jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ми «көші»

30 сәуiр, 10:51
470

Ми «көші»

Ағылшынның «brain drain» дейтін сөзі бар. Қазақшаласақ, құлаққа тосындау «ми көші» болып шығады. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң оқығаны мен тоқығаны көп мықты мамандар жайлы әрі жалақысы мол жұмыс іздеп, жаппай Американың солтүстігіне бет алады. Сол кезде білімді мен біліктінің елден кетуін осы екі сөзбен түйіндеген деседі.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген ғалым мен өнертапқыштың сыртқа ағылғаны мәлім. Тек олар ғана емес, болашағынан үміт күттіретін жастарды да мұхиттың арғы жағына тартуға тырысты. Қайбір жылы бір топ журналист Нью-Йоркте болғанымызда аудармашымыз еңселі бір ғимаратты көрсетті. Ол жерде ТМД-дан келген өрендер оқиды екен. Бай-бағланның еркелері емес. Физика, математика, химияда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар боп жүргендер. Жалпы Американың заманауи технология, ғарыш, жасанды зерде (интеллект) бойынша ғаламат жетістікке жетуі де әлемнің түкпір-түкпірінен келген сол ақыл-ой алыптарының сүбелі үлесінен.

Бұл жетіде бізде де осы «ми көші» өзекті әңгімеге айналды. Мәжіліс депутаты Александр Милютин былтыр шетке кеткен техникалық маманның алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 есеге көбейгенін хабарлады. Бұлар жайлы тұрмысты қалайды. Жоғары білім алу үшін қыр асып жатқандардың да қарасы мол. Милютиннің мәліметіне жүгінсек, сыртта оқып жүрген жерлестеріміздің 60 пайызы – Ресейде. Олардың арасында сол елде қалып қоятындар да біршама. Депутаттың айтып отырғаны тосын жаңалық емес. Бұл үрдіс біраздан бері жалғасып келеді. Пандемия мен күнкөріс тауқыметі тағы бір түйткілді көлденең тартып отыр.

Жастар сапалы білім іздейді. Әйтпесе, бізде университет пен академияның түр-түрі бар. Ақылы бөлімде оқитындар жылына орта есеппен 1 млн теңге төлейді. Бірақ табақтай дипломымен аяқ-қолын жерге тигізбей әкететін мамандық иесі болып шықпайды.

Рас, терең білім алуға, күрделі ғылыми-зерттеу жүргізуге Назарбаев Университетінің әлеуеті жеткілікті. Алматыдағы физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын мектептің де мүмкіндігі мол. Әлгі Америкадағыдай елдің түкпір-түкпірінен дарынды жеткіншектерді жинап, жан-жақтан білікті ұстаздарды тартса, болашақ интеллектуалдарды дайындайтын орталыққа айналар еді. Алайда мұндай оқу орындары бірен-саран. Ал жоспар бойынша, бірқатар университеттер ғылыми-зерттеу орталықтарына айналып, тың жаңалықтарды өндіріске әкелуі тиіс еді. Ұлттық Академияға қарасты институттар мен орталықтарға да экономиканың сұранысына сай жұмыс істеу талабы қойылған болатын. Өкінішке қарай, ілім мен өндірістің арасы әлі ұзақ.

Бұған аталған салаға мықтап бет бұрмау, білім мен ғылым ордаларынан нақты нәтижені талап етпеу себеп болса керек. Оның үстіне, соңғы отыз жылда білім және ғылым министрлігіне басшы боп кімдердің келгенін ұмытып та қалдық. Ал келешекке көз салғандар өнер-білімге ұмтылуда. Алысқа бармай-ақ қояйық. Біздің сарапшылар «әлі социализмде жүр» деп менсінбеген Беларусь бүгінде танымал IT-мамандарымен әлемге мәшһүр. Еуроодақтағы Прибалтика елдері мен Польшаның оларға қайта-қайта «құда түсіп» жатқаны содан шығар. Ал құзырлы министрлік «Бізде IT-мамандары тапшы» дейді.

Ми «көші»

Срайыл Смайыл

03 желтоқсан, 13:02
Жеткіншектер жеңіспен оралды
03 желтоқсан, 12:56
Даланың баласы, Таудың жиені болып өстім
03 желтоқсан, 12:49
Құсбегілік – табыс көзі емес, ұлттық өнер!
03 желтоқсан, 12:38
Ғаламаттың ғажап күйі
19 қараша, 11:32
Таскөмірдің жыры
19 қараша, 11:29
Көмір. Алыпсатардың араны ашылған кез
12 қараша, 14:19
Вирус не жұғады, не жұқпайды
12 қараша, 14:14
Саны көп субсидияны қысқартпай, іс оңға баспайды