jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Бағыс пен Ақниет елге қосылды

28 мамыр, 11:53
465

Бағыс пен Ақниет елге қосылды

Жиырма жылдан бері түйткілді мәселенің түйіні тарқатылмағандықтан, Түркістан облысының Бағыс және Хиебон елді мекендері елеусіз қалып келген еді. Елеусіз болатыны, Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында қоныстанған қос ауылдың жері еліміздің картасына енбеді. Соның салдарынан екі ауылдың халқы басындағы баспанасының құжатын рәсімдете алмады. Басты кедергі – Бағыс пен Хиебон ауылдарының қоныстанған жері Қазақстанға қарамағаны.

Күні кеше Премьер-Министр Асқар Мәмин Үкіметтің қаулысына қол қойды. «Түркістан облысының шекарасын өзгерту туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңындағы 10-баптың 1-1-тармақшасына өзгерту енгізілді». «Бағыс пен Хиебон елді мекендерінің жалпы алаңы – 795,62 гектар жерін Түркістан облысының шекарасына қосу арқылы Түркістан облысының шекарасы өзгертілсін. Түркістан облысының әкімдігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын» деп жазылған Премьер-Министрдің қаулысында.

Ақжолтай ақпараттың мән-жайын білмекке, Бағыс пен Хиебон ауылдарында тұратын халықтың көптен күткен сүйінші жаңалығын бөліспекке, екі ауылды еншісіне жазған Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиевке телефон шалдық. Хатшысы әкім «Нұр Отан» партиясының жиынына кеткенін айтты. Орынбасарының телефонын тердік. Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Тәліпов бұл мәселемен Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Көкеев шұғылданатынын айтып, соған сілтеді. Бірнеше жылдан бері жалғасып, шешімін таппай келе жатқан қордалы шаруаны маманнан сұрап білдік.

Jas qazaq: Осы мәселені өзіңіз қолға алыпсыз.Үкімет басшысы Асқар Мәминнің қаулысы күшіне енді. 2000-жылдардың басында жүргізілген ратификация кезінде картаға енбей қалған екі ауылдың тыныс-тіршілігін өзіңізден сұрап білмекке хабарласып отырмыз.

Нұржан Көкеев: Жақсы, қандай сауалдарыңызға да нақтылықпен, бүкпесіз жауап беруге әзірмін. 2004-2005 жылдары Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының шекаралық аудандарындағы жерлер картаға енгізіліп, делимитация, демаркация жұмыстары жүргізілді. Екі мемлекеттік шекара белгіленіп, арнайы бағандар қағылып, белгі қойылды. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің шектесетін аймақтарында жердің шекаралық ауданына белгі қою жұмыстары Сарыағаш ауданы бойынша уақытында шешілген еді. Бірақ оңтүстіктің басқа аймақтарындағы өзбек ағайынмен жер бөлісу шаруасы кешеуілдеп, соның салдарынан Бағыс пен Хиебондағы халықты Түркістан облысына қосу жұмыстары да кейінге ысырыла берді.

Jas qazaq: Кейінге шегеріле бергендіктен де бағыстықтар мен хиебондықтар үй құжаттарын жасату, жерін рәсімдеу шаруасын реттей алмай, табандарынан тозды емес пе?

Нұржан Көкеев: Иә, солай. Екі ауылдың халқы әуре-сарсаңға түскені шындық. Дегенмен мына нәрсені нақтылап алу керек. Бағыс ауылының тұрғындары тұрғылықты мекен-жайы бойынша Ақжар ауылдық округінде тіркеуде тұр. Тек өздерінің үйін өз аттарына рәсімдеуге ауыл орналасқан жердің Қазақстан картасына енбеуі басты кілтипан саналды. Енді біртіндеп екі ауылдың халқы жерінің, үйінің құжатын рәсімдеуге кіріседі.

Бұрын Бағыс ауылы Өзбекстанның территориясы болып саналғандықтан да, ауыл тұрғындары үй салғанымен, құжатын рәсімдей алмай әуреленді. Демаркация жұмыстары жүргізіліп бітті. Енді емін-еркін үйінің, жерінің құжаттарын толығымен рәсімдей алады.

Jas qazaq: Хиебон деген ауылдың атауы да өзгеретін шығар енді Қазақстан картасына енгізілген соң?

Нұржан Көкеев: Әрине, негізі Хиебон деген ауылдың аты кезінде Өзбекстанға қараған кезде берілген. Хиебон Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округіне қарайды. Хиебонда 23 отбасы тұрады, бұрынғы Хиебонның атауы бүгінде Ақниет деп аталады. Бағыс ауылында 224 отбасы тұрады.

Jas qazaq: Үкімет басшысының бекіткен қаулысында жазылғандай, 795,62 гектар жер Қазақстанға қарайтын болды. Ауыл шаруашылығы мақсатына пайдаланатын суармалы ма, жайылымдық па, жоқ, әлде шабындық жер ме?

Нұржан Көкеев: Бұл – екі ауылдың да территориясын қосып есептегендегі жер. 750 гектары Бағыс ауылына тиесілі, 45,62 гектар Хиебонға қарайды. Бағыс ауылына қарайтын жердің 112 гектары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, басқа да мақсаттарға пайдалануға бөлінген жер.

Jas qazaq: Бағыстықтар Нұр-Сұлтан қаласындағы тиісті ведомстволарға хат жазып, өздерінің мәселесін бірнеше рет көтерді. Ақыры дегендеріне жетіп, қуанышты хабарға кенеліп отыр. Шаруа шешілді, жалпы екі ауылдың әлеуметтік жағдайы қалай?

Нұржан Көкеев: Сарығаш аудандық әкімдігі бұл ауылдарды Қазақстан картасына енбей қалды деп сыртқа тепкен емес. Бағыс ауылындағы көшелердің барлығы да тақтайдай тегіс. Асфальт төселіп, шұрық-тесік жолдары жөнделді. Көгілдір отын – газ жеткізу құбыры тартылып бітті. Үйді-үйге кіріп те тұр. Қазығұрттың Қақпақ елді мекеніндегі автоматты газ тарату стансасы іске қосылса, Қазығұрт ауданының бірнеше ауылына қоса, Бағысқа да газ келеді. 310 балаға арналған мектеп құрылысы басталады. Жобалық-сметалық құны – 1 миллиард 300 миллион теңге. Жаңа мектеп салынатын жер бөлініп берілді.

Jas qazaq: Осы жылы сәуірдің соңында Қырғызстанның Тәжікстанмен шекаралас Баткен облысында болған жанжал бірнеше адамның өмірін қиды. Шекаралық аймақ майдан қыл суырғандай самдағайлық танытпаса, дау-жанжал жиі тұтанады ғой өзі. Өзбек ағайындарымызбен арада өкпеге ұластыратын оқиғалар болмайтын шығар?

Нұржан Көкеев: Ондай оқшау оқиғалардан Алла сақтасын. Қазақ пен өзбек бауырлас ағайын есебінде, ежелден қоңсылас көрші ретінде де ынтымағы жарасып, береке-бірлігі де молайып, жарасты өмір сүріп келеді. Ондай шетін жайттар болған емес. Жер бөлісу мәселесінде екі елдің басшылары өзара ынтымақтасып, екі тарапқа да тиімді жолмен шешіліп келді.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Қуаныш Көшек

03 желтоқсан, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
03 желтоқсан, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
03 желтоқсан, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
03 желтоқсан, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды