jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бүгінгі мен бұрынғы түлек

28 мамыр, 12:14
329

Бүгінгі мен бұрынғы түлек

25 мамыр – соңғы қоңырау күні. Дәстүрге айналған мереке. 11 жыл білім алған алтын ұясымен жас түлектер қимай-қимай қоштасады. Ал мектеп бітіргендеріне 20 жыл, 40 жыл болған бұрынғы түлектер қарашаңырақпен қауышып мәре-сәре. Болашақ жастардың қолында дейміз. Мектеп бітірген жас түлекке ақжарма тілек айтып, болашаққа қадам басуымен құттықтаймыз! Ал айтулы мерекені түлектеріміз қалай өткізіп жүр? Мәселе сонда!

Күні кеше Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында дәл мектеп бітірген күні жас түлектер жаға жыртысып, бір-бірін көшеде сабап, аяусыз тепкіледі. Олардың 11 жыл бойы «шәй» деспей, дәл сол күні бір-бірінің алқымынан алғандары, әрине, түсініксіз. Тәртіп бұзғандар ұсталып, ата-анасына ескерту жасалыпты.

11-сыныпты бітіріп жатқан балалардың тәртіпсіздігі мұнымен шектелмейді. Соңғы кездері олардың арасында қымбат көлікпен кортеж жасау сәнге айналған. Кортеж – үйленген жастардың той алдында қымбат көлік жалдап, қала көшелерінде серуендейтін салтанаты. Бірақ мектеп бітіріп жатқан балалардың кортежі түсініксіз. «Тик-Ток» пен басқа да әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, ақ фартук киіп, ақ бантик таққан қыздар ерсі қимылмен ебедейсіз билеп, жұрттың назарын өздеріне аудартуда. «Қыз – үйде, қылығы – түзде» деген аталы сөз қайда? Былтыр қолдарына аттестат алған үш оқушы құжаттарын қоқысқа тастап, дүйім жұртты дүрліктірген еді. Кейін «жаздық-жаңылдық» деп көпшіліктен кешірім сұрады. Жіпке тізе берсек, мұндай ессіз әрекет көп. Әйтеуір, мектеп бітірушілерге қатысты жаңалықтың жағымдысы тым аз.
«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Қазіргі жастардың қылығы дарақылық па, даңғазалық па? Бізге ол жағы да түсініксіз. Кейде осылардың ессіз ісі баршылық пен тоқшылықтан асып-тасуға ұқсайтындай көрінеді. Еліктеу де бар. Қазір балалар мектеп бітіргендеріне емес, мектептен құтылғандарына қуанады. Дәп бір әке-шешесі мен мұғалімдері 11 жыл мойнына қарғы тағып қинағандай. Бұл жасырын емес.

Бұрынғымен салыстырғанда, бүгінгі соңғы қаңыраудың сәні кеткен. Алматы облысында 40 жыл ұстаз болған Нұржамал Тұрдақынбаева жас түлектердің даңғаза қылығын даңғазалықтан көреді. Ардагер мұғалім: «Қазір жастар еліктегіш. Бір-бірінен асып түскісі келеді. Әке-шешесі де ерік берген. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Оның үстіне, қазір тренд деген ұғым пайда болды. Жастар трендтен қалғысы келмейді», – деп түсіндірді.

Бәріне бірдей күйе жағудан аулақпыз. Мектеп бітірушілер арасында ісімен үлгі болып жүргендер де бар. Мәселен, 20 немесе 40 жылдық түлектердің кездесуінде ауылына жақсылық жасап, соңынан ерген жастарға жол көрсеткен азаматтарға іштей сүйсінесің. Естеріңізде болса, былтыр Семейдің Үржар ауданына қарайтын Көктал ауылының азаматтары, яғни мектеп бітіргендеріне 20 және 30 жыл толған сыныптастар ауыл тұрғындарының игілігі үшін алып көпір салды. Қатынсу өзеніне салынған аспалы көпірдің ұзындығы 130, биіктігі 10 метрге жетеді. Құрылыс жұмысына 11 млн теңге жұмсалды. Қаржының басым бөлігін 1973, 1983 жылы туған мектеп бітірушілер шығарған. Ауыл тұрғындары да қаржылай көмектесіпті. Өткен аптада ғана Түркістан облысының Түлкібас ауданында мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған сыныптастар тұрмысы төмен бір отбасыға үй сыйлады. Мұндай жағымды мысал көп. Кейбір ауылдарда түлектер мектебіне компьютер, құрал-жабдық сыйлап, ауылға кіреберіс салып берген. Мектепті биыл бітіріп жатқан жас түлектер осындай аға-әпкелерінен үлгі алса ғой, шіркін.

Мақпал Ноғайбаева

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады