасауға қажетті аппарат сатып алып, шағын кәсібін дөңгелетіп отыр.

Былтырғы жылдың наурыз айында карантиндік шектеу енгізілгенге дейін Шығыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Шымкент, Тараз қалаларында ұйымдастырылған жәрмеңкеде оңтүстік халқын шығысқа шақырудың үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі одан кейін де өтті. Бірақ жас мамандар келмеді. Жалпы 2017-2020 жылдар аралығында шығыс жеріне 40 отбасы көшіп келіп, 123 адам қоныстанды. Бірақ бұлардың арасында төрт отбасы қайта көшіп кетті. Әлеуметтік келісімшартты бұзғаны үшін азаматтық сотқа бердік. Олар тұрақты қоныстануға келгенімен, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерін алған соң қайта көшіп кетті. Көшіп келгендер тұрғын үй қаражаты мен көші-қон қаражатына ауданның бос жерінен жер алып сонда қоныстанып, тіршіліктерін жалғастырып отыр.

Шекаралық өңірлерде халықтың тығыз шоғырланып отыруы тиіс деп ойлаймын. Алдағы уақытта шекараның шебіндегі аймақтардың инфрақұрылымын дамытып, тұрғын үйлер салып, тек оңтүстіктен ғана емес, шетелден көшіп келетін қандас бауырларымызды да құшағымызға басуды қолға алған дұрыс деп санаймын. Малын өсіремін, егінін жайқалтамын деген еңбек адамдарына жерден тарықтырмай жағдай жасалатын болса, көштің керуені толастамайды. Осыны ұмытпауымыз керек.

Қуаныш Рахмет

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады